Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИГІ АМАЛДЫ ИХСАН ДӘРЕЖЕСІНДЕ ОРЫНДАУ – ПАРЫЗ

Естай Айтуғанұлы muftyat.kz 11.12.2023 2233 0 пікір
ИГІ АМАЛДЫ ИХСАН ДӘРЕЖЕСІНДЕ ОРЫНДАУ – ПАРЫЗ

Мұсылман баласы мұрат еткен екі түрлі бақыт бар десек, оның бірі – осы дүниеде, екіншісі – мәңгілік жұмақ мекенінде. Соңы жоқ жұмақтағы өмірде адам баласы пәни жалғанда жасаған жақсы амалдарына сай сыйын алады, әр адам түрлі деңгейде жәннат бақытымен қауышады. Ал Құдай Тағаланың құрметіне бөленіп, сыйын көру үшін осы дүниедегі ісіміз әсем, мінезіміз көркем болуы тиіс.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Уақиға» сүресінде қиямет күні саналы адамдардың үш топқа бөлінетінін айта келе: «Асхабул-мәймәнә» (амал дәптерін оң жақтан алатын бақытты жандар), олар қандай бақытты жандар десеңші! «Асхабул-мәшәмә» (амал дәптерін сол жақтан алатын бейбақтар), олар неткен бейбақ десеңші! (Иманда, ізгілікте, Алланың дініне қызметте) оқ бойы озық болғандар! Олар (Алланың рақымына бөленуде) ең алда болады!» деп баяндайды. Яғни мұсылман баласы жақсылық жасауға бей-жай қарамай, оны ең жоғары дәрежеде атқаруы тиіс. Сонда ол басқалардан оқ бойы озық, көптің ішінен дара көрініп тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ақиқатында, Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды (ихсанды) парыз етті» деген екен. Яғни, бұл жердегі «жетік жасау» сөзі ихсан сөзінің баламасы іспетті. Алла Тағаланың әмірін толық орындаудың үш тірегі бар десек, олар – иман, ислам және ихсан. Иман мен ислам көбімізге түсінікті. Ал ихсан – әңгімемізге арқау болып отырған әрбір істі жетік атқаруға тікелей қатысты. Баршамызға кеңінен танымал мәшһүр хадисте Жәбірейіл періштенің (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ихсан деген не?» деп сұрайтыны бар. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, Оны көре алмасаң да, Ол сені көріп тұрады» деп жауап берген. Демек әрбір істі атқаруда «Алла көріп тұр» деген ойдың болуы шынайылығымыздың өлшемі болмақ. Адам өзін жақсы көретін жақынының, досының, жұбайының көңілінен шығып, жүрегінен орын табу үшін барын салатыны белгілі. Тамақ әзірлесе, дәмді қылып, сыйлық жасаса, қымбатын, әсемін сыйға тартуға тырысары анық. Сол секілді біз де бәрімізді жақсы көретін Раббымыздың ұдайы бақылап, көріп, естіп тұратынын ескеріп, қандай да бір істі, яғни арамнан басқа дүниелік не ақыреттік жақсы амалдарды көркем түрде атқарып, Алла Тағаланың разылығына бөленуді мақсат етуге тиіспіз.

Құран Кәрімде: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде және дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық жасағандай сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүлік жасама! Алла бұзақыларды жақсы көрмейді!» делінген. Құс үшін қос қанаты қандай маңызды болса, мұсылман баласы үшін екі дүниенің де амалдары сондай маңызды. Бірін ұмытып, екіншісімен айналысқан адамның мұратына жетуі екіталай. Екі дүние сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткендей мүмин адам әрдайым орта жолды ұстанғаны абзал. Дүниенің соңына түсіп, ақыретті ұмытуға, ақыретті ғана ойлап, адамдардың, қоғамның алдындағы ақысына мән бермей жүруге де әсте болмайды.

Жоғарыда «Уақиға» сүресінің аяттарына тоқталдық. Осы орайда оқ бойы озық болып, ең алда болу үшін не істеу керек деген сұрақ туары сөзсіз. Бұл ретте ең қажетті деген үш нәрсені есте сақтау керек деп есептейміз. Біріншіден, бұған дейін айтқанымыздай әрбір іс-әрекетімізге тек бір Алланың разылығын көздейтін шынайылық керек. Шынайы ниет аз амалдың сауабын көбейтіп, адамның ықыласын арттырады. Амал иесін риядан қорғап, қияметке сау жүрекпен баруға көмектеседі. Ауызбен айтуға оңай болғанмен, әр істі игі ниетпен ұдайы атқару, орындау оңай емес. Өйткені өмір сынақ алаңы болғандықтан, жақсылық жасап жүрген адам да сыналады. Адамдардың сөздері, мінездері, теріс іс-әрекеттері көңілге, тіпті жүйкеге тиюі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда «Мен бұл істі Алла разылығы үшін жасап жүрмін бе?» деп жүрегімізге бір үңіліп, айнаға бір қарап алғанымыз жөн. Себебі Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділік жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан сырт айнал» деп бұйырған. 

Екіншіден, ықылас жақсы амалдың ғұмырын ұзақ етеді. Адамның жүрегі құбылып тұратындықтан, белгілі бір жақсы амалға ден қойған соң ықыласын кемітіп алмағаны жөн. Мұсылманның ниетінің шынайылығы ықыласынан көрініп тұрады. Үшіншіден, шынайы ниет пен ықылас тұрақтылыққа жетелейді. Ал амалдағы тұрақтылық – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мақтағандай игі істердің үздіксіз жалғасуы. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдардың ең жақсысы – аз да болса тұрақты орындалғаны» дейді. Яғни, күнделікті жасайтын жақсы істеріңіз секілді аптасына бір, айына бір немесе жылына бір атқаратын ізгі амалдарыңыздың болуына мән беріңіз. Амалдағы тұрақтылық – жолға қойылған бизнес секілді. Пассивті табыс көзі бар адам қандай да бір қиын жағдайға ұшырап немесе ауырып қалса да, қаражаты айналып тұратыны сияқты жақсы амалдарын, қосымша ғибадат-құлшылықтарын бір жолға қойып алған адам, жасауға ыңғайы келмей жатса да, тұрақты болғанының арқасында мол сауапқа кенеле бермек.

Сондай-ақ әр ісіңізді әсемдеудің тағы бір жолы – мінездің көркем болуы. Себебі хадистерде қиямет күні таразыда көркем мінезден ауыр тартатын ешқандай амал болмайтыны айтылған. Қазіргі таңда қай саланы алып қарасақ та, жұмысқа жаңа қызмектер қабылдарда оның жақсы маман болып қана қоймай, жақсы адам болуын да іштей тілейтініміз анық. Өйткені тұла бойында жақсылық бар адам ғана жан-жағына жақсылықты жая алады. Әңгімеміздің түйінін сахаба Әли ибн Әбу Тәліптің (оған Алла разы болсын) сөзімен аяқтауды жөн көрдік: «Алла Тағала алдында адамның жақсысы бол, нәпсі үшін адамның жаманы бол, адамдар үшін қатардағы адамның бірі бол».

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру