Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СОҢҒЫ ЕЛШІ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНҒАН БА?

Хасан АМАНҚҰЛ muftyat.kz 27.10.2020 6215 0 пікір
СОҢҒЫ ЕЛШІ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНҒАН БА?

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) спортпен кәсіби түрде айналыспаса да, қазір «спорт» деп аталып жүрген жүгіру, садақ ату, күресу, суда жүзу секілді ойындарды үйренген, жарысқан, қасындағы сахабаларды соған шақырған. Ол уақытта төмендегідей спорт түрлері кең тарады.

  1. Жүгіру. Сахабалар жүгіруде жарысатын. Бір жолы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздың көңілін көтеру және басқаларға үлгі көрсету мақсатында жұбайымен жүгіріп жарысқан.
  2. Садақ ату. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақ атуды және атқа мінуді үйреніңдер», – деген. Бір күні садақ атуда жарысып жатқан сахабалардың алдынан өтіп бара жатып: «Атыңдар, мен сендермен біргемін», – деген.
  3. Ат жарысы. Алла Тағала «Әнфал» сүресінің 60-аятында: «Оларға қарсы шамаларың келгенше күш-қуат және атты әскер әзірлеңдер, сол арқылы Алланың жауын және өз жауларыңды әрі өзгелерді де сескендіру қажет», – деп бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің Қасуа атымен жарысып, еш жеңілмеген. Бірақ бірде ауылдан келген арабпен жарысып, жеңілген кезде сахабалар ренішке батқан екен. Ибн Омар (одан Алла разы болсын): «Алла елшісі ат жарысын ұйымдастырып, оған сыйлық тігетін еді», – деген.
  4. Суда жүзу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасымен бірге нағашыларының үйінде болған кезде суда жүзуді үйренгенін және жақсы жүзетінін айтып еске алған. Халифа Омар ибн Хаттаб (одан Алла разы болсын): «Балаларыңа суда жүзуді және садақ атуды үйретіңдер әрі оған бұйырыңдар. Олар атқа секіріп мінетін болсын», – деп Шам әкімдігіне хат жазып жіберген.
  5. Қылыштасу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларға таяқпен қылыштасуға рұқсат беретін.
  6. Күресу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рукана деген адаммен бірнеше рет күресіп, оны жеңген. Кейін Рукана дінді қабылдаған.
  7. Жаяу жүру. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаяу жүруде сахабалардың бәрінен озатын еді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан жақсы әрі Аллаға сүйкімді. Дегенмен, әрбірінде жақсылық бар. Саған пайда беретін нәрсеге ұмтыл, Алладан жәрдем тіле, әлсіз болма», – деген. Негізінде, күш-қуат барлық нәрседе болғаны дұрыс: сенімде, білекте, ақылда және ілімде.

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру