Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ҚАЖЫ» ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ?

Төлеби ОСПАН muftyat.kz 14.07.2022 2606 0 пікір
«ҚАЖЫ» ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ?

Ислам дінінің бес негізінің бірі – қажылық жасау. Бұл құлшылық қаражаты мен денсаулығы көтеретін мұсылманға парыз. Құран Кәрімде: «Алла разылығы үшін Қағбаны зират етіп, (қажылық қылу) жолына (қаражаты мен денсаулығы) шамасы келгендерге парыз...[1]»,-деген аят бар.

Қажылық дегенде көз алдымызға әдетте әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жүз мыңдаған мұсылмандар және көне үй – Қағба мен зәм-зәм суы елестейді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...(қабыл болған) қажылық өзінен алдыңғы күнәларды жоқ етеді...[2]» деп айтқанындай, бұл сапар адам өмірін екі кезеңге бөліп жібереді. Қажылыққа дейінгі сіз бен қажылықтан кейінгі қалпыңыз. Осы өзгеріс –қажылық мұраттарының бірі.

Әр нәрсе сыртқы пішіннен және көпке беймәлім ішкі құрылысынан тұратыны мәлім. Қаражаттың жетуі, ұзақ сапарға денсаулықтың жарамдылығы қажылықтың құпия сырларына қол жеткізуге ықпал ететін сыртқы көрінісі. Ихрамға оранып қажылыққа ниет етіп: «Уа, Алла! Қажылыққа шақыруыңа ләббәй, құп!» деп аттандым»,-дейді. Бұл дайындық емес, алғашқы қадам. Дайындық бұдан бірер жыл алдын басталады. Дайындықтың соңы жолға шықпас бұрын ағайын-туыс, көрші-қолаң және дос-жараннан көңілдерін ауыртқан болса кешірім сұрау.

Ұзақ жол қажыларды Мекке шаһарына алып келеді. Қалаға түнде кірсе, таңертеңімен, күндіз кірсе, сол мезетте Қағбаны тауап етуге асығады. Қағба – жер бетінде ең алғаш тұрғызылған мешіт. Оны көру және тауап ету мұсылманның арманы. Құран түскен қалада, Пайғамбар кіндік қаны тамған құт мекенде, сахабалар табан ізі қалған шаһарда ең ізгі дұғаларын тілейді. Әрбір адам жүрегіндегі ең асыл армандарын осынау қасиетті мешітте қол жайып сұрайды. Сахаба Ибн Омар (р.а.): Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Қағбаны тауап етіп жүріп: «Сен неткен әдемісің, қандай тамаша едің, сенің қадір-қасиетің ұлық! Алайда, Мұхаммедтің жаны иелігінде болғанмен ант етемін, Алла құзырында мұсылманның қадір-қасиеті, оның мал-мүлкі мен жаны сенен әлдеқайда биік» дегенін естідім[3]»,-дейді. Мұсылман баласы үшін Қағбаның қаншалықты қадірлі екені айтпаса да түсінікті. Алайда, мұсылманның қадірі одан әлденеше жоғары. Өйткені, Қағба – адам қолымен тұрғызылған ғимарат. Ал, адам – Алла Тағаланың жаратқан ғажайып туындысы. Сондықтан, адамның көңілін жығу – Қағбаны қиратқаннан да ауыр күнә. Қажылар тауап етіп жүріп осы құндылықтарды өң бойына құяды.

Кезінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Бұл қандай қала? Бұл қайсы ай? Бұл қай жер?,-деп сұрайды. Сахабалар Алла елшісі не айтпақ ойы бар екен деп: Бұл – Мекке қаласы. Бұл – қажылық айы. Бұл – Арафа жазығы», - деп айтудан тосылып қалады. Сонда: «Бұл қасиетті Мекке емес пе?» дегенде барлығы: «Иә, солай», - десті.

– Қастерлі қажылық айы емес пе?

– Иә, солай

– Арафат жазығы емес пе?

– «Иә, солай» деді жұрт. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Осы қасиетті қала сияқты, осы қасиетті айдай, осы құтты мекен Арафадай сендердің бір-біріңе мал-дүниең, ар-намысың және жаның қасиетті (малына, ар-намысына және өміріне қол сұғуға қатаң тиым салынады) деп түйіндеген болатын. Міне, Құран мен пайғамбардың осы өсиетін қажылар бар тұла бойымен сезініп, санасымен түсінеді.

Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Сафа мен Мәруә жоталары Алланың адам баласына көрсететін ғажайып белгілерінің бірі. Кім де кім қажылық немесе ұмра жасайтын болса, осы екі жотаны тауап етуде әбестік жоқ...[4]»,-деген аят бар. Сафа мен Мәруа жотасы арасында жүру тарихы Ажар анамыздан бастау алады. Ажар елсіз және сусыз иен далада құндақтағы баласымен неліктен жалғыз қалды? Себебі, күйеуіне сенді. Өмірлік жолдасына арқа сүйеп, көз алдында көріп тұрған қиыншылықта күйеуі оны тектен тек тастамайтынын білді. Ибраһим пайғамбар (оған Алла разы болсын) әйелі мен ұлына қамқор болатынын білді. Міне, сондықтан күйеуінің айтқанына көнді.

Үлкен жақсылықтар сынаққа қарсы тұра білетіндерге берілетіні анық. Аптап ыстықта құндақтағы нәресте қатты қиналды. Шөлдеп жылады. Ажар ана шырылдаған бөбегіне су іздеп аласұрды. Біресе анау жотаның, біресе мына жотаның басына жүгіріп есі шықты. Осы кезде Алланың әмірімен жерді зәм-зәм жарып шықты. Бұлақ екі жота ортасында жатқан сәби табанының астынан көрінді. Осылайша, ана мен бала елсіз жерде Жаратқанның ерекше қамқорлығының саясында тіршілігін бастады. Зәм-зәм суының төңірегіне ел қоныс тебе тастады. Шөлді кесіп өтетін саудагерлер керуені де осы жерге келетін болды. Әрбір қиыншылық артынан көптеген жақсылықтар бар дегені осы. Қажылар екі жота арасында сағи құлшылығын жасап, соңынан зәм-зәм суын ішкенде Ибраһим пайғамбардың, оның жұбайы Ажар мен перзенті Исмайылдың оқиғасынан ғибрат алады.

Демек, қажылықтағы әрбір құлшылықтың астарынан сабақ болар сыр, дәріс берер даналық көреміз. Нағыз қажы әрбір қажылықтың парызынан бастап сүннетіне дейінгі амалдардың сырын ұғынуға және сабақ алуға талпынады. Әйтпесе, қажылықтың тек сыртқы пішінін қайталап, ішкі сырынан хабарсыз қалған болады.

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

 

[1] Әли Имран сүресі, 97-аят

[2] Муслим

[3] Ибн Мажа

[4] Бақара сүресі, 158-аят

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру