Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ЖАМАНДЫҚТЫ ЖАҚСЫ ІСІҢМЕН ЖОЛҒА САЛ...»

Айдос Жамбылұлы muftyat.kz 19.04.2021 1342 0 пікір
«ЖАМАНДЫҚТЫ ЖАҚСЫ ІСІҢМЕН ЖОЛҒА САЛ...»

 

Мұсылман адам қамшының сабындай болған қысқа өмірінде игі амал жасап, сауап жинап, ізгі ісімен артына із тастап кетуге тырысады.

Әйгілі ойшыл Рудаки:

«Өмір – теңіз,

Жүзіп өтем демеңіз,

Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген екен. Ғұлама айтқандай, адам өмірі ізгілікке негізделмесе, онда тіршіліктің мәні де, сәні де болмайды. «Жақсы адам» деген бір ауыз сөзге лайықты өмір сүру жан-жақты құрбандықты талап етеді емес пе? Өзін жақсы амалдарға бағыштаған адам оның қарымын тек Алладан күтеді.

Қасиетті кітабымыз Құранда мынадай аяттар бар: «Өздерің үшін алдын-ала қандай да бір жақсылық жасасаңдар, оны Алланың құзырында жақсы әрі зор сый ретінде көресіңдер» («Мүзаммил» сүресі, 20-аят); «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның қайтарымы он есе беріледі» («Әнғам» сүресі, 160-аят). 

Кейбір адамдар көп жағдайда жақсылық жасауды садақа берумен, қайырымдылық жасаумен байланыстырады. Әрине, бұл дұрыс пайым. Алайда жақсылық тек мұндай іспен өлшенбейді. Жақсылық жасаудың түрі көп және оның мағынасы тереңде жатыр. Сауап іздеген адам үшін әрбір сәт жақсылыққа толы. Осы күнде біреуге зиян келтірмей, жылы сөзіңді айтып, жылы қабақ танытып жүрудің өзі үлкен жақсылықтың біріне айналды. Әсіресе, виртуалды өмірде ғайбат сөзден, біреудің ар-намысына тиіп кетуден сақтанып жүру маңызды істің бірі болып қалды. Өйткені анықталмаған ақпаратқа сеніп, біреу жайында теріс пікір таратып, қаншама күмәнді ойларға себепші болып жатқандар жетерлік.  

Менің байқағаным, кез келген пенде айналасындағы адамдармен болатын байланыстың түрін өзі таңдайды екен. Егер барлық адаммен жақсы қарым-қатынаста болсаң, міндетті түрде оның жақсылығын көресің. Керісінше, адамның ақысына кіріп, қиянат жасап, әділетсіздікке жол берсек, ертелі-кеш оның «жемісін» көреміз. Алла Тағала «Зілзала» сүресінде: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оның жақсылығын көреді» деп баяндайды.

Әрине, жамандық істеген адамның әрекетіне жамандықпен жауап қайтару – әр адамның қолынан келетін іс. Ал жамандыққа жақсылықпен жауап беру – нағыз мұсылманның қолынан келетін іс. Халқымызда: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген нақыл сөз бар. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген сөз де бар. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда «Фуссилат» сүресінің 34-аятында былай дейді: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді».

Біреу бізге қатты тіл тигізсе, осы сәтте қандай жағдайда болуымыз керек? Әрине, ең біріншіден ұстамдылық қажет. Өзімізді сол кісінің дәрежесіне түсірмей, яғни оған қарсы ашу көтермей Алла үшін ұстамдылық танытсақ, көптеген игілікке қол жеткіземіз. Адамның осындай келеңсіз сәттерде өз ашуын басуы немесе үндемей қалуы сырттай қарағанда оның дәрежесінің түсіп кеткенін көрсетуі мүмкін. Жоқ, әсте олай емес. Алла сабырлы пендесінің дәрежесін көтереді. Халқымыз: «Кең болсаң, кем болмайсың», «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес», «Ұлық болсаң, кішік бол» деп босқа айтпаған. Демек, біз Алла Тағала Құранда бұйырғандай, жамандықты жақсы ісімізбен жолға салуымыз керек.

Бүгінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдарында ихсан ілімі кеңінен насихатталып келеді. Бас мүфти «Ихсан – тәрбие негізі» атты мақаласында: «Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі» деп жазған болатын.

Расында, бүгінде әрбір амалымызды көркем түрде орындап, жамандықты жақсы ісімізбен жолға салу – маңызды мәселенің бірі. Әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде болған өнегелі оқиғаны былай баяндайды: «Бір көшпенді араб Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне келіп, кіші дәретін сындырды. Мешітте отырған сахабалар әлгі бәдәуидің өте өрескел әрекетіне ашуланып кетеді. Оған айқайлайды, тіпті қол көтермек болып, орындарынан өре түрегеледі. Сәл болмағанда оған қол жұмсап қоя жаздады. Сол кезде Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Оны жөніне қалдырыңдар. Кіші дәрет сындырған жеріне бір шелек су төгіп, тазалай салыңдар. Сендер қиындатушы емес, жеңілдетуші ретінде жіберілдіңдер» деді».

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады? Біріншіден, әр мәселені қиындатпай, жеңілдету қажеттігін ұғамыз. Екіншіден, әдептен озған адамды жөніне қалдырудың маңызын түсінеміз. Үшіншіден, артық сөз таластырмай, бүлінген жерді тазалап, мәселені сол жерде тез арада шешіп тастау қажеттігін аңғарамыз. Төртіншіден, кез келген істі білмей жасаған адамға көркем насихат айту керек екенін ұғынамыз.

Былай қарасаңыз, сахабалардың ашулануының өзіндік орны бар. Алланың жердегі үйіне дәрет сындыру деген үлкен әдепсіздік іс емес пе? Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы кезде қандай ұстанымда болған еді? Ол істі қиындатпады, керісінше, көркем түрде әлгі адамға мешітте дәрет сындыруға болмайтынын, мешіт – Алланың үйі екенін түсіндірді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен көркем насихатынан әсерленген әлгі көшпенді араб істеген ісіне өкініп, Исламды қабылдаған екен. Егер оған қол жұмсалғанда, бәлкім өмір бойы Ислам, мұсылман деген ұғымдарды ұнатпай өтер ме еді? Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы істі сабырлықпен, ұстамдылықпен жақсылыққа айналдыра білді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өздерің үшін алдын-ала қандай да бір жақсылық жасасаңдар, оны Алланың құзырында жақсы әрі зор сый ретінде көресіңдер» («Мүзаммил» сүресі, 20-аят); «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның қайтарымы он есе беріледі» («Әнғам» сүресі, 160-аят) деген Құран аяттарына мынадай түсініктеме берген екен:  

«Расында, Алла Тағала бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыны жазып, оны былайша ашып түсіндірді: «Кімде-кім жақсылық жасауға ниеттеніп бірақ жасай алмаса, Алла Тағала оны толық жасалған бір жақсылық есебінде жазады. Егер де жақсылық жасауды ойға алып, оны жүзеге асырса, Алла Тағала сол бір ғана жақсылығы үшін он сауаптан бастап, жеті жүз есеге дейін, тіпті, одан да еселеп сауап жазады. Ал, кімде-кім бір жамандық жасауға ниеттеніп, алайда оны жасамаса, Алла Тағала мұны да Өз құзырында толық жасалған бір жақсылық деп жазады. Ал, егер іштей ұйғарған бір жамандығын жасаса, Алла Тағала сол жамандықты ғана жазады». 

Халқымызда: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөз бар. Жақсы сөз айтып, жақсы ниетпен жүрудің өзі үлкен сауапты іс. Алла Тағала баршамызға әрқашан жақсы ниетпен жүруді, жамандықты жақсы ісімізбен жолға салуды нәсіп еткей. Әмин! 

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Ақтау қалалық «Бекет ата»

мешітінің наиб имамы

«Мұнара» газеті, №7, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі