Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕҢ ҚАЙЫРЛЫ ІС – БІЛІМ АЛУ

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ muftyat.kz 06.09.2023 2567 0 пікір
ЕҢ ҚАЙЫРЛЫ ІС – БІЛІМ АЛУ

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек» деген екен. Расында адамды өзгелерден артық ететін баға жетпес құндылық – білім. Өйткені адам мен халықтың қадірі білім арқылы өлшенеді. Білімді адам Алладан қорқады, жамандық атаулыдан алыс болады, нәтижесінде тақуалыққа қол жеткізеді. Ал білімсіз адам арам мен адалды, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра алмайтын хәлге жетеді, нәтижесінде күнәлі істерге ұрыншақ келеді. Оның ақыр-аяғы жамандыққа душар етеді.

Асыл дініміз білім алуды жоғары орынға қояды. Сондықтан білім алушының жәннатқа барар жолы жеңілдейді. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа барар жолын жеңілдетеді» деген. Білім алу, сауатты болу шариғат талабы болғандықтан әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге білім алу – парыз, яғни міндет.

Пайғамбарлар да ілім жолын таңдаған. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда білім іздеген Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) туралы: «Мұса оған: «Өзіңе үйретілген жақсылыққа, тура жолға бастайтын ілім мен даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерсем бола ма?» деп өтініш білдірді» деп баяндайды. Осы аятта баяндалғандай Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Қызырдан: «Іліміңнен өміріме жол көрсететін нәрселерді алуым үшін саған серік болуыма рұқсат бересің бе?» деп сұрайды. Пайғамбарлар да білім алу үшін осылай рұқсат сұраған.    

Ғалымдарымыз: «Адамның айналысатын істерінің ішіндегі ең қайырлысы – білім алу. Әрине, егер оның ниеті дұрыс болса. Білімді көркем етіп көрсетіңдер, білім арқылы көркем болып көрінуге тырыспаңдар» деген екен. Иә, білім – игі амалдардың ішіндегі ең қайырлысы. Білім мен хикметті үйренуге ең бірінші мұсылмандар лайық. Мұны естен шығармаған абзал.

Әрине барлық адамның бірдей ғалым, бірдей оқымысты болуы мүмкін емес. Алайда мұсылман адам өзі білмеген нәрсеге тап келсе міндетті түрде білетіндерден сұрауы тиіс. Білмеген айып емес, білгісі келмеген айып. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 7-аят) деп әмір еткен. Өкінішке қарай бүгінгі таңда көптеген жас буын өкілдері дұрыс білім алмағандықтан діни ұстаным мәселесінде түрлі көзқарастарын білдіріп, қоғамға жат қылық көрсетуде. Дұрыс білім алған адам хикмет пен әдеп жолын ұстанады. Осы нәрсені біздің жастарымыз білсе екен дейміз.

Білім алудың негізгі жолы – көп кітап оқу. Абай Құнанбайұлынан: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген нақыл қалған. Яғни, хакім Абай атамыздың өзі аманаттағанындай рухани азықтың бастау бұлағы болып табылатын кітаптың адам өміріндегі алар орны бөлек. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Қалам әрі оның жазған нәрселеріне серт» («Қалам» сүресі, 1-аят) деп қаламмен ант етеді. Алла Тағала қандай да бір затпен ант ету арқылы сол заттың маңыздылығын көрсетеді. Ендеше, пайдалы дүниелерді жазу мен оны оқудың адам баласының екі дүниесіне тигізетін пайдасы өте мол. Кітап оқу адамның ақылы мен ой-өрісін дамытып, білімін арттырып, рухани кемелденуіне ықпал етеді.

Мұсылман адам таным-парасатын арттырып, тіршілігі мен құлшылығына, осы және мәңгі өміріне пайдалы болған өзге де діни және заманауи кітаптарды оқып тұруы қажет. Кітап оқудың артықшылығы жайлы ғалымдардан жеткен сөздер өте көп. Мысалы имам Бұхариден (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Адамның жаттау қабілетін арттыратын не нәрсе?» – деп сұрағанда, ол: «Кітапқа көп үңілу» деп жауап берген екен. Хасан Лулуи (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мен қырық жыл бойы кеудеме кітап қойып жатып ұйықтап, кеудеме кітап қойған күйде ояндым», – деп айтқан. Бұл сөздер ғалымның әркез кітап оқумен айналысқандығын, қолынан кітабы түспегендігіне дәлел. Омар ибн Абдуләзиз (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мен қабірден артық адамға ескертуші, кітаптан артық адамға ләззат сыйлайтын затты білмеймін», – деген екен. Ұлы мақсаттарға қол жеткізуді қалап, пайдалы білім алып, өзгелерге де пайда тигізуді көздеген адам күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды əдетке айналдырғаны абзал.

Заманында бір әмірші өзіне бағынышты елдің бүкіл білімдарларын жинап алып: «Дүниеде ең зор, керекті, барлық нәрседен хабардар ететін не бар?» тосын сұрақ қойыпты. Лезде біреулер «Дүниедегі ең зор нәрсе – қылыш» десе, екінші біреулер «Ең керектісі – нан, одан ұлық нәрсе жоқ» деп жамырасқан жұртшылық біраз жерге барыпты. Айтылған жауаптардың ешқайсысына көңілі толмаған әмірші: «Үш күн мұрсат беремін, маған тура жауабын тауып келіңдер», – деп үкім етеді.

Уәзірлер дереу бас қосып, ақылдаса бастайды. Сонда біреуі «көрші елде бір ғұлама бар, анық жауабын бір білсе, сол білер» деп қалады. Тығырыққа тіреліп тұрғандар бұған бірден келісе кетеді. Шұғыл хабаршы аттандырып, әлгі ғұламаны сарайға алдырады. «Дүниеде ең керекті нәрсе не?» – деп әмірші сұрағын қайталайды. «Кітап!» – дейді ғұлама нық сеніммен. «Кітап дейсің бе?» – деп таңданыпты әмірші. «Иә, дүниеде ең керекті нәрсе – кітап» деп тағы қайталайды ғұлама. «Адам баласы үшін өмірде екі нәрсе қастерлі әрі қажет. Олар – нан мен кітап. Нанды қалай құрметтесек, кітап та соншалықты құрметке лайық. Нан – ризық, несібе, дастарқанымыздың көркі, өмірдің берекесі болса, кітап – өткенімізді баяндайтын тарих, бүгінімізді көрсететін айна, ертеңгі күнімізді айтып беретін мұғжиза. Пәктену, иманның бүтіндігі, рухани кемелділік те кітаптан. Кітап – адамның кеңесшісі, өмір сапарындағы серігі. «Кітап көрмеген – надан, кітап кірмеген үй – тас қараңғы зындан» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған» деп сөзін түйіндейді.

Ғұламаның сөзін ешкім бөлмейді, бірақ бәріне оның айтқаны ұнап бара жатқан сияқты. Ол тоқтағанда, уәзірлер: «Әміршім, сұрағыңыздың дұрыс жауабы осы болар?» деп гу ете қалады. «Сеніңше, мұхиттар мен құрлықтар, жер бетіндегі ұлт пен ұлыстар туралы да хабар беретін осы кітап па?» деп әмірші сынай қарайды. «Әлбетте, тақсыр. Төрткүл дүниені көз алдыңызға келтіріп қоя алатын да, өмірі көрмеген адамдармен һәм ел-жұртпен таныстыратын да осы кітап. Мысалға, мені алып қараңыз. Мен туып-өскен ауылымнан көп ұзап шыққан адам емеспін. Бірақ осы кітаптың арқасында дүниенің төрт бұрышын талай шарладым. Қасиетті Құран Кәрім мен Хадис Шәріфтер де кітап екенін айтпасам да болады» дейді ғұлама.

Осы сөзден соң әмірші жадырап сала береді. Оның «Сарайымда қал, кеңесшім бол» дегеніне көнбеген ғұлама әмірші берген алтындарға жаңа кітаптар сатып алып, еліне оралыпты. Бұл оқиға бізге көп ой салуда.

Дін ілімі ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған мирас болғандықтан мұсылман баласы білім алуға, кітап оқуға, оны ықыласпен көңілге тоқуға ден қоюы тиіс. Білім алған адам мол олжаға кенелген болып саналады. Кейбір адамдар жетістікті атақ-абыроймен, байлықпен шатастырып жатады. Асылында нағыз олжа, нағыз жетістік – білімді болу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадистерінің бірінде: «Расында ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динар да, дирһам да (алтын, күміс ақша) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұраға қалдырады. Кімде-кім оны алса, мол олжа алғаны» деген.

 

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру