Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастықтың қадірін білу – жетістікке апарар жол

Көпен Әділет 18.02.2019 11432 0 пікір

Адам өмірінің ең маңызды кезеңі жастық шақ. Нақтырақ айтсақ, 14 жас бозбала кезінен 30 жас жігіттік шаққа дейінгі кезеңді алуға болады. Бұл кезең адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Адамның жас кезде алған білімі, оқыған кітаптары, көрген фильмдері, естіген немесе жаттаған сөздері, араласқан адамдары – түгелі дерлік оның болашақта тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сондықтан, жастық шақтағы уақытты болмашы дүниенің арзан ойын-күлкісіне алданбай, тиімді пайдаланып, сауапты іске арнау қажет. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Жастардың ең жақсысы (ойын-күлкіге берілмей, ойлы, байсалды боп) қарттарға ұқсағандары. Ал кәрілердің ең жаманы (жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп) жастарға ұқсағысы келгендері»1- дейді. Бұл хадистен ұғатынымыз, жастардың қарттарға ұқсауы – тепсе темір үзетін жігіттік шағында қызылды-жасылды дүние қанша қызықтырса да мың бір түрлі азғыруларына көңіл аудармай, тән қалауларын шетке ысырып, бойдағы құмарлықты тежеп, күнәларға қарсы тұру деген мағынаға саяды. Қазақ халқында осыған ұқсас нақыл сөз бар: «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер». Әрине, адам уақытын қалай өткізсе де өз еркі. Алайда, уақытты текке жұмсау – ол берілген аманатқа жасалған қиянат, адамның өз өміріне қарсы жасалған орны толмас нұқсан. Ешбір кәрі адам өзінің мән-мағынасыз ойын-күлкімен өткізген өмірімен мақтанбайды, және ешбір адам ізгілік жолында өткізген өз өміріне өкінбейді. Атақты ағылшын жазушысы, драматаург Бернард Шоу «Жастық шақ— әсем зат, оны жастардың оңды-солды шашуы қылмыс» деу арқылы жастық шақтың маңыздылығын айтып өткен. Бұдан «жастық шақта көңіл көтеріп, ойнап күлуге, өмірден ләззат алуға болмай ма?» деген түсініспеушілік тумау керек. Әсте, олай емес. Адамгершілік, моральдік қағидаларға қайшы келмесе, өз өміріне және қоршаған ортаға зиянын тигізбесе, неге ойнап күлмеске?

Жастық шақ – мүмкіндіктерге толы уақыт. Бұл деген адам қолынан келгенше жақсылық істеп, бар күш-жігерін тура жолда сарп етуі. Жас кезде, жалындаған жастық жігер мен күш-қуат тасып тұрған уақытта жасалған құлшылық қарттық келіп, білек-буындар босаған кездегі жасалған құлшылықтан әлдеқайда қайырлы. Себебі, мүмкіншілік бола тұра, жалған дүниенің жылтырағы менмұндалап тұрғанда, Алланың қаһарынан қорқып, күнә мен жамандық атаулыға жоламай, жастық шағын тура жол мен ізгілік жолында арнаған адамға мол сауап бар. Пайғамбарымыз ﷺ Әбу Хурайрадан жеткізген өз хадисінде: «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар: әділ имам (басшы); Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам» - деу арқылы өмірін құлшылықпен өткізген жас жігіттің Алланың алдындағы дәрежесін көрсеткен. Әсіресе, қазіргі уақытта адамгершілік қасиеттер тапталып, ұятты адам заманнан қалыс қалған адамдай саналған, қыздар қылығынан, ұлдар ұятынан айырылған кезде ар-намысы мен қадір-қасиетін қызғыштай қорғаған жастардың орны ерекше. Сондай жастар қоғамды алға жылжытатын – қозғаушы күш, әр түрлі ауралардан тазартатын – емдеуші, өзгерістер әкелетін – реформатор. Бұндай жастар Пайғамбарымыз ﷺ бен сахабаларды үлгі етсе, басқа адамдар осы жастарды өздеріне үлгі етеді. Олар әрбір айтқан сөздерін істерімен дәлелдейді. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю олар үшін күнделікті жасалатын қалыпты іс-әрекет. Рухани жаңғыру осындай жастардан бастау алып, болашақтың іргетасы қаланады.

Жастық кезеңді 30 жасқа дейінгі аралықта үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

14-18 жас аралығы – жасөспірім кезеңі.

Бұл уақыт өтпелі кезеңге сәйкес келеді. Яғни, адамның балалық шақтан жігіттік шаққа өтуі. Біреулер балалықтан арыла алмай жүрсе, енді біреулер ересек адамдарға ұқсауға тырысады. Бұл уақытта адам психикалық жағынан тұрақсыз болады. Өзінің кім болатынын, өмірлік мақсаты қандай екенін нақты білмейді. Сезімге берілгіш және эмоционалдық тұрғыдан құбылмалы келеді. Бұл уақытта адамда еліктегіштік пайда болады. Ересек адамдарша темекі тартуға, ішімдік ішуге және т.б. жағымсыз әдеттерге әуестену осы кезеңде басталады. Сондықтан ата-аналар үшін ең маңызды нәрсе – дұрыс бағыт-бағдар көрсету, жақсы үлгі бола білу немесе үлгі бола алатын тұлға табу, рухани және физикалық тәрбиелеу немесе тәрбиелей алатын адамға беру. Себебі бұл кезде адам барлық жағынан икемді келеді, қай арнаға бұрсаң соған қарай жүреді. Бос уақытын ойынмен өткізген, қара нанның қандай еңбекпен келетінін білмейтін, еш уайымсыз өскен баланың болашағы да сондай халде болады. Ата-ананың алдындағы тағы бір міндет – балаға жауапкершілік сезімін үйрету, қамқорлық танытуды қойып, өз бетінше өмір сүруге бейімдеу. Бұл баланы үйден шығарып жіберу деген сөз емес. Кейбір қолынан келетін, істей алатын жұмыстарды өзіне тапсыру. Мысалға айтсақ, өз киімін өзі жуу, арасында тамақ істеу, үйді реттестіру т.с.с. Бұл баланы келесі өмірлік кезеңге дайындайды, өзіне көбірек жауапкершілік алуға үйретеді. Бұдан басқа дініміздің негізгі қағидаларын орындауды естен шығармау керек. Осы жастан бастап балаға намаз оқу парыз болып саналады. Намаздың өзі баланы тәрбиелеудің бір жолы.

Жас кезде намаз бастаудың артықшылықтары:

1) Уақытты үнемді пайдалану. Болашақта өз өмірін намаз уақыттарына қарай бейімдеуді және бір күндік өмірін осыған қарай жоспарлауды үйренеді.

2) Жауапкершіліктің артуы. Намазын уақытында, қаза қылмай жауапкершілікпен оқыған бала басқа да нәрселерге жауапкершілік танытатын болады. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді үйренеді.

3) Тазалық. Әр уақытта дәретпен, таза жүрген бала Алланың ризашылығына бөленеді. Бұл жайында Пайғамбарымыздың ﷺ көптеген хадистері бар:

«Дәретті болып жүрген адам, ораза ұстаған адам сияқты».
«Дәрет алған адамның күнәлары, ағаш жапырақтары төгілгендей төгіледі» (Табарани).

4) Қаза намаздардың болмауы. Әрине, намазын қазасыз және ықыласпен оқыса, балиғат жасынан намаз бастаған адамның қаза намаздары болмайды.

5) Сабырлылыққа тәрбиелеу. Намаз оқу үшін де сабыр керек. Кейбір кезде ыстық, суық демей далада немесе ауру-сырқау кезде намаз оқуға тура келеді. Осылардың барлығына шыдап, төзімділікпен оқылған намаздың сауабы көп болады.

6) Зейінді болуға баулу. Намаз оқығанда ешнәрсеге көңіл ауытқымай бір ғана намазға зейін қоюды үйренеді. Намаз уақытында ойдың басқа жақта болмауы маңызды. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде былай дейді:

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар, намаздарын немқұрайлы оқиды. Олар, көрсету үшін оқиды».

7) Арсыздық және күнәдан қорғау. Намаз оқитын бала өздігінен жаман нәрселерден алшақ жүреді. Ішімдік, құмар ойын, зина, ұрлық, өтірік айту секілді арсыздықтардан таза болады. Құранда Жаратқан Раббымыз былай дейді:

«(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды».

8) Буын, бел ауруларынан алшақ болу. Жас кезінде намаз бастаған адамды орта жасқа келгенде немесе қарттық шағында буын аурулары мазаламайды.

Бұдан басқа да намаздың пайдалары бар. Намаздың тағы бір пайдасы – көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Мінез – баланың жігіт болып қалыптасуында өзгеріске ұшырайтын бірден бір психикалық ерекшеліктерінің жиынтығы. Адам бойындағы мінез-құлықтың бастапқы көрінісі – қылық. Мұнда әр адамның өмірлік бет алысы, бағыт-бағдары, талғам-сенімі, көзқарасы, мақсат-мұраты көрініс береді. Адам өзін-өзі бақылау жасау арқылы мінезіндегі мінін түзеуге, жағымсыз әрекет пен қылықтардан өзін тыйып ұстауға мүмкіндік алады. Мінез-құлық. адамның өзіне, айналасындағы басқа адамдарға қарым-қатынасынан, жүктелген істі қалай орындайтынынан көрінеді. Бұл оның бүкіл тыныс-тіршілігіне әсер етіп, сыртқы ортамен байланыс жасауын қамтамасыз етеді6. Бала намаз арқылы мінезін түзейді, мінезін түзеу арқылы өзін түзейді. Өзін түзете білген адам – нағыз жетістікке жеткен адам.

19-25 жас аралығы – бозбала немесе бойжеткендік шақ.

Бұл кезеңде адам толықтай жетіліп, ақыл-есі тұрақталып, ересек өмірге аяқ басады. Студенттік уақыттың аяқталып, еңбек етуге, отбасын құруға деген құлшыныстың оянуы осы кезеңге сәйкес келеді. Бұл кезеңде тәрбиенің маңызды қызметі адамның өз мамандығын таңдауына көмектесу, өз отбасын құруына дайындау және азаматтық көзқарасы тұрғысынан әлеуметтік, Отанға деген белсенділігін қалыптастыру болмақ. Сонымен қатар, өз өмірінің келешегі мен жоспарлары, дүниетанымының негізі қалыптасады, өмірге деген өзіндік көзқарасы, өмірдегі өзінің орны айқындалады. Бұл кезеңдегі тәрбие өзінің айқындаушылық қызметін атқаратын болса, дәл сол кезде жеке тұлғаның өз белсенділігі, оның әртүрлі құбылыстарға дұрыс баға беруі, қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы ықпал ете білуі айқын көрініс береді, күнделікті өмірлік тәжірибелерінің нәтижесінде пайда болатын күрделі жағдайлардан шығудың дұрыс жолын таба біледі (икемділік). Адамның тәні күшейіп, сезімдері артумен бірге сыртқы сұлулықтары да жоғары шыңына жетеді. Бұл кезеңде адамның мүмкіндіктері мен күш-қуаттарын босқа кетіріп, кемелдікке жететін жолдарына бөгет болатын мәселелер де кезігеді. Хиджри қамаридың 5-ші ғасырының әдебиетшісі Ансар әл-Маали Кайковус өзінің «Кабуснама» кітабында ұлына жастық шақ туралы: «Балам! Мүмкіндігіңе қарай ақылды бол. Жастығыңды жасама деп айтпаймын, бірақ қырағы бол. Жастық шағыңның күндерін пайдалан, өйткені қартайған соң күш-қуатыңнан айрыласын. Жастық шағында Алланы ұмытпа, өлімнен хабардар бол, ол жас пен қартты таңдамайды. Балам! Қырағы бол, бірақ тәкаппар болма. Әрқашан Алланы ұмытпа, кешірім сұра, өлімнен қорық»,-деп өсиет қалдырған болатын. Нәпсі қалауларының шарықтап тұрған кезінде, Алланың бар екендігін ұмытпай, бір сәттік дүниенің ләззаты үшін ақіретті тастамай, ізгілік пен ар-намыстың жаршысы бола білу – жастар үшін аса маңызды дүние. Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:

«Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың дүние үшін ақіретті ұмытпағандарың және ақірет үшін дүниені ұмытпағандарың»,- деп айтқан.

Жоғарыда айтып кеткендей, бұл кезең отбасы құруға дайындық уақыты. Кейбіреулер ешбір дайындықсыз, нәпсінің жетегінде кетіп немесе ата-анасының күштеуімен ерте отбасын құрып жатады. Алайда, бұндай отбасылардың 30 %-ы соңына дейін жетпей ажырасады немесе өмір бойы бақытсыз болып өтеді. Себебі, олар отбасы дегенді тек үйлену деп білді, үй болудың қаншалықты қиын шаруа екендігін сезінбеді. Әрине, бұдан басқа да ажырасуға себеп болатын көптеген факторлар бар. Бір ғана дайындық жеткіліксіз деп айтуға болады. Бірақ, отбасылық өмірге әзір болу – бастапқы жасалуы керек алғышарттардың бірі. Ендеше, дайындық қай бағытта жүруі қажет, соған тоқталайық:

1) Жауапкершілікті сезіну. Отбасы құруға ниет еткен адам бұл іске өзінің саналы түрде, өз еркімен бара жатқандығын түсінуі тиіс. Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы, ыстығы мен суығы да болатынын білуі керек. Ер жігіт отбасының отағасы, ардақты әке боламын деген оймен үйленсе, қыз бала адал жар, аяулы ана боламын деген ниетпен тұрмыс құрса нұр үстіне нұр болар еді. Жауапкершілік жайында Ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ хадисін келтіре кетсек:

«Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың жауапкершілік көтересіңдер», - деген.

2) Материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алу. Отбасында нәпақа тауып, бала-шағаны асырау ер адамға жүктелгендігі мәлім. Жоғарыда айтып кеткен ажырасудың себептерінің бірі – ер адамның материалдық жағынан дайын болмауы. Әрине, «сүйіктіңмен лашықта да бақытты болуға болады», бірақ қазіргі нарықтық заманда тек махаббат жеткіліксіз. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

«Ерлердің әйелде ақысы болғаны секілді, әйелдің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар ер адамдар (міндеттері мен жауапкершілігіне орай) бір саты жоғары тұрады. Алла өте үстем, асқан дана».

Аятта аталған ерлердің әйелдерінің алдындағы міндеттерінің бірі - әйелін тамақ, киіммен және қаржылай қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, еркектің азды-көпті қаржысы, тұрақты жұмысы немесе шағын кәсібі болғаны абзал. Ал егер бұлардың ешқайсысы болмаған жағдайда, Алла Тағалаға дұға етіп, аянбай тер төгіп, қалай болса да адал жолмен отбасын асырауға бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Себебі, отбасы – аманат, ал аманатқа қиянат жасау мұсылманға жат қылық.

3) Өзін өзі тәрбиелеу. Мұсылман адам (ер мен әйел) тұрмыс құрмас бұрын, барлық жағынан өзін тәрбиелеуі керек. Біріншіден, эмоционалдық тәрбие, ер адам керек кезде ұстамды, байсалды болуға ұмтылса, әйел адам әркез күйеуіне қолдау көрсетуге дайын болуы тиіс. Екіншіден, қаржылық тәрбие, яғни үнемшілдікке тәрбиелеу. Бұл отбасылық өмірде ең қажетті нәрсе. Үнемшілдік ысырапшылдыққа жол бермейді, ал ысырапшылдық күнәға жол ашады. Әр отбасыда өзінің «отбасылық бюджеті» болуы маңызды. «Отбасылық бюджет» ай сайынғы қайырымдылық, азық-түлік, тұрмыстық заттар, пәтерақы, жолақы, киім-кешек (керек кезде) және күтпеген шығындардан құралады. Бұл жерде не себепті қайырымдылық бірінші тұр, себебі ақша бар кезде қайырымдылыққа жұмсау оңайырақ, ал жұмсайтын нәрселерге жұмсалып болып, ақша біткен кезде садақа немесе зекет (нисап мөлшері болса) беру нәпсіге қиын соғады. Ал ай сайынға қаржаттың 10 %-ы қайырымдылық бағытқа жұмсалып тұрса, мұсылман адам екі дүниеде де бақытқа кенеледі. Бұл жайында аят-хадистерде көптеп кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады»10 - деп ескертуде. Тағы бір аятта: «Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші»11 - делінеді. Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:

«Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады».

Үшіншіден, рухани тәрбие, ер мен әйел де тұрмыс құрудан алдын рухани ішкі дүниелерін дұрыстап алулары керек. Үйленудегі мақсат – дүниелік бір мақсаттар емес, тек Алланың разылығы үшін, салиқалы ұрпақ жалғастыру үшін болуы қажет. Рухани тәрбие болмаса, қалғандары түкке жарамсыз болады. Рухани тәрбие – кез келген отбасының тірегі, негізі. Рухани бай болған ер мен әйел, болашақта дүниеге келетін ұл-қыздарына да дұрыс тәрбие беретіні даусыз. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу бәріміздің асқақ арманымыз болғаннан кейін, тәрбиелемес бұрын тәрбиелену қажеттігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, бала естігенінен емес, көбінесе көргенінен тәрбие алады. Төртіншіден, интеллектуалды тәрбие, ақыл-ой өрісін, адамның жаңа өмірлік жағдайларға бейімділік қабілетін дамыту. Американдық ғалым Дэвид Векслердің пайымдауынша интеллект – ақылмен іс-әрекет жасау, рационалды түрде ойлау және өмірлік мәселелерді дұрыс жеңе білу, яғни интеллект – адамның қоршаған ортаға бейімделе алу қабілеті. Қарап отырсақ, интеллектің де отбасылық өмірде өзіндік орны бар. Мысалға, кез келген шиеленісті жағдайды ақылмен шеше білу, таныс емес ортаға (қайын жұрт) тез бейімделу қабілеттері және т.б. Бесіншіден, физикалық тәрбие. «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы» демекші, салауатты өмір салтын ұстану отбасылық өмірде де, күнделікті өмірде де маңызды тәрбие түрі. Алдымен, адам ауру-сырқаудан аулақ болады, жұмыс істеуге деген құлшынысы артады, көңіл-күйі жайдары болады, қайырлы істерді көбірек жасайды. Ал болашақ ұрпақтың дені сау болып тууы, ер мен әйелдің салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты. Қазіргі кезде белсіздік белең алып, көптеген отбасылар ұрпақсыз қалуда. Салдары ажырасуға дейін алып баруда. Белсіздіктің, ұрпақ жалғастыруға қабілетсіздіктің көп жағдайдағы (80 %) себебі – қозғалыссыз өмір, денені шынықтырмау немесе шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жаман әдеттер. Отбасы үшін ең ауыр нәрсе – әкелік мейірім мен аналық махаббатты сезінбеу.

Әлбетте, отбасылық өмірге толықтай жүз пайызға дайын болу мүмкін емес. Ол кезеңнің өзіндік қыры мен сырлары бар, сондықтан кез келген жағдайға іштей дайын болу керек. Жоғарыда аталғандар, осыған азғантай болсын септігін тигізуге итермелейді.

 

26-30 жас аралығы – ер жігіт және әйелдік кезеңі.

Бұл кезеңде адам психикалық жағынан тұрақты, әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, өмірге жастық максимализм тұрғысынан емес, объективті тұрғыдан қарайтын болады. Кез келген нәрсені эмоциямен емес, ақылмен қабылдайды. Әрине, егер алдыңғы кезеңді дұрыс пайдалана білсе. Кейбіреулер бұл жаста әлі күнге дейін өзін бала көріп, еркелікті тастамай, өмірге бозбала немесе бойжеткеннің көзімен қарауда. «Жанның жас болғаны» жақсы ғой, бірақ өмір бойы жас болып қала алмаймыз. Фәни өмірдің қысқалығын түсініп, барынша пайдалы (өзіне де, қоғамға да) өмір сүруге талпыну қажет. Бұл кезеңде ерлі-зайыпты ер мен әйел баяғыдай енді ғана отау құрған жас жұбайлар емес, бір біріне үйренген, артық-кем тұстарын біле отырып, сол беті қабылдайтын, жігіт-қыз кезеңінен өткен, есті адамдар. Сонымен бірге, бұл уақыт бала-шағалы болатын уақыт. Біреулердің баласы мектепке аяқ басса, біреулердікі енді ғана тәй-тәй басып үйренуде болады. Адам өзін тәрбиелеу кезеңінен дұрыс тәлім алып шықса, бала-шағасына да соны үйретеді. Пайғамбарымыз өз хадисінде «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйлығы – дұрыс тәрбие» деу арқылы тәрбиенің әке мен бала өміріндегі маңыздылығын көрсетіп отыр. Жоғарыда айтып кеткендей, отбасылық өмірдің өз аумалы-төкпелі кезеңі болады. Халқымызда оны «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жақсы жеткізген. Неге бұл жерде «сылдырлау» сөзін пайдаланған? Себебі, ыдыстың тек сылдырлағаны оның сынуынан аман қалғаны деген сөз. Бұл дана халқымның «ыдысты сындырмай» жәй ғана «сылдырлатқан», «сынуға» дейін апармағанның белгісі. Ендеше, отбасылық өмірді бақытты етудің, «сындырмақ» түгіл, «сылдырлатудың» алдын алу жолдары жайлы басқа тақырыптарда тоқталамыз.

Аталмыш үш кезеңнен сүрінбей өткен адам өмірінің қалған кезеңдерін де, Алла Тағаланың қалауымен еш алаңсыз сүре алады. Бастысы, тәуекел ете білу, өз қолынан келгенін жасай отырып, қалғанын Аллаға тапсыру және соған толықтай иман ету. Жастық шақ – қайтып келмес өмірдің қысқа ғана уақыты. Оны пайдалы немесе зиянда өткізу адамның өз еркінде. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде былай дейді:

«Адам екі нәрсенің қадірін білмейді – ол бос уақыт пен денсаулық».

Бұл екеуі де адамның жас кезінде жетерлік. Алла Тағалам осы екі нығметті сізбенен бізге тура жолда пайдалануға нәсіп етсін! Әумин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру