Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ САУАБЫ

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ 26.03.2020 63096 0 пікір
САЛАУАТ АЙТУДЫҢ САУАБЫ

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Сендер Мені еске алсаңдар, Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкір етіңдер, күпір етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят) деп, Өзін еске алғандарды еске алып жарылқайтынын айтып, шүкір етуге бұйырған. Ал шүкір етпеу Аллаға күпір еткені екенін аңғартуда. Олай болса Раббымызға сансыз шүкірімізді арттырайық. Бүкіл әлемге рахым-мейірім етіп жіберілген Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болғай.

Алланы еске алудың түрлі жолы бар. Әрі әрбір еске алуда сансыз сауаптар мен күнәлардың кешіруі бар. Қаншама сауаптар жазылып, күнәлар кешіріліп, дәрежеміз көтеріліп, ең бастысы Алланың мейірім-рахымына бөленіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелтетін амалдардың бірі – Алла елшісіне салауат айту екен.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп, Пайғамбарға салауат айтуға бұйыруында үлкен мән жатыр. Бұл аяттан Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рахмет етіп, абыройын жоғарылатып, дәрежесін өсіретінін түсінсек, ал періштелер болса сол дәрежені тілеп, дұға ететінін аңғарамыз. Сонымен қатар біз, мұсылмандар, Алланың сүйікті елшісіне үнемі салауат айтуды Алланың екі дүниенің бақытына кенелу үшін бізге бағыттаған бұйрығы деп білеміз. Сондықтан салауатты тасамай, үнемі айтып жүрейік. Бір ғана салауат айту арқылы Алла дәрежемізді арттырып, тілеген дұға-тілегімізді қабыл етеді.

Сағид ибн әл-Мусаибтен жеткен хабарда Омар (р.а) былай дейді: «Маған мынадай хабар жетті: «Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалады. Ол дұғалар Пайғамбарға салауат айтумен ғана көтеріледі» деген. Міне, әрбір дұғалар жасағанымызды соңында Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуымыздың мәні осында.

Дұғаның қабыл болу әдептерінің бірі – салауат айту. Біздің жұмаққа кіруімізге күнәміздің кешірілуі қаншалықты маңызды болса, күнәміздің кешірілуіне дұғамыздың қабыл болуы маңызды. Ал дұғамыздың қабыл болып, жәннәт жолын табуымызға салауатты арттыру маңызды. Әбу Жағфардан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім маған салауат айтуды ұмытатын болса, ол жұмаққа бару жолынан адасты», - дейді. Әнәс ибн Мәликтен (р.а) жеткен тағы бір хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а) «Уа Расулулла! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?» – деп сұрады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп, тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алланың рахымы мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап бергенін айтады.

Алла Тағала Рамазан айын қаншама сауапты амалмен толықтырған. Тіпті бір жақсылықты жыл бойы істесең де Рамазан айында істегендей бір сауапқа жете алмайсың. Ендеше осындай құрметті айда күнәмен өту қаншалықты өкініш. Алланың берген бар мүмкіндігін пайдаланбай, елеусіз өткізгенге қалайша Жебірейіл періште қарғыс айтпай, оған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «әмин» демесін. Бұл «әмин» деуі әлемге мейірім болып келген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне қарғысы емес, керісінше үш рет «әмин» деуі маңызды мәселе екенін ұғындырады. Ал ата-ананың жағдайы айтпасақ та түсінікті.

Құранның бірнеше аятында Алла Өзіне ешкімді серік қоспау керектігін айтқан кезде ата-аналарға жақсылық жасауды да бірге баяндағанынан-ақ ата-анаға қарсы келудің күнәсі қаншалықты екенін елестету қорқынышты. Олай болса, бұл жағдайда қалайша «әмин» демеске? Ал былай кездерді айтпай, тіпті болмағанда Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі аталған сәтте салауат айтпаудағы үшінші рет «әмин» деуі, салауаттың артықшылығын паш етіп тұрғандай. Себебі Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқан кезде күнәлар кешірілмеуі, дәрежелердің көтерілмеуі, сауаптардың артпауы мүмкін емес.

Анас ибн Маликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді» - десе, Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындайды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды» - дейді. Зейін қойып саралайтын болсақ, жүз сауап емес, жүз қажетімізді өтейді дейді. Бұл дүниеде де (отбасы бақыты, күнәларымыздың кешірілуі, амалдарымыздың дұрыстығы т.б), Ақыретте де (сұрақ-жауаптарымыздың жеңілдеуі, сират көпірдің сәттілігі, таразыда сауаптарымыздың басым келуі т.б) сансыз қажеттеріміз бар. Пендешілікпен біліп-білмей істеген қаншама қателіктерміз бар. Олай болса, жүрегімізде Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат, тілімізде салауат, ісімізде сүннет амалдар болсын! Көзіміздің қарашығы, жүрегіміздің шапағатшысы, әлемдерге рахым етіп жіберілген Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болғай!

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Қызылорда облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру