Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РИЯ КЕЙБІР КҮНӘДАН ҚАУІПТІ

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ "Мұнара" газеті 07.07.2021 4328 0 пікір
РИЯ КЕЙБІР КҮНӘДАН ҚАУІПТІ

Бүгінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен барлық өңірде Ихсан ілімі кеңінен насихатталуда. Ихсан сөзі ізгілік, игілік, жақсылық деген мағынаны аңғартса, шариғаттағы мәні әр нәрсені кемел, көркем түрде орындау дегенді білдіреді. Осы ретте Ихсан ілімінде ықыластың алар орны туралы аз-кем жазуды жөн көрдік.

Кез келген амалды орындауда ықыластың орны ерекше. Өйткені ықылас жүректің кіршіксіз таза және ниеттің түзу екенін аңғартатын айна іспетті.

Адамның адалдығы ең әуелі жоқтан бар еткен Аллаға қатысты көрініс табуы тиіс. Пенденің Аллаға қатысты адалдығы Оған ешнәрсені серік қоспай, тек жалғыз Жаратушыға құлшылық етумен өлшенеді. Ал адамның өзгелерге қатысты адалдығы ниетінің риясыз, шынайы болуына байланысты көрініс табады.

Көзбояушылықтан сақтанып, аз болса да амал еткен адамның игі ісі пайдалы болмақ. Риясыз ниетпен амал еткен адамды Алла Тағала ерекше сый-сияпатқа бөлейді. Қасиетті Құранда Жаратушы Иеміз: «Ал тәубеге келіп (адамдарға шарапаты тиетін), игілікті істер жасап, Алланың дінін берік ұстап, Алла үшін ықыласты болып, иман келтіргендер, міне солар мүміндермен бірге. Алла күндердің күнінде мүміндерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді» («ән-Ниса» сүресі, 146-аят) деген сүйінші хабар жеткізеді.

Дінімізде ықыласпен құлшылық етудің маңызы ерекше. Ықылассыз орындалған ғибадаттың мәні болмайды. Алла Тағала ықыласпен жасалған ізгі амалды қабыл етіп, мол сауап жазады. Құранда пайғамбарларға да құлшылықты ықыласпен жасау бұйырылған.

Раббымыз ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Біз саған осынау кітапты ақиқаттың нақ өзі етіп, лайықты түрде түсірдік. Ендеше, осынау хақ дінді шын жүректен толық қабылдап, бар ықыласыңмен бір Аллаға ғана құлшылық ет!» («Зүмәр» сүресі, 2-аят) деп әмір еткен.

Алла үшін ықыласты болу дегенді қалай түсінеміз? Алла үшін ықыласты болуға ден қойған адам өзгелерден мақтау сөз естуді жүрегі қаламайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді» деген.

Алланың мейірімі мен рақымына жетелейтін жолдың ең алғашқы деңгейі – пенденің Раббысына деген шынайы құштарлығы мен ықыласы. Бұл шынайы құштарлық шынайы тәубе арқылы көрініс табады. Шынайы тәубе – бүкіл ізгі амалдардың негізі және кемелдіктің ең алғашқы дәрежесі.

Ықылас жүрек дертінен құтылуға көмектесіп, түрлі жамандықтан тазартады. Осының нәтижесінде адам баласы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, иман ләззатын сезіне алады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Алла Тағаланы Раббым деп, Исламды дінім деп, Мұхаммедті пайғамбарым деп риза болған адам иманның дәмін сезінеді» деген. Нәпсімен күресіп, шайтанның арбауынан құтылу жолындағы ықыласты амал адамды үздіксіз күреске жетелейді. Шайтанмен шындап күресуге бел буған адам садақа беруге, өзінің емес өзгелердің қамын ойлауға және жақсылықта өзгелерге жәрдем беруге құштар болады. Сонда жүрегіндегі шайтанның арбауынан құтыла алады.

Өз уағында мұсылмандардың әміршісі болған Омар (оған Алла разы болсын): «Дін ниеттің тазалығынан тұрады» деген екен. Сондықтан қандай сауапты амал істесек те оның көлеміне, яғни көптігіне емес, ықыласпен жасалуына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Аз болса да ықыласпен жасалған амал қабыл болады.

Әйгілі ғұлама, имам Ғазали: «Зат түрлі қоспадан арылғанда ғана тазарады. Дәл сол секілді амалдар шынайы болғанда ғана таза болады» деген екен. Ықылас сипаты кез келген адамды риядан сақтайды. Кейде осы жақсылығымды біреу білсе екен деген ойлар келуі мүмкін. Ең бастысы «Алла көріп тұр» деген ой басым тұруы тиіс. Сонда ғана рия дертінен құтыламыз.

Ғалымдардың пікірінше, адам баласы өзгеге жасаған жақсылығын естігенде ренжитін болса, бұл оның ықыласты болуының белгісі. Рия кейде көптеген күнәдан да қатерлі. Ықыласты кісі ойында тек Алланың разылығы болғандықтан, игі істерінің жұртқа жария болуын қаламайды. Алла Тағала баршамызды рия істен сақтап, ықыласты пенделерінен еткей. Әмин!

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы 

«Мұнара» газеті, №12, 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру