Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МИҒРАЖ ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒИБРАТЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 28.02.2022 6858 0 пікір
МИҒРАЖ ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒИБРАТЫ

Исра және Миғраж түні ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне исра (яғни түнгі сапар) жасады. Одан миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгілерін көріп,бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Бұл оқиға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет етуінен он сегіз ай бұрын болды. 

Мұхаммед Ғазалидің «Фиқһусира» кітабында бұл жөнінде былай дейді: «Исра Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғражисраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз».

Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра»  сүресі, 1-аятында: 

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

 «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрак еткен Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Күмәнсіз, Ол естуші, білуші», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену әрбір  мұсылманға – парыз.

Ал имам ат-Тахауи (Алла оны рақымына алсын) «Тахауи ақидасы» кітабында:«Миғраж оқиғасы – хақ. Ақиқатында, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі сапарға шығарылды, ол тұлғасымен (денесімен) бірге ояу кейіпте аспанға көтерілген. Сосын Алла қалаған биіктікке дейін барған. Алла Тағала оны Өзінің қалауынша ардақтады һәм қалауынша уахи етті: «Сонда Алла құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды» («Нәжім» сүресі, 10-аят)», – деп баяндаған.

Исра мен Миғраж оқиғасынан мұсылмандар мынадай пайдалы ғибраттар алуы тиіс.

 

Бірінші: Миғражда намаз құлшылығы парыз етілді

Миғраж түнінде ардақты Пайғамбарымызға(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)мынадай үш сый жасалды:

  1. Бес уақыт намаз парыз етілді;
  2. «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты (Әмәнәр-расулу) уахи етілді;
  3. Үмметінен Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай үлкен күнә жасамағандар үшін кешірім жасалды.

Демек, намаз ғибадаты жер бетінде емес, миғражда парыз етілді. Бұл намаз құлшылығының қаншалықты үлкен маңызға, ұлы дәрежеге ие екендігін көрсетеді. Сондықтан намаз – мүминнің рухани миғражы. Намаз арқылы мұсылман адам рухани ем алып, жаман әдеттерден арылатын болады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Анкабут»сүресі, 45-аятында:

وَأَقِمِ الصَّلَاةَ ۖ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ

«Намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды...», – деп айтқан.

Намаздың адам баласына әкелер пайдасын терең түсініп, діні мен дәстүрін ұштастыра білген бабаларымыз да өз өсиеттерінде намаз оқу туралы көптеп айтқан. Бұқар жырау бабамыз: «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, біреуі қаза болмасқа», – десе, Қаблиса жырау:

Мына кеңдік заманда,
Хақ бұйрығын тұтыңыз,
Құдайдың кешпес парызы,
Бес уақыт намазды,
Баққан қойдай күтіңіз
, –деп өсиет қалдырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқу жайында, оған берік болуды, намаздың пайдалары мен хикметін әрдайым сахабаларына айтып отыратын болған. Сондай хадистердің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан:«Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса әрі ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қалама ма?» – деп сұрайды. Сахабалар:«Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Бес уақыт намазда тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», – дейді(Имам Бұхари,Мүслим).

 

Екінші: Миғраж ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік дәрежесі

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл пайғамбарлардың мөрі, дәреже тұрғысынан ең үлкені. Қандай да бір құрметті адамның есімін атамай әкесінің есімімен немесе өзгеде өзінің құрметті болған атауларымен атау – ол адамға деген құрмет көрсету болып табылады.Сондықтан да ғалымдарымыз Қасиетті Құран Кәрімдегі Исра жөнінде келген аятта Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بِعَبْدِهِ

«Пендесін»  деп атауы – Алла Елшісіне деген үлкен құрмет пен ілтипат екендігін түсіндірген. Алла Тағала қасиетті Құранның осы «Исра» сүресі, 79-аятында:

عَسَى أَنْ يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَحْمُودًا

«Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі», – деп айтқан. Бұл аяттағы «мақтаулы орын» дегені ғалымдарымыз ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қияметте шапағат ететіндігін айтқан.

Қияметте адамдардың бастарына қауіп төнгенде сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне шапағат етуіне рұқсат етіледі. Бұл жайында хадисте былайша баяндалады. Қысқаша тоқталатын болсақ:

«Ақыретте адамдар Адам пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) бастап, барлық үлкен пайғамбарларды жағалап қауға сұрайды, алайда олар (пайғамбарлар) азаптан құтқара алмайтындықтарын айтып, бір-біріне сілтейді. Ең соңында Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Сонда Пайғамбарымыз Алладан олар үшін кешірім сұрап, Алланың берген рұқсатымен оларға шапағат ететін болады».

Хадистің түсіндірмесін жасаған ғалымдар «Мен қиямет күні адамзаттың мырзасы боламын» деген сөйлемнің мағынасын басқа хадистерге де сүйене отырып: «Барлық пайғамбарлар Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туының жанында жиналады, себебі, оның орны мақам махмуд, яғни үлкен шапағат орны болады», –деп түсіндіреді.

 

Үшінші: Үш мешіт қасиетті орын саналады

Мұсылмандар үшін үш мешіт ерекше қасиетті саналады. Олар Кағба мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті (Мәдинада) және әл-Ақса мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау – харам (тыйым салынған). Бұлардың әл-Харам деп аталуының себебі де сондықтан.

Аяттағы әл-Харам мешіті дегенде Мекке қаласы меңзеледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса, Иса және ол екеуінің арасында өткен барлық пайғамбарлардың құбыласы болған. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешіті құбыла болғанға дейін әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. «Ақса» сөзі: «ұзақ, алыс, бір шетте» деген мағыналарды білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі құлшылық орны болғандықтан «әл-Ақса» деп аталып кеткен.

 

Төртінші: Ғайыпқа иман келтірудің артықшылығы

Исра мен Миғражда ғайыпқа иман келтірудің көріністері баяндалған. Ғайыпқа имен келтіру –көрмеген нәрсеге сену дегенді білдіреді. Асылында, иман келтірудің ең басты шарты, көзге көрінбеген нәрселерге, яғни ғайып әлеміне сенуден тұрады. Алла Тағала Қасиетті Құраннның «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында:

ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِلْمُتَّقِينَ

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ

«Міне, осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сонда олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп айтқан.

Миғраж оқиасын Алла Елшісі хабарлаған уақытта иманына берік жандардан өзгелері күдіктеніп, түрлі-түрлі әңгіме көбейткендері де болған. Олардың ішінде Құдыста болған адамдар да бар еді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын Құдыста болып көрмеп еді. Бәйту әл-Мақдисты көргендер Алла Елшісінен(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргенін сипаттап берген уақытта, Құдысты көргендер: «Иә сондай, иә сондай», – деуден ары өте алмайды.

Мүшріктердің бірқатары: «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?» – деп сұрайды. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқанын, онда неше адам бар екендігін, жағдайлары қалай екенін, сол түні қай жерде қонғанын, кім басшы екенін және ол қара боз түйеге мініп келе жатқанын, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса,ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанындай болып шығады.

 

Қисса:

Мекке мүшріктеріӘбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) қасына келіп: «Уа, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйту әл-Мақдиске түннің бір-ақ сәтінде барып келдім, деп жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?» – деп сұрақ қояды. Сонда Әбу Бәкір оларға: «Осыны Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!» – деп жауап береді.Міне, сол күннен бастап Әбу Бәкір «сыддық», яғни шыншыл деп атала бастайды.

Миғраж түні, онда болып өткен ғажайып оқиғалар біздерге қашан да ғибрат. Сондықтан біз бұған күмәнсіз иман келтіруіміз қажет.

Алла Тағала біздерге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына бөленуімізді нәсіп етсін! Әмин!

 

Дайындаған ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру