Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЖЫЛЫҚТАҒЫ ҮЛКЕН СЫНАҚ

Қуаныш Наржанов muftyat.kz 05.07.2022 5857 0 пікір
ҚАЖЫЛЫҚТАҒЫ ҮЛКЕН СЫНАҚ

Қажылық – Ислам дiнi бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық, хаж жасау – мұсылманның бес парызының бірі. 

Қажылық сөздiкте - «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiрсе, шариғатта – арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зұлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну қажет.

Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана парызын өтей алады.

Қажылықтың парыздығы жайында қасиеттi  Құран Кәрімде Алла Тағала бірнеше аятта келтірген. «Әли Имран» сүресінің  97-аятында былай дейді:

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж.» [1]

Аяттың мағынасында айтылғандай Раббымыз ешкімнің құлшылығына, қажылығына мұқтаж емес. Керісінше күнәсі тау тасынан көп болған пенделердің мұқтаж болған қасиетті ғибадаты. Олай болса бұл ұлы іс тек қана Алла үшін дұрыс ниет, шынайы ықыласпен, үлкен дайындықпен кірісетін амал.

Басқа бір аятында Алла Тағала:

«Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда құлшылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ. Сондай-ақ қандай жақсылық жасасаңдар да Алла оны міндетті түрде біліп тұрады. (Өзгелерге мұқтаж болмас үшін) азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық тақуалық! Менен қорқып тақуалық шеңберінде әрекет етіңдер.»[2] дейді.

Қажылық барысында қажы бос істердің бәрін тастап, өзін көріп, бақылап тұрған Раббысының разы болатын қайырлы істерімен ғана айналысуы қажет. Кез келген адам жолға шығар алдында керек азығын алғанындай, бұл қасиетті сапардың ең негізгі азығы болған тақуалықты ала шығу керек.                                                                                                   

«Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туылғандай (күнәсіз)  оралады» дейді»[3], – деген.

«Бір умра (кіші қажылық) екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат»[4], – деген.

Жолдың алыстығына қарамастан әр қилы сынақтар мен қиыншылықтарды бастан кешіріп, жандарын түйіншекке түйіп,  айлап, жылдап жүріп, бір емес бірнеше қайта қасиетті жерді зиярат еткен ардақты қажылар жеткілікті. Олардың біреуі Құнанбай Өскенбайұлы. Ол заманында би, балуан, аға сұлтан болған. Оның мұсылманшылдығы мен қажылыққа ниеті туралы Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», – деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», – деп жазады.

1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. Құнанбай Өскенбайұлы қажылық сапарынан кейін, ел ісіне араласпай, қалған ғұмырын оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен өткізген.

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да – қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі. Бес жасында ауыл молдасынан сауат ашқан Шәкәрім араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген.

Шәкәрім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған. Қажылық сапарына бір жылдай уақыт кеткен.

Қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдадқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан атанып кетеді» дейді.

Қажылық – өте сауапты құлшылық әрі үлкен сынақтарға толы сапар. Әуежайға түнделетіп бару, ол жақтан ұшаққа отырып алты, жеті сағат ұшу, бұның барлығы алғашқы сынақтардың бастамасы болып келеді. Үлкен қажылыққа тек қана Қазақстан елінен ғана бармайды, сол құлшылықты орындау үшін жер бетінде қанша мұсылман мемлекеті болған болса, сол мемлекеттерге бөлінген квота арқылы мыңдаған мұсылман барады. Мекке мен Мәдина қаласына әр елден миллиондаған қажы бір күнде келіп, белгілі күндері барлығы біріге отырып құлшылық жасайды. Бұл дегеніміз көлік кептелісі, тіпті адамдардың өзара кептелісіне алып барады. Арафат тауында және Жамаратта яғни шайтанға тас ату күндерінде миллиондаған қажыларымыздың топтасып жүріп бір құлшылықты орындауы өте үлкен күшті талап ететін сынақтарға толы сапар болады. Ол жақтың ауа райының ыстықтығы ол да жеке дара сынақ болып келеді. Қорыта келгенде әрбір құлшылықтың сынағы мен қиыншылығы болады. Бірақ осы қиыншылықтардың астарында Алла Тағаланың ризалығы мен осы сынақтарға төзе білген жандарға молынан сауаптар бар екенін естен шығармағанымыз жөн.  

Раббымыз баршамызға қажылықты және оны Өзі разы болатындай күйде атқаруымызды нәсіп еткей!

 

Қуаныш Наржанов,

Алматы облысының бас имамы

 

[1] «Әли Имран» сүресі 97-аят.

[2] «Бақара» сүресі 197-аят.

[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[4] Ибн Хиббан хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру