Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІЛМЕЙМІН ДЕГЕН СӨЗ – ІЛІМНІҢ ЖАРТЫСЫ

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы muftyat.kz 09.04.2024 1592 0 пікір
БІЛМЕЙМІН ДЕГЕН СӨЗ – ІЛІМНІҢ ЖАРТЫСЫ

Әлеуметтік желі, ютуб сияқты интернет платформаларының дамуы қоғамның діни сауаттылығын ақсаңдатып отыр. Діни сұрақтарға ат үсті қарауға болмайды, себебі бұл өмірдің берер есебі бар. Сондықтан білім алушы да, беруші де белгілі талаптарға сай болу керек.

Діни ілімді үйренуші – фақиһ болу үшін тек Алла Тағаланың разылығын көздеп, хақиқатты басшылыққа алып, әдепті сақтап, білімді ғалымдардан алу керек. Құран Кәрімдегі «Мүжәдәлә» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі» - деген.  Ғалымдар Алла алдында дәрежелері жоғары болғандықтан, білім үйренуші әдептен аспауы керек.

Әлеуметтік желі – қазіргі уақытта халықтың негізгі білім алу платформасы болғандықтан, кез-келген мәселенің пәтуасы шешіле бермейді. Әр жағдай, жан-жақты қарастырылуы керек. Сондықтан ислам шариғатын үйретуші әрбірімізің жадымыздан төмендегі ережені естен шығармасақ деген үндеу айтамыз:

Әбу Жүсіп (Юсуф) қазы болған кезде, оған бір топ адам сұрақ қояды, бірақ Әбу Жүсіп ол сұраққа жауап бере алмайтынын айтады. Сұрақ қойған адамдар: –  Сіз күн сайын мемлекеттік қазынадан жалақы ала тұра, қалайша біздің сұрағымызға «білмеймін» деп жауап бересіз,  – деп наразы болады. Сонда Әбу Жүсіп (Алла оны рахымына алсын) оларға: – Мен білгенім үшін жалақы аламын. Егер мен білмейтін нәрселерім үшін жалақы алар болсам, әлемдегі бар байлық жетпес еді, – деген екен.

Бір ғалым мінберде отырғанда біреулер оған сұрақ қояды, ол «жауабын білмеймін» деп жауап береді. Сұрақ қойғандар білімсіздерге (надандарға) мінберде орын жоқ екенін айтқан кезде, ол: – мен биік мінберде өз біліміме сәйкес отырмын. Егер мен білмейтін нәрселеріме сай отырсам, онда мен аспанда отырар едім – деп, жауап қайтарыпты. (Рухул-Байан 1/102)

Ғибрат:

Баяғыда ұстазым Мақсым баба Әбул Ас әт-Туркістани (Алла Тағала ол кісіні рақымына алсын) сұрақ қойылған кезде: «Білсек айтайық білмесек кітап қарайық» деп, айтатын еді. Ұстазымның осы хикмет сөзі маған өмірлік сабақ болып қалды. Біз кейбір нәрселерді білмеуіміз әбден мүмкін, бәрін білу мүмкін емес. Сондықтан, ұстаздарымыз үйреткендей сұрақ қойылған кезде ұялмай, қысылмай «білгенімді айтайын, білмегенімді кітаптан іздеп көрейін» немесе «білетіндерден сұрайын» деген дұрыс. Тіпті болмаса, сұраған адамды жауап бере алатын кісіге жіберу керек.

Бұл – өмірін білімге арнаған фақиһтарға емес, қарапайым адамдарға да қатысты үлкен тәлім.

Абдуррахман ибн Әбу Лейла: «Мен бұл жиналыста Алла Елшісінің (саллаллааһу ъаләйһи уә сәлләм) жүз жиырма сахабасын көрдім. Егер олардың біреуінен қандай да бір хадис туралы немесе пәтуа беруді сұраса, онда олар сұраушыны басқа сахабаға жіберетін, ал ол кісі үшінші сахабаға жіберетін. Осылай айналып қайта бірінші сұрақ қойған сахабаға жетпейінше жалғаса беретін» –  деген.

Имам Шағби (Алла оны рахымына алсын) былай дейді: ««Білмеймін» деп айту – білімнің жартысы. Нәпсі үшін білмейтіндігін мойындау – қиынның қиыны, сондықтан мұндай әрекет үшін міндетті түрде сауап жазылады».

Кейде адам өзі өте жақсы білетін мәселеде де қателесуі мүмкін. Бізге сұрақпен келген кісіні енді ешқашан көрмеуіміз мүмкін, демек қате шығарылған пәтуаны түзету мүмкін болмай қалу қаупі бар. Сондықтан қадірменді бауырлар, пәтуа беру мәселесінде өте мұқият болуымыз ләзім.

 

Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру