Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚИЫНДЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ egemen.kz 09.04.2020 15300 0 пікір
ҚИЫНДЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Адам атадан тараған күллі адамзат баласы жаратылған сәттен бастап түрлі жақсылық мен сынақты бастан кешуде. Өйткені өмір – сынақ мекені. Ал мұсылманның мұраты – сынақты сауапқа айналдыратын амал жасау.

Иман шартын жүрегіне бекіткен мүмін жақсылық пен жамандық Алладан деп қабылдайды. Нығметке кенелсе – шүкір етеді, қиындыққа тап болса – төзім танытады. Ардақты Пайғамбарымыз алдын ала келетін түрлі дерттен сақтану үшін ұйқыға жатар кезде Ықылас, Фалақ, Нас сүрелерін оқып, алақанына үрлеп, денесін сүрткен. Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла тағала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын», – деп уәде еткен. Ендеше, еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін әрдайым дұға жасағанымыз абзал.

Біз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ата­лы сөздің қадірін біліп, жақсылыққа ұм­тылған ұлтпыз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, мол са­уап алуға асығайық. Тазалық пен имандылық – егіз ұғым. Ең бастысы, жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беруіміз керек.

Қазір қасиетті Шағбан айы. Ізгі ғұла­малардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады», деген. Осы айда ниетімізді түзеп, нәпіл ораза ұстап, мүмкіндігінше тазаланып, дұға жасап өзімізді қорғайық. Құран оқып, жұқпалы індетке шалдыққан жандарға Алладан шипа тілейік. Өйткені «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис).

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне Шағбан айы кіргенде тазаланып, ниетімізді дұрыстауды өсиет еткен. Алла елшісінің тағы бір хадис-шарифінде айтылғандай, Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайды. Ендеше, шарапаты мол Шағбан айында шынайы ниетпен елімізге жеткен сынақты сабырмен жеңіп шығуды Жаратқаннан сұрайық. Мұсылман баласы барлық тілегін Алладан сұрап, бір Жаратушыға тәуекел етеді. Тәуекел – пенденің Аллаға деген сенімі, әлсіз екенімізді мойындап, Ұлы Алланың берген тағдырына риза болу деген сөз.

Адам баласы өз істерінің нәтижесін білмейді. Сол себепті әр ісін құдіреті күшті Алла тағалаға тапсырып, тәуекел етеді. Бұл жайында «Ибраһим» сүресінің 11-аятында: «Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін», – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», – делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді», – деген.

Сеніммен тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды. Істің нәтижесін оған табыс еткендіктен, Ұлы Жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.

Расында, біз алдағы күнімізді болжап біле алмаймыз. Сол секілді ниет еткен ісіміздің нәтижесі немен аяқталатынын да білмейміз. Алайда тәуекел етіп, себебін жасау – маңызды амал. Мысалы, диқанның ерте көктемде жерді өңдеп, өнімін егіп, оны баптап болған соң, егіннің берекелі болуын Алладан сұрауы – тәуекелдің ең кәміл түріне жатады. Ал керісінше ешқандай әрекет етпестен «тағдырға тапсыра салып» қамсыз жату – тәуекел емес.

Бүгінгі төтенше жағдайға байланыс­ты тағы бір мысал келтірейін. Медицина саласының мамандары күн сайын жеке тазалық шарасын сақтауға шақыруда. Тазалық сақтамай, бетперде мен қолғап кимей далаға шығу – басыңды қауіпке тігу деген сөз. Әрекет етіп, Алладан берекет тілеуді ұмытпауымыз керек. Мәселен, көлігімізді көшеге ашық қалдырып, «Аллаға тәуекел еттім» деген сөз дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салау­аты мен сәлемі болсын) осыған ұқсас бір жағдайда «Түйемді байлайын ба, әлде тәуекел етейін бе?» деп сұраған бір кісіге «түйеңді тұсап қой, сосын тәуекел ет!» деген болатын.

Тәуекелшіл адам еңбекқор келеді. Ең­бекқор адам әр уақытын қайырлы істерге жұмсайды. Уақыттың алдында мұ­сыл­манның екі міндеті бар. Біріншісі – уақытты жүйелеу. Екіншісі – бос уақытты тиімді пайдалану. Уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі, оған біз шүкір етуіміз керек. Біздің шүкіріміз – бос уақытымызды жоғары бағалап, пайдалы істерге жұмсауымыз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамның көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», деген. Сондықтан уақытты қателікке, өкінішке, пайдасыз әңгіме-дүкенге емес, керісінше өзімізге де, өзгеге де пайдасы тиетін істерге жұмсағанымыз жөн.

Қазір еліміздегі төтенше жағдайға бай­ланысты отандастарымызға «үйде болыңыздар» деген кеңес берілуде. Каран­тин кезінде сабыр сақтап, бұл уақытты жақ­сы­лықпен өткізуге тырысқанымыз абзал. Бұрын күйбең тірлікпен қолы тимей жүрген көптеген ата-ана қазір ұл-қыздарының қасында. Бірге ойнап, бірге құлшылық жасап жатқандар да бар. Олар кітап оқып, уақытты тиімді пайдалануда. Ал насихат тыңдаймын деген жандар үшін мүмкіндік мол. Біз қазір онлайн режімде халыққа насихат айтып жатырмыз. Сынақ сәтін сауапқа айналдыра білудің өзі бір ғанибет емес пе? Сындарлы сәтте ізгі істерімізді көбейтіп, сауап алуға тырысайық.

Біз талай зұлматты заманды бастан кешіп, өсіп-өнген елміз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осылай сүйіншілейді. Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық. Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Мұсылмандар) Босамаңдар да қайғырмаңдар. Егер мүмін болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар» («Әли Имран» сүресі, 139-аят), – деп мұсылман баласын сүйіншілеген. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы сынақ кезеңінен ақ адал ниетімізбен аман-есен өтуді жазғай.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты халыққа жолдаған үндеуінде: «Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық», – деп атап өтті. Расында, бірлік болған жерге береке орнайды. Адамзат тарихында қандай да қауым қиындық пен шиеленіске, соғыс пен тауқыметке тап болса өзінің сабырлығы мен бірлігінің арқасында жеңіп шыққан.

Қасиетті кітабымызда жазылғандай, «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят). Жаратқан сынақтың жеңілдігін беріп, сол күнді тезірек жақындатып, барша жамағатымызбен сауаптар еселеніп жазылатын Рамазан айын мешітте қарсы алуды нәсіп еткей! Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Әмин! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

egemen.kz

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру