Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти 30.04.2019 5549 0 пікір

Бірлік – адамзатты жаңа белестерге шығарған үлкен құндылық. Бұл қасиетті қадір тұтқан қазақ халқы оны мақалдарынан да, даналықтарынан да жырақ қалдырмаған. Ұлы Дала пәлсапасының көрінісі болған мақалдарда «бірлік болмай тірлік болмайды», «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» делінсе, даналардың сөздері «біріңді қазақ бірің дос, қормесең істің бәрі бос» деген қанатты сөздермен өрбіп жатты.

Ия, басқалай болу мүмкін емес те. Оның бірінші себебі, адамның қоғамдық тіршілік иесі екендігінде. Адам жаңа шыңдарға қол жеткізгісі келсе, онда өзі сынды өзге адамдармен бірігуге тиіс, достасуы керек, татуласуға мәжбүр. Осы ақиқатты Алла Тағала Құран Кәрімде:

«... Олардың дүние тіршілігіндегі несібесін араларына Біз үлестірдік. Сондай-ақ, бір-біріне бағынсын деп, бірін-бірінен дәрежеде көтердік. Раббыңның мәрхаметі олардың жиған-тергендерінен артық», – деп баяндаған.

Демек, адамдардың барлығы бірдей бола алмайды, олар бір-біріне бағынышты, тәуелді. Егер қоғамда адамдардың бірлігі берік болса, қоғамның барлық салалары бірдей өркендейді. Жұдырық болып жұмылған қамал алады. Ал, егер араларында татулық пен бірлік болмаса, бір-бірімен мәмілеге келе алмаса, ол қоғам ертелі-кеш құрдымға ұшырап құлдырайды. Сол себепті де дана халқымыз «бөрінгенді бөрі жейді» дейтін. Ал, егер ол қоғам құрыса, орнына бірлігі жарасқан басқа қоғам келеді, және солай жалғаса береді. Бұл сөзімізге тарих беттері куә бола алады.

Тағы бір атап кетер жәйт, қазақ халқы қашан да қонақжайлылығымен танылған. Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін сан халыққа пана болған байтақ даламыз, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де құшағын тарылтпады. Түрлі ұлттар мен дін өкілдеріне бесік болған еліміз қазіргі таңда әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылып та үлгерді. Бұның ең үлкен себептерінің бірі де – шаңырақты шайқалтпай ұстап тұрған керегелердей жүздеген ұлт өкілдерінің бірлігі мен тату өмір сүрулері. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Әй, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп баяндаған.

Ендеше, адамдардың бір-біріне ұқсамауы, ұлттар мен руларға және басқа да ерекшеліктерімен ерекшеленуі табиғи жағдай. Алайда, бұл аятта назар салу керек бірнеше жәйт бар.

Біріншісі, адамдарды түрлі ұлттар мен руларға бөлген Алланың өзі. Ендеше өзін мұсылманмын деп білген адам Алла ісіне налуы тиіс емес. Сондай-ақ, бір ұлтты екінші ұлттан кем немесе артық деп санауға да болмайды.

Екіншісі, барлық адамдар бір ер мен бір әйелден жаратылғандығына сілтеме жасалуы. Бұл деген адамның қайсы бір сипатына бола бөлектемей, бауыр көріп, адами қасиет шеңберінде мәміледе болу керек дегенді ұғындырады.

Үшіншіден, «Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деген үзіндіден адамды адамнан ажырататын қасиет тек тақуалық екенін түсінеміз. Тақуалықтың орны жүректе, көрінісі іс-әрекетте, ал бағалаушысы Алла Тағаланың өзі. Сол себепті қандай да бір ұлтты, елді немесе көпшілікті жамандауға еш қақымыз жоқ. Біздің түсінуіміз тиіс нәрсе, ол тек өзімізді тақуалыққа тәрбиелеп, шама жеткенше жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру ғана. Ал кімнің қандай екенін Алла бізсіз-ақ біледі. Себебі, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.

Төртіншіден, Алла Тағала адамдарды ұлттар мен руларға бірін-бірі танысын деп бөлуі. Себебі, әр қоғамда өзінің құндылығы мен ерекшелігі қалыптасады. Бір-біріне ұқсамайтын бірнеше нәрсені ортақтастыру жаңа бір керемет дүниелерді тудырады. Жаңа дүниелер жаңа бастамаларға жетелейді. Жаңа бастамалар өркениетке жеткізеді.

Осылайша Алла Тағала адамдарды бір бірінен ерекше еткенімен, дәл осы ерекшелікпен бір-бірін толықтырған. Адамдарды ұлттар мен елдерге бір-бірімен қарсыласу үшін емес, керісінше бір-бірімен танысуға, жаңа нәрселерді танып-білсін деп бөлген. Аллаға сансыз шүкір, халқымыз бұл тұрғыда ілгері қатарда деп айта аламыз. Ынтымағы жарасқан еліміздің бірлігіне сызат түспеуін Алла нәсіп етсін. Бірге жаңа шыңдарды игеруді жазып, берекемізді арттырсын.

Бірлік күні құтты болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру