Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МИҒРАЖ МҰҒЖИЗАCЫ

Хасан АМАНҚҰЛ "Мұнара" газеті 21.03.2020 6883 0 пікір
МИҒРАЖ  МҰҒЖИЗАCЫ

Бүгін – Миғраж түні. Осыдан 1400 жыл бұрын, яғни 621 жылы Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Ислам тарихында ғажап бір оқиға болып өткен. Ол Миғраж оқиғасы болатын.

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, ғайып әлемін аралаған, Ұлы Жаратушымен қауышып, тілдескен. Бұл жерде исра мұғжизасын да айта кету керек. «Исра» сөзі мағыналық жағынан «түнделетіп жол жүру» дегенді білдіреді. Алла Тағала сүйікті құлын (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түннің бір мезгілінде Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне көзді ашып-жұмғанша апарып, қайта алып келген.

Осы түнде періште Жәбірейіл (періште) Пайғам­барымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Мұхаммед,  Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (періште) оны Харам мешітінен Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз, пәк. Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші», – делінген («Исра» сүресі, 1-аят).

Ақса мешіті де мұсылмандар үшін қасиетті саналады. Ол Мұса, Иса және екеуі арасында өткен барлық пайғамбарлардың қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да Меккедегі Харам мешіті қыбыла болғанға дейін сол Ақса мешітіне қарап намаз оқыған.

Ал «миғраж» биікке көтерілу, жоғарылау деген мағынаға саяды. Дініміз тұрғысынан Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түннің бір уақытында Ақса мешітінен аспандағы Сидратул-мүнтахаға көтерілгенін айтамыз. Бұл жайында Құранда: «Сол сәтте Сидраны (болмыстың ең шетіндегі жаратылыс ағашын) қапсырған (Алланың рақымы) оны одан сайын қапсыра түсті. Алла елшісінің көзі асып-саспады һәм басқа жаққа таймады (көргенін анық көрді), сондай-ақ, көру шегінен де ары аспады (яғни, елес көрмеді)», – деп баяндалған («Нәжім» сүресі, 16-17 аяттар).

Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Имам Тахауи Ақида мәтінінде былай дейді: «Миғраж оқиғасы – ақиқат. (Ол түні) Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исра жасады. Ояу халде денесімен дүние аспанына көтерілді, одан ары Алла қалаған биіктікке көтерілді. Алла қалаған кереметтермен құрметтелді. Алла сол сәтте оған уахи берді. «(Пайғамбар) Көрген нәрселері жайлы еш өтірік айтпады» («Нәжім» сүресі, 11-аят).

Бұл мұғжиза (ғажайып оқиға) Құранмен де, сахих хадистермен де дәлелденген. Осы бір құтты оқиғадан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргендерін жұртқа жеткізгенде оған жүрегіне иман нұры орныққан жандар иман келтірді».

Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адам­дар­дан тек пайғамбарларға ғана тән, таң­ға­жайып құбылыс. Алла Тағала Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарларды Миғраж мұғжизасымен сыйлаған. Соның ішінде біздің пайғам­бары­мыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражы ерек­ше өткен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарының жалғасында Ғарышқа өтіп, Алла Тағаламен тілдескен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж түнінде көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды ғафу етуді сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Құдайым, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деді. Хақ Тағала: «Намаз – мүміндердің миғражы», – деп Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хабармен қуантты.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый жасалды. Біріншісі, «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты уахи етілді. Екіншісі, Қиямет күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін шапағат ету шарапаты берілді. Үшіншісі, бес уақыт намаз парыз етілді.

Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла Тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір пайғамбарға нәсіп етпеген ең ұлы керемет еді. Сол үшін пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі – Миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шегі шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.

Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла Тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла Тағала Ережеп пен Шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, Рамазан айына аман-есен жеткізсін!

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру