Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮМІНДЕРГЕ КЕШІРІМ ЖАСАЛҒАН ТҮН

Естай Айтуғанұлы muftyat.kz 17.02.2023 7864 0 пікір
МҮМІНДЕРГЕ КЕШІРІМ ЖАСАЛҒАН ТҮН

Хижра күнтізбесі бойынша 17 ақпаннан 18 ақпанға қараған түн – Ережеп айындағы қасиетті Миғраж түні.

Барша мұсылман Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түн Миғраж түні екенін жақсы біледі. Тарихта дәл осы түнде болған екі ғажайып оқиға Исра және Миғраж деп аталып, бірі Құран аяттары, ал екіншісі мәшһүр хадистермен қуатталған. Яғни бұл таңғажайып екі оқиғаға сенбеу мұсылман баласы үшін үлкен айып саналады.

Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрак еткен Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Күмәнсіз, Ол естуші, білуші» - делінген. Исра (түнгі сапар) деп екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы әл-Ақса мешітіне жасаған сапарын айтса, одан Алла Тағаланың құдіретімен жеті қат көкке көтерілуін Миғраж деп атайды.

Бұл түн хижреттен он сегіз ай бұрын болса, миғраж кеші бір жағынан Хақ Тағаланың құлы әрі соңғы елшісі Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбатуы саналады. Өйткені дәл сол жылы Алла елшісінің жұбайы Хадиша анамыз (Алла оған разы болсын) бен көкесі Әбу Тәліп бақилыққа аттанып, Тайып сапарынан ауыр соққы алған-ды...

Миғражға көтерілген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті қат көктің әр қабатында өзіне дейінгі барлық елші-пайғамбарлармен жолықты, жәннат пен тозақты, үнемі құлшылықта, бірі тек қиямда, бірі руқуғта тұратын, енді бірі әрдайым тек сәждеде жататын періштелерді көрді. Осы кеште қос дүниенің құрметтісі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 3 сый берілді. Олар: бес уақыт намаздың парыз болуы, «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты және үмметінен Аллаға серік қоспаған, үлкен күнә жасамағандарға кешірім жасалды.

Жерде емес, көкте парыз етілген намаз ең абзал құлшылық болды, Мекке немесе Мәдина жерінде емес, ең жоғарыда уахи етілген «Әмәнәр-расулу» аяттары «Бақара» сүресінің дәрежесін одан сайын көтерді, ал кешірім жасау адамдар арасындағы ең ізгі амалға айналды. Дана халқымыз «Кешіре білу – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» дейді. Алла Тағаланың 99 көркем есімінің бірі – Ғаффар (өте кешірімді) болса, мұсылман баласы мінезінің көркем болуын қаласа, осы сипатты бойына сіңіруі тиіс. Ешкімді ренжітпеу және ренжіткенді кешіру – ердің ісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұмақтық адамды көрсетейін бе дегенде, сахабалар оның ел қатарлы құлшылық қылудан басқа қосымша ғибадаттары жоқ екеніне, бірақ сол адамның ешкімге кек сақтап, ренжімейтінін, ренжіткенді Алла ризалығы үшін кешіретініне көз жеткізген еді. 

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешірер болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсын кешіреді» деп кешірімді болу мұсылманның дәрежесінің көтеріліп, өзінің де күнәларының кешірілуіне себеп болатынын жеткізген. Тағы бір хадисте ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Кімнің бойында мынадай үш қасиет болса, Алла Тағала оның есебін жеңіл етіп, мейірімімен жәннатқа кіргізеді» дейді. Сахабалары «ол қандай қасиет?» деп сұрағанда: «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең, жәннатқа кіресің» деп жауап берген екен.

Егер «Миғраж түнінде қандай амал істеу керек?» деген сұрақ қойылса, оған Алла Тағаланың меңзеген, көкте ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған сыйын жауап ретінде ұсынар едік. Яғни, кімде-кім осы түнді сауапқа толы өткізгісі келсе, шамасы жеткенше намаз оқысын, «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын оқып, мағынасына көңіл жүгіртсін. Сондай-ақ Алла Тағаладан өзіне және барша мұсылман мен ата-анасына, отбасы мен ағайын-туысына кешірім тілеп, дұға жасасын. Өйткені миғраж – Алла Тағаланың мүмін құлдарына кешірім жасаған түн.

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ

Қарағанды облысының бас имамы 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру