Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Камалжан ТУРДЫБАЕВ, Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі 20.06.2019 13818 0 пікір

 

Жақсылық жасау – әрбір пенденің көздеген мақсаты болуы тиіс. Әсілінде, адам баласы өзіне жасалған жақсылыққа жақсылықпен қайтарғысы келетіні рас. Алайда, жамандыққа жақсылықпен жауап беру өте қиын болса керек. Расында, қандай жағдай болмасын жақсылық жасау және жақсы істе жарысу мұсылманның міндеті. Алла Тағала Құранда Кәрімде:

«Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар, оның озаттары», –деген[1].

Расында кімде-кім Аллаға шынайы түрде иман келтіріп, шамасына қарай қолынан келгенше жақсылық іс жасаса, ақыретте міндетті түрде оның сауабын алады.

Хақ Тағала Құран Кәрімде:

«Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал, енді кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді», деп баян етеді[2].

Аса қадірлі сахабалар өмірінің соңына дейін Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алып келген дінінен бір қадым да шықпаған. Олар: «Соңғы жәннат болмайынша мұсылман адам қайыр-жақсылық жасауға еш тоймайды», – деген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисін берік ұстанып, бір-біріне көркем сөз сөйлеуде, жақсылық іс жасауда жарысып, мұсылман бауырының жаны мен малын, қалауы мен қажеттілігін өз мұқтаждығынан қашанда жоғары қоя білген. Мысалы, Хузейфәтул-Әдәуие былай дейді: Ярмук соғысында ағамның баласын тауып оған су беру үшін әскер ішінен оны іздеп жүрдім. Егер ол тірі болса, су беріп жараланған жерін таңып берейін деген оймен келе жатып оны жаралылардың ішінен тауып алдым да одан: Су ішкің келе ме?, – деп сұрадым. Ол маған басын изеп «иә» –деп ишарат етті. Су беруге ыңғайлана бергенімде басқа бір кісінің ыңыранып су сұрап жатқаны естілді. Мұны естіген ағамның баласы маған: Суды соған апар,–деді. Мен тез су сұрап жатқан жаралының қасына барсам ол –Хишам бин Ас екен. Енді оған суберуге ыңғайлана бергенімде тағы да бір «су, су» –деген ыңырсынған дауыс естілді. Хишам менен: «Суды ана кісіге апар» деп өтінді. Су құйылған ыдысты ала салып су сұрап жатқан кісіні іздеп табам дегенше ол кісі жан тапсырыпты. Сосын кері қайтып Хишамға жетуге асықтым. Мен оның қасына жете бергенде ол да жан тапсырған екен. Одан кейін ең болмаса ағамның баласына жетейін деп, мен оның жанына енді жеткенімде ол да жан тапсырған екен.

Расында олар Пайғамбардан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Өзің үшін жақсы көрген нәрсені дін бауырың үшін де жақсы көрмейінше нағыз иман еткен бола алмайсың», – деген хадисінің мазмұнын терең түсініп, оны қиналған сәттерінде де орындай білген.

Әбу Умама әл-Бахили есімді бір сахаба былай дейді: «Бір күні сахабалар Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  қайыр-садақа, зекет  малдарын  беріп  жатқан  еді. Дәл  осы кезде мен Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанында іштей дұға оқып отыр едім. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аузыңды  жыбырлатып не айтып отырсың?» – деп сұрады. Мен жауап ретінде:

– Жұрттар қайыр-садақа беріп, жақсылық жасап жатыр. Ал менің қайыр-садақаға берер ештеңем жоқ. Сондықтан: «Субханаллаһи уәлхамду лилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар», (яғни, Алла бүкіл кемшілік атаулыдан пәк. Барлық мақтау-мадақ Аллаһқа лайық. Әрі аса ұлы Алладан басқа ешбір тәңір жоқ»),– деп айтып отырмын,–дегенде, Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): Сенің айтып жатқан сөздерің сен үшін кедейлерге беретін қайыр-садақаңнан да жақсырақ, –дейді.

Иә, олар солай болатын. Өздері қайыр-садақа бере алмаса беріп жатқандарды көріп, іштей қынжылатын. Әрі, «әттең менің де иелігімде мал-мүлкім, қаражатым болғанда ғой, мен де Алланың ризалығы үшін қайыр-садақа етіп беретін едім»,–деп, садақа бергендерге құмарлықпен қарайтын.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Көршісі аш бола тұра, тоқ жатқан кісі бізден емес», – деген хадисін берік сақтап, әрі өздерінің рәмізі ретінде ту етіп өз араларында Алла ризалығымен Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікте бәсекеге түсіп, жақсылық іс жасауда малдарын да жандарын да еш аямаған. Құран Кәрімде Алла Тағала:

«Алладан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар, адамдарға көркем сөз сөйлеңдер. Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер», – десе, тағы бір аятта:

«Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла сендерге Өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші», – деп бізге құлаққағыс етеді.

Иә, маңдайының терімен, білегінің күшімен, білімі мен еңбекқорлығының арқасында тырнақтап жиған тиын-тебенін, мал-мүлкін, қаражатын тек Алланың ризалығы үшін жұмсау үшін адамға ең алдымен шынайы иман мен көркем мінез-құлық қажет. Ал, егер иман әлсіз болса, яки мінез-құлық көркем болмаса бәрі де босқа кетеді.

Омар бин Әл-Хаттаб: «Бірде Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз иеліктерінде болған мал-мүлік, қаражаттан садақа беруді бұйырады. Бұл менің иелігімде әжептеуір қаражаттың бар кезіне тура келді. Сондықтан мен өз-өзіме: «Енді осы жолы Әбу Бәкірден асып түсейін» – деп қолымдағы қаражаттын тең жартысын садақа етіп Алла елшісіне табыстадым. Сонда Алланың елшісі: Үйіңе не қалдырдың? – деп сұрады. Мен Оған: Иелігімдегі қаражаттың жартысын,–деп жауап қата бергенімде Әбу Бәкір Сыддық кіріп келді. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): Ал, сен не қалдырдың, әй, Әбу Бәкір? – деп сұрады. Сонда ол: Алла Тағала мен Оның елшісінен басқа еш нәрсені тастай алмадым,–деп жауап берді. Мен іштей: «Ей, Әбу Бәкір! Енді сенімен ешбір істе жарыса алмаспын» – деп Әбу Бәкірдің аса жомарттығын мойындамасқа амалым қалмады, дейді.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Олар өздері тым мұқтаж бола тұра: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз Сендерден бір сый-сияпат талап етпейміз. Расында біз Раббымыздан қорқамыз» (дейді).Сондықтан Алла, оларды сол күннің апатынан сақтап, жарық жүзге, әрі қуанышқа бөлейді»,– дейді.

Ислам дінін ең көркем, ең бекем ұстанған сахабалар Алла Тағаланың кітабы Құран Кәрімді және Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін күнделікті тіршілікте іске асыра білді. Біз де осы Құран аяттарында сипатталған сахабалар тәрізді Аллаға деген шынайы махаббат пен сүйіспеншілікпен қайыр-садақа берушілерден бола білуге тырысып бағуымыз қажет. Сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кісі жан тапсырған кезде оның үш амалынан басқа бүкіл амалдары тоқтайды. Олар:

  1. Садақаи жәрия (яғни, мешіт, жол салдыру, су құбырлары, яки мектеп-медресе сияқты т.б.қоғамға пайдалы істер жасау)
  2. Өзі тәрбиелеген, немесе, тәлім-тәрбие алуына себепші болған ізгі-салихали ұл мен қыз дұғасы.
  3. Өзгелерге үйреткен білімі, ашқан ізгі жаңалықтар».

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен жарысуға шамамыз жетпейтіндігін дәрменсіз мойындаймыз. Бірақ, өзарамызда бір-бірімізбен қайыр-жақсылық істе жарысуға, бәсекелесуге шамамыз жетеді. Олай болса, Алланың жақсылық істе жарысып жеңіп шыққан құлдарына арнайы әзірленген сыйы – жұмаққа қол жеткізуді нәсіп етсін. Алушы емес, беруші жомарт адам болуда бәсекелесейік.

Аллаға шынайы ғибадат етуде, құлшылық пен тақуалықта жарысайық!

Тілдік мағынасы: Жарысу, тездету сөзі араб тілінде мусараға – деп аталады. Бұл сөздің антонимы – баяу, бәсең, ақырын, жай. Бұл сөзді сөздер мен іс-қимылдарға қолданады. Алла Тағала Құранда: «Олар жақсылықта жарысушылар», – деген.

Мусараға-мақсатына асығып барып жету. Ал жақсылық деп барлық пайдалы, ізгі нәрселер. Жақсылықтың антонимы жамандық[3].

Шариғаттағы мағынасы:

Жақсылықта жарысу деген – Итағат етуге асығу, оны өтеуге жарысу, оны кешіктіруден сақтану.

Қорыта келгенде, жақсылықта жарысудың маңыздылығы жөнінде мынадай тұжырым түюге болады:                                          

Жақсылықта жарысуды Алла Тағала мадақтады.
 «Міне осылар жақсылықтар да жарысады да, олар оның озаттары».
 Дұғаның қабыл болуына себеп болады.

Алла Тағала Құранда:

«Зәкәрияны да есіңе ал. Раббыңа: Раббым! Мені жалғыз қойма. Сен ең жақсы мұрагерсің»,деп жалбарынды. Сонда тілеген қабыл етіп, оған Яхяны бердік. Әрі жұбайын жақсарттық. Өйткені бұлар жақсылықтарға ұмтылады. Бізден үмітпен қорқу арасында тілейді де бізге бәйек болады».
Жәннатқа кіруіне себеп болады. «Озаттар алдыңғы қатарда болады. Міне солар Аллаға жақын болғандар. Жұмақта нығметке бөленеді».
Уайымының, іждағаттың, жігердің жоғарғы деңгейде екенінің дәлелі. Ислам бұл нәрселерге қызықтырған. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Алладан жәннатты сұрасаңдар фирдаус жәннатын сұраңдар», – деген.
Жақсылықта жарысу Алланың ризашылығын, шайтанның ашуын туғызады.
Жақсылықта жарысу арқылы осы дүниеде де, ахиретте де табысқа жетеді.

Сөзімізді түйіндей келгенде мына бір хадиске көңіл аударғанды жөн көріп отырмыз: «Жақсы қасиеттер кейбір кісілерге басқаларға қарағанда көбірек жарасады: Мысалы әділет жақсы. Бірақ ол бастықта болса, одан да жақсырақ. Жомарттық жақсы. Бірақ байда болса одан да жақсырақ. Уәра ғалымда, сабыр кедейде, тәубе жастарда болса, басқаларға қарағанда жақсырақ көрінеді. Ар-ұят жақсы. Бірақ ол әйелде болса жақсырақ».

 


[1] "Мүминун" сүресі, 61-аят.

[2] "Зілзала" сүресі, 8-аят.

[3] С.Тәжібаев. Пайғамбар ақидасы. Нұр-Мүбарак баспасы. 2019. 46-б.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру