Алланың адамзат баласына берген құнды нығметтерінің бірі әрі бірегейі – уақыт. Жара болса жазылады, мал жоғалса табылады. Алайда өткен уақыттың қайтып келмейтіні ақиқат. Демек орны толмас осы бір нығметті тиімді қолданып, бос өткізбес үшін, әр күнімізді жүйелі әрі жоспарлы өткізуіміз керек-ақ. Осы ретте әрбір істе бізге өнеге болатын, тек өзінің ғана емес, мойнына үмбетінің жүгін арқалаған Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз күнін қалай өткізгендігіне шолу жасауды жөн көрдік.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір-тіршілігіне қарайтын болсақ, әрбір күнін Раббысы мен үмбетінің ақысын, отбасы мен өзінің ақысын әділ сақтай отырып, жүйелей білгенін байқаймыз. Ардақты елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытының көп бөлігін, үмбетінің шаруалары мен діннің жұмыстарына арнайтын. Тіпті үйінде де мұсылмандардың шаруаларымен шұғылданып, мәселелерін шешетін. Оларға дін үйретіп, қажеттілігін өтейтін. Десе де отбасының қызметін де ұмытпайтын. Отбасы мүшелеріне міндетті түрде көңіл бөліп, қызметінде болатын.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр таңын таң намазымен бастайтын. Ұйқыдан өзі оянатын. Өзгенің оятуына мұқтаж болмайтын. Ұйқыдан тұрған соң тісін тазалап, ғұсыл-дәретін алғаннан кейін кейде таң намазының 2 рәкағат намазын үйінде оқитын. Әйелдері ояу болса, олармен әңгіме қылып, көңілін аулайтын. Кейде таң намазының 2 рәкағат сүннетін мешітте оқитын. Ал парызын міндетті түрде мешітте жамағатпен оқитын. Таң намазында имамдық етіп тұрғанда әрбір рәкағатта 60-100 аят көлемінде Құран аятын оқитын.
Намазды аяқтағаннан кейін күн шығып, дұха уақыты болғанша мешітте болатын. Таңғы зікірлерін жасап болғаннан кейін сахабаларымен әңгіме-сұхбат құратын. Кейде дін мәселесін үйретіп, уағыз айтатын. Кейде сахабаларының Исламға дейінгі қараңғылықпен жасаған істерін еске алған әңгімелерін тыңдап, барлығы күліп алатын. Алла елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл естеліктерге жымиып қоятын.
Кейде сахабалардың түстерін жорып, кейде өзінің түсін сахабаларға әңгімелеп беретін. Сахабалардың Пайғамбарымызда (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да басқа қажеттілігі болса, сонымен шұғылданатын.
Дұха уақыты болғанда төрт рәкағат, кейде одан да асырып дұха намазын оқып, үйіне қайтатын. Кейде мешіттен қайтып келгенде үйде тамақ болмаса, мен бүгін оразамын деп сол күні ораза ұстайтын. Таңғы аста әдетте құрма жеп, сүт ішетін. Бесін уақытына дейін үйдің, отбасының шаруаларымен айналысатын. Пайғамбарымыздың үйде не істейтіні жайлы Айша анамыздан сұрағанда былай деген еді: «Барлық адамдар сияқты ол да (қарапайым) адам еді. (Бәрі секілді) ол да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киімін жуып, ешкісін сауатын, осылайша өзінің қызметін жасайтын». Басқа бір сөзінде: «Отбасының қызметінде болатын. Намаз уақыты келгенде намазға шығып кететін» (Бұхари).
Бесін уақыты болғанда үйінен шығып, мешітке баратын. Бесін намазын оқып болғаннан кейін жамағатқа насихатын айтып, сұрақтарына жауап беретін. Дін үйретіп, бағыт-бағдар беретін. Адамдар арасындағы қарым-қатынастарды түзейтін. Сөйтіп үйіне қайтатын. Шариғатты үйретіп, уағыздағанда біржақты болмайтын. Айтылған мәселелер сіңімді болу үшін алдымен сахабаларына сұрақ қойып, олардың пікірін білетін. Содан кейін сұраққа жауап беретін.
Мәселен, бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің мүплістері кім екендігін үйрету мақсатында сахабаларына «Мүплістің кім екендігін білесіздер ме?» деп сұрақ қояды. Сахабалар өздері білетін түсінікпен: «Мүпліс – дирхамы (ақша) да, заты (мүлкі) да болмаған адам», – деп жауап береді. Мүплістің мағынасы мал-мүлкі жоқ немесе мал-мүлкінен, байлығынан айырылған адам дегенге саяды. Қаржы тілімен айтқанда банкрот дегенді білдіреді.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетімнің мүплістері Қиямет күні намаз, ораза, зекеттерімен келіп, алайда біреуді балағаттаған, басқасын қаралаған, енді бірінің мал-мүлкін жеген, біреудің қаны мойнында, тағы біреуді ұрып-соққаны бар, (осындай өзгеге істеген қиянаттарын) ерте келген жан. Осылардың қарымы ретінде оның сауапты амалдарынан анаған, мынаған (қиянат жасаған кісілеріне) беріле бастайды. Сауапты амалдары таусылса, (әлгі қиянат жасаған кісілердің) күнә-қателіктері осыған артылады. Осылайша, ол тозақ отына тасталады», – дейді (Мүслім).
Мінеки, екі дүние Саруары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін осындай үлкен нәубеттен сақтау үшін, тіпті қылған құлшылықтары күйіп кететін өзгенің ақысына кіру деген мәселені қандай керемет тәсілмен жеткізіп, сахабалардың бойына сіңіре білген.
Әдетте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі құлшылыққа күш жинап алу үшін түстің кезінде бір мезет қайлюлә жасап алатын болған. Қайлюлә деп аз ғана мызғып алуды айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайлюлә жасауға үмбетін де үгіттеген. Осы бір сүннетті бүгінде Жапонияның ірі кәсіпорындары арнайы іске асыратын көрінеді. Ондай кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тынығып, мызғып алуы үшін арнайы бөлмелер жабдықтайды екен. Себебі түскі уақытта кішкене мызғып алған қызметкердің жұмыс өнімділігі әлдеқайда еселеп артатын көрінеді.
Күннің қалған бөлігінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың жағдайымен жүретін. Елдің хал-ахуалымен танысып, науқастанып жатқандары болса, оларды зиярат ететін. Мұқтаж жандар болса, көмек қолын созатын. Пақырларға жәрдем беретін. Біреу шақырса, баратын. Қоғамдық мәселелерді қарау үшін мәжіліс өткізетін. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын насихаттар айтып, діннің мәселелерін үйретіп, үкімдерін түсіндіретін. Адамдардың мәселелері шешілмейінше олармен бірге болатын. Бай болсын, кедей болсын, мейлі міскін, пақыр болсын бәрімен тең дәрежеде мәміле жасайтын.
Абдулла Ибн Ауф былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп зікір етіп, аз сөйлейтін. Намазды ұзақ оқып, құтбаны қысқа қайыратын. Жесірлер мен міскіндердің қажеттілігін өтеп, көмектесуден, олармен бірге жүруден арланбайтын» (Нәсаи).
Қараңғы түсіп, түн болғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құптан намазын мешітте жамағатпен оқитын. Содан кейін ақылдасып-кеңесуді талап ететін қандай да бір кезек күттірмейтін мәселелер болса, үлкен сахабаларымен сол жайлы пікірлесіп отыратын. Ондай тығыз шаруалар болмаса, үйіне қайтып отбасымен азырақ әңгіме-дүкен құратын. Ол жайлы Ибн Касир тәпсірінде былай делінеді: «Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезінің көркемдігі отбасы мүшелерімен қарым-қатынасында үнемі жылы шырайлы болатын, көркем мәміле жасайтын. Олармен ойнап-күліп, қашанда мейірімді болатын. Оларға шығынын аямайтын. Әйелдерімен әзілдесіп, көңілін көтеретін. Ол түнеген үйде әйелдерінің барлығы жиналып, кейде барлығы бірге кешкі асын ішіп үйлеріне қайтатын».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерте жататын. Түннің алғашқы бөлігінде ұйықтап, қалған бөлігінде түнгі намазға тұратын. Раббысына мінәжат етіп, түнімен құлшылық қылатын.
Мінеки, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдеткі күні осылай өтетін. Әрбір жан өмірде үлкен нәтижеге қол жеткізіп, бақытты тіршілік кешуді қалайды. Алайда оған ұмтылатындары аз. Ұмтылса да, жүйелі жасауды білмейді. Жүйелі іс қана жеміс береді. Ол үшін өзінің күнделікті құлшылық-ғибадатын, өмір-тіршілігін, амал-әрекеті мен қарым-қатынасын жоспарлап, жүйелеуі тиіс. Жүйесіз күннен жақсы нәтиже шықпасы анық. Тіпті күнді жоспарламаудың салдарынан берекесіз тіршілікке ұрынуымыз мүмкін. Қордаланған мәселе, жасалмаған жұмыс, жоғалған уақыт күйзеліске ұшыратуы ықтимал.
Осы орайда, тіршілік қылып, екі дүниеде де бақытқа жетудің мінсіз өнегесін көрсеткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолынан үлгі алсақ, ұтылмасымыз анық. Алла Тағаланың ұлы міндетін мінсіз атқарған адамнан неге үлгі алмасқа? Қараңғылық қанына сіңіп кеткен қауымды нұрға шығарып, тәй-тәй басқан дінді төрткүл дүниеге таратып, миллиардтаған ізбасарлары – үмбетін қалыптастырды. Біз де Ардақты елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгісіне сай өмір кешсек, екі дүние бақытына жетеріміз ақиқат.
Мұрат МАНАПҰЛЫ,
ҚМДБ Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру