Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДӘРЕТХАНА ӘДЕПТЕРІ

Думан САЙФУЛЛИН muftyat.kz 20.03.2020 403 0 пікір
ДӘРЕТХАНА ӘДЕПТЕРІ

Адам баласы тазалыққа өзінің діни және дүниәуи істерінде мұқтаж болғандықтан, дінімізде тазалық мәселесіне ерекше мән берілген. Алла Тағала Құранда: «Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят) – деген. Мұсылман адам өзінің жаны мен тәнінің тазалығына аса мән беруі тиіс. Өйткені, жан мен тән тазалығына мән беру – Раббымыздың сүйіспеншілігіне бөленуге апаратын іс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде тазалықтың маңыздылығына байланысты: «Тазалық иманның жартысы» (Муслим, Ахмад, Әд-Дарими) деп айтқан. Тіпті тазалықты сақтамау адамның қабірде азапталуына себепші болады. Ибн Аббас (р.а) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып, былай деп айтқанын естіген: «Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ. Дегенмен, бұлардың күнәлары ауыр. Оның бірі өсек тасыған болса, екіншісі өзінің зәрінен сақтанбаған» (Муслим, Байһақи).     

Тазалық қоғамда түрлі аурулардың таралуына тосқауыл қояр негізгі себеп екеніне күмән жоқ. Дініміздің тазалыққа өте мән беріп, адамдарды оған үгіттеуінің де басты сыры – осында. Осындай хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар– дегенде, адамдар: «Иә, Алланың елшісі екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрады. Сонда ол: «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген (Муслим, Ахмад,Әбу Дауд)».

Енді дәретке қатысты кейбір әдептеріне тоқталайық.

 

  1. Дәретханаға кірерде арнайы дұға оқу

Дәретхана нәжіс әрі лас орын болғандықтан, ондай лас жерлерге жын мен шайтан да әуес болады. Шайтанның зияны мен уәсуәсынан сақтану үшін мұсылман адам дәретханаға кірер алдында төмендегі  дұғаны айтқаны дұрыс. 

«Бисмиллаһи, Аллаһумма инни әғузу бика минал хубуси уәл-хабаис». Мағынасы – «Алланың атымен. Аллаһым! Еркек және ұрғашы жындарға қарсы Сенен пана тілеймін» (Бұхари, Тирмизи, Ибн Мәжа).

Дәретханаға сол аяқпен кіреміз. Оң жақ көбінесе дәрет алу барысындағы дене мүшелерін жуғанда, киім кигенде, мешітке не үйге кіргенде, дәретханадан шыққанда қолданылады. Ал сол жақты, керісінше, дәретханаға кірерде, аяқ киім шешерде, мешіттен шығарда қолданғанымыз жөн.  

  1. Бұлақтың басына, адамдар жүретін жолға және көлеңкеге дәрет сындырмау

Адамдар жүретін, отыратын, демалатын жерлер мен қоғамдық орындарда дәрет сындыруға тыйым салынады. Муғаз ибн Жабал (р.а) жеткізген хадисте: «Лағынет әкелер үш істен сақтаныңдар, (олар) – бұлақтарға, жол ортасында және көлеңкеде үлкен дәрет сындыру» (Әбу Дауд, Ибн Мәжа) деп айтылады. Хадисте «көлеңке» деп жаз мезгіліндегі ыстықта адамдардың жиналып отыратын көлеңкелі орынды айтқан. Аталған үш жерге дәрет сындырған адам, басқаларға зарар тигізіп, олардың қарғысын алары сөзсіз. Бұл мұсылманға лайықты сипат емес. Құранда Алла Тағала: «Сондай мүмін ер, мүмін әйелдерді жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар; жала жауып, ашық күнә жүктеп алды» («Ахзап» сүресі, 58-аят) деген. Мұның бәрі Исламның қоршаған ортаны сақтауға, түрлі аурулардың таралуына жол бермеуге үйрететінін көрсетеді.

  1. Ақпайтын суға дәрет сындырмау

Дініміздің әдебі бойынша адам жуынатын жеріне, тоқтау суға дәрет сындыруға болмайды. Әбу Һурайра (р.а) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізді: «Сендерден ешкім ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын» (Бұхари, Насаи). Көлемі аз суға дәрет сындыру – харам. Ал көлемі үлкен суға дәрет сындыру – мәкрүһ тахриман (харамға жақын). Ағынды суға дәрет сындыру – мәкрүһ танзиһан (халалға жақын).

  1. Дәретханаға кірерде қасында Алланың есімі жазылған нәрсенің болмауы

Алла Тағаланың есімі жазылған қандай да бір затты дәретханаға кіргізуге  тыйым салынады. Анас (р.а) атты сахаба: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәретханаға кірмей тұрып, сақинасын шешетін (Тирмизи, Насаи) деп айтқан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сақинасында «Мұхаммед Алланың елшісі» деген жазу болатын.

  1. Құбылаға қарап отырмау

Құбылаға қарап дәрет сындырудың үкімі – мәкруһ тахриман. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Түзге шыққандарыңда құбылаға түзу қарап та, теріс қарап та кіші және үлкен дәрет сындырмаңдар. Алайда (құбыланы) оң жақтарыңда немесе сол жақтарыңда қалдырыңдар» (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Әбу Дауд, Насаи, Ибн Мәжа). Салман (р.а)  атты сахаба былай деді: «Үлкен немесе кіші дәрет сындырғанда құбылаға қарап отыруымызға, оң қолмен тазалануымызға, үштен кем кесек таспен тазалануымызға, сүйек немесе тезекпен тазалануымызға тыйым салынды» (Мүслим).

Осының негізінде сәбиді де құбылаға қаратып тоспаған жөн. Пәтер ішіндегі құбылаға қаратылып қойылған әжетханада құбыла мен адам арасында қабырғаның бар екенін есепке алсақ, мұндай әжетхананы қолданудың  сөгістігі жоқ.  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбир (р.а) атты сахабасы былай деген: «Пайғамбар құбылаға қарап дәрет сындыруымызға тыйым салған еді. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын (қабырға артында) құбылаға қарап отырғанын көрдім» (Тирмизи, Әбу Дауд, Ибн Мажа

  1. Адамдардың көзінен тасада болу

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен көркем әдептерінің бірі – дәретті адамдардың көзінен шалғай жерде сындыру. Әбу Һурайра (р.а) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Кім дәретханаға барса, жасырынып отырсын» (Ахмад, Әбу Дауд, Ибн Хиббан).

Әбу Зарр (р.а) Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда болған оқиғасын былай деп баяндайды: «Содан соң ол маған: «Осы жерде қал да, мен саған оралғанымша, орныңнан қозғалма!» – деп өзі ары қарай қараңғы түнекке кіріп (көрінбей) кетті. Ал біраз уақыт өтісімен бір қатты дыбыс естідім. Мен Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біреу тап бердіме деп қорықтым да, оған бармақшы болдым, бірақ оның: «Мен саған келгенше орныңнан қозғалма!» – деген сөздерін есіме алдым да, ол оралғанша орнымнан қозғалмай тұрдым» (Бұхари).

Түзге отыру адамның ұятты жерлерінің ашылуын талап ететіндіктен, шариғатымызда әурет жерлердің жабық болуы бұйырылған. Сол үшін ашық жерде, не далада дәрет алатын адам  жерге отырмайынша киімін шешпегені жөн. Сондай-ақ, қажетін өтеген кісі орнынан тұрғанда іш киімін кие түрегеледі. Анас (р.а) былай дейді: «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түзге отыруды қалағанда (жамбасы) жерге таямайынша киімін көтермеуші еді» (Тирмизи).

  1. Отырып дәрет сындыру

Себепсізден себепсіз тұрып дәрет сындыру – макрух. Өйткені, тұрып дәрет сындыру – зәрдің шашырап, киімнің былғануына әкеп соғады. Айша анамыз былай дейді: «Сендерге біреу Алланың елшісі түрегеп дәрет сындыратын десе, оған сенбеңдер. Өйткені, ол отырып қана дәрет сындыратын».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдетте отырып дәрет сындырған, ал ол кіснің тұрып дәрет сындырды деп келген хабарларға келер болсақ, бұл істің мәжбүрлі жағдайда рұқсат етілгендігін көрсетсе керек.

  1. Сол қолмен тазалану

Іш дәреттен тазалану барысында сол қол пайданылады. Бұл туралы: «Сендерден біреу дәрет сындырса, мүшесін оң қолымен ұстамасын. Сондай-ақ оң қолымен тазаланбасын және ыдыс ішіне дем алмасын» (Бұхари).

  1. Истинжа және истижмар

«Истинжа» – кіші немесе үлкен дәрет сындырғанда былғанған жолдың аузын сумен жуып тазалау. Ал «истижмар» деп, екі жолдың аузын кесек таспен немесе топырақпен тазалауды айтамыз. Қағазбен тазалану да осыған кіреді.

Екі жолдың аузын сумен жуып тазалау – бекітілген сүннет. Шыққан нәжістің көлемі дирхамның көлеміндей жайылса, не одан да көбірек болса, сумен тазалану – уәжіп. Әйел кісінің зәр шығатын жолы ер кісінікімен салыстырғанда көлемді болғандықтан, оған әрдайым сумен тазалаған дұрыс.

Анас ибн Мәлик Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізді: «Әй, ансарлар! Алла Тағала тазалану әдептеріңе қатысты сендерді мадақтады ғой! Бұл тазалықтарың жайлы білуге бола ма?». Олар: «Иә, Алланың елшісі, намаз үшін және ғұсыл құйынудан бұрын дәрет алатын әдебіміз бар», – деді. Ол: «Бұдан басқа істейтіндерің бар ма?» – деп сұрады. Олар: «Бұдан басқа істейтініміз жоқ. Алайда дәрет сындырғанда былғанған жолды сумен жуып тазалайтынымыз бар», – деді. Ол кісі: «(Менің сұрағаным да) осы еді», – деді (Байхаки, Мустадрик).

Тек судың өзімен ғана тазалану – жеткілікті. Алайда, алдымен кесек тас не дәретхана қағазын қолданып, сосын сумен жуу бұдан да абзал. Ибн Аббастың (р.а) риуаятында ансарлардың тазалану әдебін мадақтаған түрде Алла Тағала мына аяттарды түсірген: «...Онда тазаруды жақсы көретін еркектер бар. Расында, Алла тазарушыларды жақсы көреді» («Тәуба» сүресі, 108-аят). Сол кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан бұның сырын сұрайды. Олар: «Кесек тасты пайдаланған соң, сумен жуып тазаланамыз», – деп жауап береді (Мажмағу аз-Зауаид). Осының негізінде истинжадан бұрын истижмарды қолдану – сүннет.

Кесек тас пен қағазды пайдаланғанда жыныс жолын үш мәрте тазалаған дұрыс. Әбу Һурайра (р.а) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізді: «Кім кесек таспен тазаланса, тазалану санын тақ қылсын (үш рет, бес рет). Кім осылай істесе, жақсы істеді. Кім олай істемесе, оқасы жоқ» (Әбу Дәуд). Айта кететін жайт, сүйекпен немесе тезекпен тазалануға дінімізде тыйым салынған. Оған қатысты Ибн Масғудтан (р.а) жеткен мынадай хадис бар: «Тезекпен де, сүйекпен де тазаланбаңдар. Өйткені бұлар жын бауырларыңның азығы» (Тирмизи, Насаи).

  1. Дәретханадан шығарда арнайы дұғаны оқу

Дәретханадан оң аяқпен шығып, кейін «Ғуфранакә» дұғасы оқылады.

Мағынасы – «Кешіре гөр!» (Ахмад, Ад-Дарими).

Думан САЙФУЛЛИН,

Аягөз қалалық мешітінің имамы

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі