Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СЫНАҚТАН САБАҚ АЛУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

Бақыт СМАҒҰЛ muftyat.kz 30.03.2020 1248 0 пікір
СЫНАҚТАН САБАҚ АЛУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

Сынақ адамға айтып келмейді. Ол тағдырдың салуымен адамның пешенесіне жазылады. Сынақсыз өмір де болмайтынын тағы жасыра алмасақ керек. Алдыңды орап, аяғыңды тұсайтын сынақ адамды көп сабақ алуға да үйрететін сияқты. Себебі адам баласы басына таяқ тигенде ғана тәубесіне келеді.

Қазіргі әлемді жайлаған коронавирус індеті сөз жоқ, көп адамға ой салды. Сынақтың тегеруіні қатал тезіне салды. Індеттің емін таба алмай, көз жұмып жатқан адамдар жайлы естігенде төбе шашың тік тұрады. Алла Тағаладан пана іздеп, қайыр күтіп, шарасыздықтан шығара көр деп тілек тілейсің.

Адамның сабыры осындай қиын-қыстау сәтте көрініс береді. Санасында иманы болса, өз сабырына жүгініп, өзгенің де амандығын тілейді. Неге десеңіз, бұл кесел қанша сақтансаң да, сені ғана қақпанына түсірмейді, маңайындағы өзгелерге де зардабын тигізеді. Сондықтан өз бас амандығыңды қанша тілесең де, өзге адам сау болмай, сенің жаның жай таппайтыны анық.

Бүгінгі жаһанға уытын салған бұл індеттің арты жар, алды ор. Сондықтан ең алдымен өзіңді осы қым-қуыт өмірдің қысталаң шағына дайындай білгенің жөн. Адамның сабыры осы арада көмекке келеді.

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» делінеді. Осы аяттың астарына үңілсек, адамды жамандықтан арашалап қалатын бір көркем мінез – сабыр екеніне көз жеткіземіз.

Әрине, жақсы өмірдің жанында жамандығы да қатар жүретіні анық. Бүгін басым аманмын деме, ертең жамандық атаулы қара бұлтын төндіруі мүмкін. Бірақ, осының бәрі Алла Тағаланың құдіретімен болып жатқанына шек келтірмеу керек.

Қиындықтан шығудың амалын қарастырып, әр қиын істің артында қайыры бар екенін қаперден шығармаған абзал. Сондықтан адамға жақсылық келсе, шүкір етіп, жамандық туса, сабыр ету – аса маңызды амал. Өмірде ештеңе Алла Тағаланың құдіретінсіз жасалмайды. Иман ету арқылы біз қиындықтан шыға аламыз.

Бүгінгі коронавирус дерті күйгелек адамдардың қадамын шалыс бастырып жатыр. Ал сабырлылар бар ыждаһатты Жаратушыдан тілеп, дұға етеді. Мысалы, қасиетті Құранда: «Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» («Әли Имран» сүресі, 120-аят) деп, сабырлықтың тағылымын аша түседі.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сабырлық таныту – Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ» деген. Ендеше, Алла Тағаладан сый күтсең, сабырыңа мықты бол. Бұл да – өнер, бұл да – көркем мінез. Екінің бірі мұндай жолмен жүре алмайды. Ал мұсылман адамның басты ерекшелігі осы сабырында болса керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен бақытсыздыққа ұшыраған адамдардың қайғы-қасіретін сейілту үшін, бұл кеселдің елімізді қасіретке салмауын тілеп, дұға жасауы Алла Тағаладан медет сұраудың жақсы бір амалы болып есте қалды. Бүкіл мешіттердегі имамдар осы бастаманы жалғап, өзгелердің бас амандығын тілеп жатқаны дініміздің де ізгілігін көрсетсе керек.

Кейде басына бір қиындық келсе, өзінің тағдырына налып, неге осындай қайғы арқаладым деп қамығатындар да жетерлік. Осыған төзімсіздік танытып, орта жолда сағы сынып, сабырсыз күйге түсіп жатады. Адами жолдан тайып, иманнан да алшақтап кететіндер жоқ емес.

Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде: «Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді» делінеді.

Олай болса, басыңа келген жақсылық та, жамандық та, Алланың пешенеңе салуымен болатынына сену нағыз иманнан екенін ұмытпасақ керек. Бүгінгі әлем жұртшылығын толғандырған кеселдің беті бері қарар. Алла Тағала бізді де өз мейіріне бөлер деп сенеміз. Бұл сенім ешкімді адастырмайды, жарға да жықпайды, дауға да салмайды.

Сабыр – адамды түзу жолмен алға бастайтын ғибрат іспеттес. Қазақ даналығында да «Сабыр түбі – сары алтын» демеуші ме еді. Ендеше еліміздің басына түскен осы бір қиын-қыстау күндері бәріміз ортақ мүдде жолында қаракет жасап, өзіңнің ғана емес, өзгенің да бас амандығын ойлау – жақсылықтың нышаны.

Олай болса, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еңселі күндеріміз көп болғай. Түнерген қара бұлт та сейіліп, жаймашуақ күннің сәулесі барша адамзатқа жылылығын сепсін. Осы жақсылықтардың бастауына Жаратушы Иеміз тұрғанын әрдайым есте ұстап, иман жолында өмір сүруге нәсіп етсін.

Бақыт СМАҒҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі