Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОРАЗАНЫҢ 10 ПАЙДАСЫ

Мұратбек МҰХТАРХАНҰЛЫ "Мұнара" газеті 06.05.2021 1720 0 пікір
ОРАЗАНЫҢ 10 ПАЙДАСЫ

Ораза араб тіліндегі «ас-соум» деген сөзден шыққан. «Ас-соум» деген сөздің мағынасы «өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу» деген ұғымдарды білдіреді. Демек ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылман баласы қасиетті Рамазан айы келгенде Аллаға шынайы құлшылық ету ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судың барлық түрінен, сонымен қатар жыныстық құмарлықтан өзін шектейді, тыяды.

Ислам тарихында ешкіммен сөйлеспеуге бұйырылған ораза да болған. Бұл туралы «Мәриям» сүресінің 26-аятында баяндалған: «Ей, Мәриям! Расында, мен Рахман үшін ораза ұстауға серт бердім, бүгін мүлде ешбір адаммен сөйлеспеймін» де». Бұл аяттағы Мәриям анамызға (оған Алла разы болсын) бұйырылған ораза – ешкіммен сөйлеспеу оразасы. Демек бұл аятта сөзден тыйылу оразасы меңзеліп тұр.

Сайып келгенде, оразаның негізгі мәні – Алланың тыйған ісінен тыйылу. Осы ретте оразаның мұсылман баласының тәні мен жанына, рухани өміріне әсер ететін он пайдасы туралы айтуды жөн көрдік.

Біріншіден, адам баласы ауыз бекіту арқылы Аллаға бойсұнуды үйренеді. Оразаның хикметі сондай, ол мұсылманның тұлабойына тақуалықтың алтын дәнін егеді. Ауыз бекіткен жан Рамазан айында Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан аулақ жүреді.

Мұсылман деген сөздің өзі «мойынсұнушы», «көнуші» деген мағынаны білдіреді. Рамазан айы пендені мұсылман деген атқа лайық өмір сүруге, түйіндеп айтқанда, тақуалыққа тәрбиелейді. Өйткені Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар» деп ескертеді.

Екіншіден, ораза – мұсылманға көркем мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оразаның көмегімен адам баласы бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады. Рамазан мұсылманды әдепсіз әрекеттен, бос сөзден, жаман нәрсені көрмеуден, жаман нәрсені тыңдамаудан сақтайды.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: «Хақылы бола тұрып, яғни өзінікі жөн болса да тартысуды қойған кісі үшін жаннаттың ауласынан бір сарай, ал қалжың болса да өтірік айтудан бас тартқан кісі үшін жәннаттың ортасынан бір сарай, сондай-ақ мінезі көркем болған кісі үшін жәннаттың ең биік жерінен бір сарай берілуіне Мен кепілмін» деген сүйінші хабар жеткізген. Ораза ұстаған адам өзінікі дұрыс болса да біреумен дауласуын доғарады. Сөйтіп көркем мінезге ие болады.

Үшіншіден, ораза бізді сабырлы болуға тәрбиелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ораза – сабырдың жартысы» деген. Расында, ораза шыдамдылыққа үйретеді. Күн ыстықта ораза ұстаған адамды шөл қысады. Ал ораза бізді төзімділікке тәрбиелейді. Рамазанда көп намаз оқып, көп Құран оқыған абзал. Оған да сабыр қажет. Тіпті күнә жасамау да сабырлықты қажет етеді.

Төртіншіден, ораза адамның зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Бір күні Лұқман баласына: «Балақайым, асқазан толы болса, ойлау қабілетің ұйқыға шомады, даналық үні өшіп, дене мүшелерің құлшылыққа жарамай қалады» деген екен. Шын мәнінде адам асқазаны толы болғанда ұйқы қысады. Ал ұйқы адамды көп нәрседен мақұрым етеді. Адам қарны тоқ кезінде қабілеті де төмендейді екен. Аш құрсақ кезде адам миының белсенділігі артып, ақпаратты қабылдау деңгейі жақсарады.

Бесінші, ораза адамның уақытын жүйелеуді үйретеді. Ауыз бекіткен пенде жүйелілік пен тәртіпті қатаң ұстанады. Сәрісін уақытында ішу, уақытында ауыз ашу, уақыты келгенде намаз оқу, т.б. амалдар жүйелілікке тәрбиелейді. Тіпті оразада әрбір сәт маңызды. Сол сәтті құлшылыққа арнаған абзал.

Алтыншы, Рамазанда мұсылмандар бір дене тәрізді екенін сезінеді. Өйткені жылына бір рет келетін Рамазан айында әлемнің әр түкіпірінде тұратын мұсылмандар ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық етіп, мүмкіндігінше бір-біріне көмектеседі, кем дегенде дұғасына қосып, Жаратқаннан бауыры үшін жарылқау тілейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмін бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді: егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқыдан қалып мазасызданады» деген. Рамазан кезінде мұсылмандар бір-біріне мейірім көрсетіп, бауырмашылдық танытады.

Жетінші, ораза мұсылман баласын айналасындағы аш адамдардың күйіне енгізіп, пенденің бойында мейірімділік, жанашырлық, бауырмашылдық секілді сезімдерді оятып, пақырларға, жетімдерге және жесірлерге қарайласуға тәрбиелейді. Рамазанда берілетін пітір садақасы, ауызашар дастарханы, қайырымдылық бағытта жасалған барлық амалдар мұсылмандардың бір-біріне деген мейірбандығын, сүйіспеншілігін арттырады.

Сегізінші, ораза пенденің ағзасын артық және улы нәрселерден тазартып, жаңартып, асқазанына демалыс береді. Әбу Хұрайра (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар» деген хадисін жеткізген. Араб дәрігері Харис ибн Кәлда: «Асқазан – дерт үйі, ал ораза – бүкіл емнің атасы» деген екен. Демек, ораза – тәннің шипасы.

Тоғызыншы, ораза адамға өз нәпсісімен күресуді үйретеді. Қарын тойдыру құмарлығы мен жыныстық құмарлық – адам табиғатына тән жағымсыз сипаттың бірі. Ораза адамды құмарлықтың осы екі түрімен күресуге үйретеді. Бір ай бойы өз нәпсімен күресуді үйренген мұсылман одан кейінгі айларда да қалауына ерік бермеуге тырысады. Рамазан айының оразасы мұсылманды осы күресті нығайтуға итермелейді.

Шынайы ниетпен ораза ұстаған адам міндетті түрде нәпсісіне тұсау салады. Өйткені нәпсі адамды жаман нәрсеге итермелейді. Ал жаман амал Алланың ашуын шақырады. Оразаның талаптарына сабырлық таныта алған адам нәпсі қалауына да төзімділік танытып, қалауы мен құмарының әміршісіне айналады. Сөйтіп жаман нәрсеге бұйырушы нәпсіні басқару қабілетіне ие болады. Өйткені оразаның арқасында мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, тыйылады және жуасып қалады.         

Оныншы, ораза қолда бар нәрсенің қадірін сезінуді үйретеді. Кейде алдымызға келген астың, астымыздағы көлігіміздің, басымыздағы баспананың, үстіміздегі киімнің, тіпті денсаулығымыздың қадірін білмей жатамыз. Бұл нығметтерге қалыпты нәрсе ретінде қараймыз. Шын мәнінде, бұл нығметтерді беруші Алла екенін ұмытып қаламыз. Ал ораза тіпті бір жұтым судың, бір үзім нанның қадірін сездіреді.

Алла Тағала баршамызға Рамазан оразасын толық ұстауды, оның сауабын толық алуды нәсіп еткей! Әмин!   

 

Мұратбек қажы МҰХТАРХАНҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі