Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛЛАНЫҢ АШУЫН ТУҒЫЗАТЫН АУЫР КҮНӘ

Төлеби ОСПАН muftyat.kz 19.04.2021 16254 0 пікір
АЛЛАНЫҢ АШУЫН ТУҒЫЗАТЫН АУЫР КҮНӘ

Алла Тағала адам баласын ер және әйел етіп жаратқан. Сондықтан екеуіне тән ерекшеліктер бар. Құдай адамды мінсіз жаратқан. Бұдан басқасы, яғни ердің әйелге, әйелдің ер адамға еліктеуі – рухани кесел.

Бала дүниеге келген сәттен оны өз жынысына тән тәрбиелеу қажет. Ұл бала өзінің ұл екенін мақтап тұтатын, қыз бала да өзінің қыз боп жаратылғанына қуанатын болу керек. Мұның жауапкершілігі – ата-анада. Мұны бір деңіз. Екіншіден, баланың жүріс-тұрысы, сөйлеу әдебі мен өзін ұстауы да өз жынысына тән болу керек. Шариғатта ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, балиғат жасына толғанда ұл әкеге, қыз ананың тәрбиесіне табысталады. Осылайша ұл әкесінен ер азаматқа тән қылықты көріп, шыңдалып өседі. Ал қыз бала әйел табиғатына тән нәзіктікті анасынан үйренеді. Қоғамды бақытты ететін Алла Тағала орнатқан заң осы.

«Еркек пен еркектің және әйел мен әйелдің қосылуын қолдаймыз, біздің құқығымызға қол сұқпаңдар» деп адами құндылықтарды аяқ асты ету – ауыр күнә. Оның залалы олардың өздеріне де, қоғамға да тиеді. Құран Кәрімде осындай әрекетке барған қауым туралы баян етіледі. Ерекше мән беретін жайт, бұл ауыр күнәні Құранда айтуының себебін түсіну маңызды. Құранда ешбір жайт тектен-тек айтылмайды. Бұл рухани дерт бұрынғы дәуірлерде болған әрі ол қайталануы мүмкін болғандықтан, Алла Тағала ол жайында Құранда баяндап өткен.

Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың бауыры Харанның Лұт есімді баласы болады. Харан ерте қайтыс болып, Лұт атасы Азар және көкесі Ибраһимнің шаңырағында тәрбиеленеді. Осылайша Лұт пайғамбар тәрбиесін көріп өсті. Намруд патша Ибраһимді (ғ.с) үлкен отқа тастап, өлтірмекші болды емес пе?! Міне осы бір керемет мұғжизаны көрген Лұт иман етіп, мұсылман болады. Ағасы Ибраһиммен бірге Палестина жеріне қоныс аударады. Кейін Ибраһимнің (ғ.с) айтуымен Лұт (ғ.с) төрт мың халқы бар Садум деген қалаға қоныстанады. Ибн Касирдің «Пайғамбарлар қиссасы» кітабында: «Бұл қаланың тұрғындары бұрынғы өткен ешбір халық жасамаған арсыз істерге барды. Сондықтан да, оларға Алла Тағаланың қаһары түсіп, кейінгі келер ұрпаққа насихат етті», – дейді.

Қиссада періштелер адам кейпінде Ибраһим пайғамбар шаңырағына келеді. Қонақжай Ибраһим ләм-мим демей семіз қара малын сойып, дастарқанға тамақ әкеледі. Тамаққа қол созбаған құдайы қонақтардан секем алғанда, олар: «Біз Алланың елшілері (періштелер) боламыз. Лұт қауымына жол тартып барамыз», – дейді. Сондай-ақ Ибраһим (ғ.с) пайғамбарға Алла Тағала перзент сыйлайтынын айтып, сүйіншілейді. Перзент сүю – Ибраһим пайғамбар үшін қанша уақыттан бері үмітін үзбей келе жатқан әкелік тілегі еді, үлкен сүйінші хабар еді.

Десе де бауыры Лұтты ойлап, оның хәлі не болмақ деп уайымдайды. Себебі ол Садум халқы азғындыққа батқан қауым екенін білетін еді. Бауыры Лұт (ғ.с): «Уа, Халқым! Егер де тәубеге келмей, осылай кете беретін болсаңдар, іс насырға шабады. Мәңгілік азапқа ұшырап, мына азғын істеріңнің сазайын тартасыңдар. Одан да мүмкіндіктерің бар кезде тәубеге келіп, Хақ Тағалаға сәжде етіп, адами қасиеттеріңе қайта оралыңдар...» («Шұғара» сүресі, 164-аят) деп оларды имандылыққа, ізгілікке шақырып, арсыз іс-әрекеттен тыйылуына үндейтін.

Сонда Ибраһим (ғ.с) періштелерге: «Үш жүз мұсылманы бар қаланы жойып жібересіңдер ме?» дейді. Періштелер: «Жоқ» деді. «Екі жүз иман еткен адамдары бар қаланы жоқ етесіңдер ме?» дейді. Періштелер: «Жоқ» деді. «Қырық мұсылманы бар қаланы жоқ етесіңдер ме?» дейді. «Жоқ» дейді періштелер. «Он төрт мұсылманы бар қаланы жоқ етесіңдер ме?» дейді. «Жоқ» деді періштелер. «Ал бір ғана иман еткен адамы бар қала болса ше?» деді. Сонда періштелер: «Біз ол қалада кімнің бар-жоғын жақсы білеміз» деді.

Лұт (ғ.с) пайғамбар бұл қауымды имандылық пен ізгілікке үндеді. Жұмсақ сөзбен, олардың әрекеттерінің кесірі мен зиянын түсіндірді. Әрине кез келген пайғамбар сөзі мірдің оғындай дөп тиеді. Адаммен диалог құрып, барлығын егжей-тегжей жеткізеді. Бірақ бұлар тыңдағысы келмеді. Ел сыйлайтын кісі айтуда, жанашырлық танытуда деп қарамады. Сонда олар: «Егер шыншылдардан болсаң, қане бізге Алланың азабын келтірші» дегеннен басқаны айтпады. Сонда Лұт (ғ.с.): «Раббым! Бұзылған елге қарсы маған жәрдем бере көр!» – деп дұға жасады («Ғанкабут» сүресі, 29-30-аяттар). Осылайша Садум халқы өз бастарына Алланың азабын тілеп алды. Бүгінгі археолог және тарихшылар Садум қаласы мен Өлі теңізден арсыздық күйінде жан тапсырған халықтардың қалдықтарын тапқанын айтылады. 

Жыныс ауыстыру – Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам етіп, мұндай іспен айналысқандарды лағынеттеген. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 119-аятында: «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін», – деп жыныс ауыстыру шайтанға ерушілер ісі екенін баяндайды. Хадистердің бірінде: «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, (жас сәбиге ұқсау мақсатында) тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді», – делінген.

Мекке қаласында 1989 жылы Дүниежүзілік мұсылман лигасына қарасты Ислами Фиқһи Академиясының ХІ отырысында қабылданған №6 қарарында бұл жөнінде былай деп шешім шығарылған: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс – Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең».

Абдулла ибн Омардың (р.а) бір риуаятында: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге қарай келіп: «Уа, мұһажир қауымы! Бес күнә бар. Мұны істесеңдер, оның зиянын көресіңдер. Алла Тағаладан сол күндерді сендер көрмеулеріңді тілеймін. Сол бесеудің бірі – бір елде арсыздық шығып, елге жария болса, ол жұрттың ішінде бұрынғы ата-бабасы көрмеген оба мен басқа да аурулар тарайды...» деп айтты». Демек, мұндай арсыздықтың кесірі бүкіл елдің басына түрлі зобалаң мен аурулардың қаупін төндіреді. Алла бізді ондай сынақтан сақтасын!

Асыл дінімізде ер кісінің жынысын әйелдің жынысына ауыстыруы немесе керісінше әрекетке баруы – харам іс. «Үмбетім үшін ең қатты алаңдайтыным, олар Лұт қауымының ісін жасауынан қорқамын», – деп ардақты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз үшін алаңдаған болатын. Алланың ашуын туғызатын және қаһарын төндіретін өте ауыр күнә. Бүкіл қоғамға залалын тигізетін мұндай ауыр күнәдан аулақ болайық!

 

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының бас имамы,

«Мұнара» газеті, №7, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру