Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗЕКЕТ – ЖАМАНДЫҚТАН САҚТАЙДЫ

Қасымхан ИСАЕВ "Мұнара" газеті 21.04.2022 4996 0 пікір
ЗЕКЕТ – ЖАМАНДЫҚТАН САҚТАЙДЫ

Рамазан – ізгі амалдардың сауабы еселеніп жазылатын ай. Қасиетті айда бес парыздың бірі болған зекет берудің маңызы ерекше. Өйткені берекелі айда шынайы ниетпен жасалған әрбір кіші немесе үлкен амалдың сауабы арта түседі.  

Зекет – Исламның бес парыздың бірі. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа Құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, Рамазан айының оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету».

Зекет беру туралы қасиетті Құранның бірнеше жерінде баяндалған. Мысалы, «Бақара» сүресінің 43-аятында: «Намазға жығылыңдар (толық орындаңдар), зекет беріңдер және рукуғта тұрғандармен бірге (Құдайға тағзым етіп) иіліңдер» делінген. Сонымен қатар, Құранда мынадай аяттар бар: «Намазды ыждағатпен өтеңдер, зекет беріңдер. Жасаған жақсылықтарыңның бәрі де өздерің үшін. Олардың сауабын кейін Алланың құзырынан табасыңдар. Алла істеген істеріңді көріп тұр»; «Ақиқатында, (фәни жалғандағы сапар соңында) шын бақытқа ие болғандар – мүмин жандар. Олар – намазын ұқыпты түрде оқитын жандар. Олар бос сөз бен (артық ойын-сауықтан) аулақ болатындар. Олар – зекет бергендер. Олар – өз әуретін (жыныс мүшесін) (харамнан) сақтайтындар» («Мүминун» сүресі, 1-5-аяттар).

Қоғамда зекет кімдерге берілетіні туралы көп сұрақ қойылады. Біз бұл сұрақтың жауабын қасиетті кітабымыз Құраннан табамыз: «Шын мәнінде садақалар, зекеттер (тіршілік етуге) жағдайы жоқ міскіндерге, (аса) кедейлерге таратылады. Сондай-ақ зекетті жинап, таратуға тағайындалған адамдарға да тиесілі. Және (діннен алыс болғандардың) жүрегі мен көңілін дінге бұру үшін, құлдарды азат етуге, қарызға батып (кіріптар) болған пенделерге, Алла жолындағы игілікті істерге жұмсауға, (алыс) сапарда жүргенде қаржы-қаражатсыз қалған мұқтаждарға беріледі. Бұл дегенің – Алланың орнатқан заңы. Алла – барлық болмыс атаулыны Білуші, даналық Иесі» («Тәубе» сүресі, 60-аят).

Зекеттің қандай пайдасы бар? Жамағат тарапынан осыған қатысты сұрақтар жиі қойылады. Осы ретте зекеттің пайдалары туралы айта кетуді жөн көрдік.

Зекет – береке бастауы. Зекет беруге шамасы келген мұсылман Алланың парыз еткен амалын орындау арқылы мал-мүлкіне, байлығына береке әкеледі. Алла Тағала зекет берген адамның дүниесін одан сайын көбейтеді. Садақа-зекет берген адамның мал-мүлкі берекелі болатыны жайлы мынадай аят бар: «Күнәсынан тазарып, малы көбейіп, берекет табуы үшін олардың (мұсылмандардың) малынан садақа-зекет ал» («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Зекет – жамандықты қайтарады. Зекет адам баласын түрлі аурудан, жамандықтан сақтайды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін пәлеге тілейтін дұғаларыңмен дайындалыңдар».

Зекет – бай мен кедейдің арасын теңестіретін теңдессіз құлшылық. Зекет берілген қоғамда бай мен кедей арасында алтын көпір орнайды. Осылайша бақуатты адам мұқтаж кісінің жағдайын терең сезініп, зекет беру арқылы оған жақындай түседі.

Зекет – мейірімділікті арттыратын амал. Бай адамның зекет беру арқылы мұқтаж адамға деген мейірімі оянады. Өйткені мұсылман баласы парыз амалды шынайы ниетпен орындайды. Мұсылманның бойындағы мұндай жанашырлық сипаттар қоғамда қайырымдылық, адамгершілік, мейірімділік сынды құндылықтардың насихатталуына әсер етеді.

Исламда парыз амалды орындаудың өзіндік шарттары мен әдептері бар. Әуелі зекет шынайы ниетпен берілуі тиіс. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтірген жандар! Аллаға, Ақырет күніне шынайы түрде сенбейтін, дүние-мүліктерін өзгелер көрсін деп мақтан үшін шашқан пенделер секілді өзгелерге бергендеріңді міндетсіп, ренжу арқылы садақаның сауабын жойып алып жүрмеңдер. Ондай пенделер үстіне жұққан шаң, топырақты нөсер жауын жуып кеткен жалаңаш тас секілді. Сол сияқты олар (Қияметте) өзінің сауабын ала алмайды. Күпірге ұрынғандарды Алла тура жолға салмайды» («Бақара» сүресі, 264-аят) деп ескерткен. Бұл аяттан түсінгеніміздей, мақтан үшін садақа беру немесе берген садақаны міндетсінудің соңы сауаптан мақұрым болып қалуға әкеп соғады.  

Зекет берген кезде мал-мүліктің ең жақсысын берген абзал. Бұл туралы Құранда: «Уа, иман келтірген жандар! Тапқан табыстарыңнан және сендер үшін Біздің жерден өсіріп, шығарғанымыздың ең жақсысын садақаға беріп, жұмсаңдар. Немқұрайлы түрде ала салатындай жағдайда болмаса, өздерің жоламайтын жаман дүниелерді садақаға беруге ұмтылмаңдар. Біліп қойыңдар! Алла – аса Бай, Даңқты» («Бақара» сүресі, 267-аят) деп баяндалған.  

Зекет беру әдептерінің келесі түрі – жасырын түрде жақсылық жасау. Бұл туралы Құранда: «Егер де таратқан садақаларыңды өзгелерге көрсетіп берсеңдер, ол – ізгі іс. Дегенмен оны жоқ-жітіктерге жасырын таратсаңдар, қайыры одан да көп. (Сол арқылы Алла) кейбір күнәларыңды кешіреді. Алла барлық істеген іс-әрекеттеріңді біліп тұр» («Бақара» сүресі, 271-аят) делінген.

Алла Тағала баршамызға шынайы ниетпен және әдептерін сақтай отырып, көркем түрде зекет беруді нәсіп еткей.   

 

Қасымхан ИСАЕВ,

Қызылжар қалалық мешітінің бас имамы

Солтүстік Қазақстан облысы

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру