Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Уақытты жүйелеу - барлық берекенің бастамасы

Хамзат Қажымұратұлы www.muftyat.kz 23.01.2019 7191 0 пікір

Уақыт – Жаратушының адам баласына берген шексіз нығметі әрі сынағы. Нығметі дейтініміз – сіз сол уақыт аясында Алланы танисыз, құлшылық қыласыз, тәубе етесіз. Бір сөзбен айтқанда Алланың сүйікті құлы болуға әрекет етесіз. Ал сынағын айтар болса ол өте ауыр, әр секундыңыздың қалай өткеніне есеп бересіз.

Алла өзінің Рахман, Рақым, Әділ сипатымен барлық адамға уақытты тең дәрежеде үлестірген, біреуге артық біреуге кем бермеген. Әр адамның үлесінде 24 сағат бар. Бірақ бір адамдар осы уақытты тиімді пайдаланса, енді бір адамдар уақытын рәсуа қылып не өзіне не өзгеге пайдасын тигізе алмауда. Шындығында уақытты жүйелей білу – барлық берекенің бастамасы.

Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты - Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, балалары үшін мейірімді әке, ата-анасына мейірбан ұл, сүйікті жар болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем шығар.Алайда сол мақсатқа жету үшін біз қаншалықты күш жұмсаудамыз? Жауабы әрине күрделі, толғанарлық!!

Кейбір адамдар күйбең өмірінде тыным таппай бал арасы секілді ұшып- қонып жүргенімен жұмысының нәтижесі ретінде бал арасы секілді тәтті балын тата  алмауда. Мұның басты себебі – Алланың аманат етіп берген уақытын тиімді пайдалана алмауымыз, уақытты жүйелі басқарудың тетігін білмеуіміз.

«Адамның күні адаммен» демекші, өзіміз білмегеннен кейін білетін адамдарға жүгінеміз. Осы салада  тер төгіп жүрген заманауи әлемдік мамандарға  зер салсақ, көпшілігі дамыған батыс елдерінен. Бір өкініштісі - ішінде мұсылман мамандардың жоқтығы. Дамыған Еуропа, АҚШ елдерінде уақыттың құндылығына біздермен салыстырғанда көбірек мән беретін секілді. Шетелдік көптеген ірі кәсіпорындары әр мекеменің ерекшелігіне сай үнемді жұмыс істеу жүйесін ойлап шығаруға миллиондап қаржы жұмсауда өйткені техника мен ғылымның әлеуеті күшейген заманда әрбір минут, әрбір секунд қымбат қазына. Уақытты жүйелеу тақырыбында ізденіс жасаған адам батыс ғалымдарының еңбектеріне сүйенбеуі мүмкін емес. Олар жазған  еңбектердің басым бөлігі немесе түгелге дерлігі адамның рухани тұсына қарағанда материалдық жағын қамтамасыз етуге басымдық береді. Мұсылман оқырманы үшін бұл еңбектерден алынар пайда мол болғанымен ислами шеңберге қабыспайтын тұстары да бар екенін ескеру қажет. Осы саладағы өзінің біліктілігін ісімен, сөзімен дәлелдей білген әлемдік мамандардың бірегейін атар болсақ[1]:

1- Брайн Тресли. Алғашында Америкадағы компаниялардың біріне сату ісіне жауапты менеджер болып жұмысқа орналасса, бір жыл өтпей сол компанияның вице-президентіне дейін көтерілді. Трейси өмірінде алпысқа тарта кітап жазған. Кітаптарының басым бөлігі басқа тілдерде жарық көрген. Кітаптарынан бөлек табысқа жетудің жолдарын баяндайтын жүзге тарта аудио-видео сабақтары жарық көрді.  

2- Дэвид Аллен. Уақытты тиімді қолданудың тәсілдерін жазып шыққан. Оның кітаптарының басым бөлігі үздік жоспар құруға, адамның ақылын тиімді қолдануға  бағытталады. David Allen компаниясының негізін қалаушысы әрі басшысы. Оның мақалалары Америкада ең үздіктер қатарынан саналатын Los-Angeles Times, Wall Street Journal, New York Times беттерінде жарияланып тұрады.

3- Стивен Кови. Әлемдегі ең үздік бизнес мамандарының бірі. Адам өмірін басқару тақырыптарына қатысты мәселелердің маманы болып саналады. «Адамның жоғары тиімділігінің жеті жолы» деп аталатын әйгілі кітабы бар. Оның еңбектері қырыққа тарта тілге аударылды.

4- Алан Лакейн. Уақытты басқару бойынша әлемдік мамандардың бірі. «Үлгерудің өнері» атты кітабы үш миллион тиражбен сатылды. Осы тақырыпта кино түсіріп, үздіктер қатарынан көрінді.

Сол секілді Дэн Кеннеди, Керри Глисон, Сэр Ричард Брэнсон, Дэйф Креншоу, Питер Брегман, Атул Гаванде еңбектерін атап өтуге болады.

Аталған мамандардың еңбектерін оқи келе осыған қатысты ислам шариғаты аясынан шықпай келесі негіздерге тоқтадық. Алайда ескере кететін жайт, уақыт жүйелеу әр адамның табиғатына, өмір сүру аймағына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Негізгі тармақтарға тоқталып өтсек:

 

Өзіңді таны;

Көп адамдар бұл өмірде өзін танымай өтіп кетеді. Енді бір адамдар қиын іс басына түскен кезде ғана өзінің шама-шарқын біліп жатады. Алла тағала адам баласын көркем түрде кемшіліксіз жаратқан. Алла тағала Құранда:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық.[2]

Бұл аяттан біз адамның ең ұлы жаратылыс екенін байқаймыз.

Сізді ерекше қабілетімен таң қалдырып, сіздің үлгі тұтқан адамыңыз да сіз секілді қаннан, еттен, сүйектен жаратылған. Оған да сіздікі секілді ақыл, күш-қуат берілген.

 Ондай болмақ қайда деп,

 Айтпа ғылым сүйсеңіз,

 Сізге ғылым кім берер,

 Жанбай жатып сөнсеңіз, демекші адамның өзіне төмен баға беруі – оның ең үлкен жауы.  Егер адам бірінші кезекте өзін силай алмаса, қайтып ол басқаны силата алады.

Кейбір адамдардың жүзінен, жүріс-тұрысынан өзіне деген сенімсіздікте байқауға болады. Туған жердің төсінде өзін нық ұстап, бойын тіктеп, сенімді қадам басудың орнына үйдің өгей баласы секілді айналасына жалтақтап, әр қадамын секеммен басуда. Бұл әрине мұсылманға жат қылық.   

Кезінде бір данышпан былай деген:

النّاسُ أَرْبَعَةُ نَفَرٍ: رَجُلٌ يَعْلَمُ وَيَعْلَمُ أَنَّهُ يَعْلَمُ فَذَلِكَ الْعالِمُ فَاتَّبِعُوهُ، وَ رَجُلٌ يَعْلَمُ وَ لَا يَعْلَمُ أَنَّهُ يَعْلَمُ فَذَلِكَ النَّائِمُ فَأَيْقِظُوهُ، وَ رَجُلٌ لَا يَعْلَمُ وَلَا يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يَعْلَمُ فَذَلِكَ الْجَاهِلُ فَاِجْتَنِبُوهُ، وَرَجُلٌ لَا يَعْلَمُ وَ يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يَعْلَمُ فَذَلِكَ الرَّاغِبُ فِي الْعِلْمِ فَعَلِّمُوهُ.

Адамдар төрт түрлі болады:

Бірінші: Бір адам бар біледі және өзінің білетінін де біледі, міне сол адамға еріңдер ол ғалым.

Екінші: Енді бір адам бар біледі бірақ білетінін білмейді ол ұйқыда оны оятыңдар.

Үшінші: Тағы бір адам бар білмейді бірақ білмейтінін білмейді одан қашық болыңдар ол надан.

Төртінші: Енді бір адам бар білмейді бірақ білмейтінін біледі ол білімге ұмтылушы оны үйретіңдер, деген.    

Бауырым! қолыңа қалам алып, өзіңнің алған ілімінді, жиған азды-көпті тәжірбиеңді саралай келе өзіңнің мықты тұстарын анықтап, қағазға түсір. Алла тағала әр адамға әртүрлі қабілет берген. Адамның бойындағы сол қабілеттерді көре білу, оған ескертіп айту, демеу беру  сол адамның жақындарына, достарына тағылар жүк.

Адамның мүлдем ешнәрсеге қабілетсіз болуы мүмкін емес. Қабылеті оқыған оқуына, шыққан ортасына, ата-анасынан көрген тәрбиесіне, қызығушылығына байланысты айқындалады. Сонымен қатар өзіңізді басқалардан ерекшелейтін қабылетіңіз жалпы жұртшылыққа, өзіңізге пайда әкелетін нәрсе ме? Шариғатқа томпақ тұсы жоқ па? сол жағына да мән беріңіз.

 

Мақсат қою;

Өмірде мақсатсыз адам болмайды. Бірақ өкінішке орай көп адамның мақсаты орындалмас арман болып қала береді. Жоғарыда өзіңіздің қабілетіңізді, орындай алатын жұмыс түрлерін анықтағаннан кейін соған сүйене отырып мақсат қою қажет. Сізбен мүлдем байланысы жоқ, ақиқаттан алыс, қияли мақсаттар қойылмайды. Далада біреудің сиырын бағып жүріп, аспандағы ұшаққа қарап ұшқыш боламын деп мақсат қоя алмайсыз. Әрине жасыңыз сол ұшқышқа қажетті ілімді игеруге мұрсат беріп жатса басқа мәселе. Сіз ақиқат көзімен айналадағы жағдаяттарды ескере отырып, мақсат қойыңыз. Жоғарыдағы мысалдағыдай біреудің сиырын бағып жүрсіз бе? Өмір бойы біреудің сиырын бағып жүрмекшісің бе? Сіз де сол секілді үлкен фермер боламын деп неге мақсат қоймасқа.

 

Мақсатқа жеткен жағдайда оның нәтижелерін ойлау;

Осы мақсатыма жетіп жатсам, Құран кәрімдегі:

          وَجَاهِدُوا بِأَمْوَالِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ ۚ ذَٰلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

Және дүние-мүліктеріңді де, шыбын жандарыңды да аямай Алла жолында жиһад жасаңдар. Біле білсеңдер сендер үшін сол қайырлы,[3] деген аятқа амал еткендерден боламын. Туған жерімнің әлеуметтік жағдайын көтерсем, қажылыққа барсам, ауылыма мешіт салып, адамдардың имандылық жолына түсуіне себепкер болсам деген ізгі ойлар әлбетте адамға қанат бітіріп, арман қиялында самғатып қана қоймай сол арманының орындалуына қосымша күш береді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

إنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى،

“Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі,[4] деген. Осындай игі мақсаттарды ниет еткен адам ісі міндетті түрде берекелі болады және Алла тағала ниетіне қарай мақсатының орындалуына жәрдемші. Ісінің нәтижесін осындай істермен мақсат еткен адамға бұл қосымша көмекші құрал, стимул болмақ.

 

Мақсатқа жетуге жоспар жасау;

Егер өмірде бір мақсат қойып соған жетуге жоспар құрмасаңыз сіздің мақсатыңыз бос арман, қиял ғана. Жоғарыда мақсатыңызда үздік фермер боламын дедіңіз. Фермер болу үшін не қажет? Соны тізбектеп қағаз бетіне жазасыз: белгілі бір малдың түрі, мал тұратын қора, жем-шөп, жайылым, құжаттар дайындау, дайын тауарды өткізетін жер т.б. Осы қажет деген нәрселерді жазғаннан кейін оның реттілігін де білген абзал. Бұл мысал анық болу үшін пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) һижретінен мысалдар келтірсек. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшерде бұл істің толық орандалуы үшін келесі жоспарды іске асырды :

  • Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына көшпей тұрып, оның берекелі ислам астанасына айналу үшін халқын дайындады. Бұл ұлы іске Алла елшісі мұсылмандардың ішінде ең тартымды, сөзге шебер Мұсғаб ибн Умайр деген жас жігітті таңдады.
  • Бұл ұлы сапарға қасына серік ретінде Әбу Бәкірді таңдады.
  • Төрт ай ай бұрын бұл ұлы сапарға түйелердің ішінде ең жүйрігін таңдап, жарып дайындады.
  • Уақытша паналау үшін «Сәуір» үңгірін таңдады.
  • Амир ибн Фаһир есімді бақташыны таңдап, Сәуір үңгіріне дейінгі іздерін жасыру үшін пайдаланды.
  • Абдолла ибн Ариқат есімді мүшрікті жол көрсету үшін жалдады.
  • Мүшріктер алдана тұру үшін өзінің төсегіне Әлиді қалдырды.
  • Мүшріктердің хабарын жеткізіп тұру үшін сол кезде әлі сәби Әбу Бакірдің баласы Абдолланы тағайындады.

Міне, әз пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір мақсатқа жету үшін осындай жоспар құрған.

 

Білікті маманның кеңесіне жүгіну;

Кеңесу – қабылданатын шешімнің дұрыс болуының алғы шарты. Қандай да бір мәселе төңірегінде он ойланып, жүз толғанып, бір тоқтамға келсек те, өзгелердің ойлары мен сындарын ескермей шешім қабылдау, көбінесе сәтсіздікке ұрындырады.

Алла тағала құран кәрімде білмеген жағдайда білім иелерінен сұрау керектігін айтқан:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[5]

Егер бұл саланы толық білмесең, осы іспен айналысқан жетістікке жеткен адамдардан сұрағаның дұрыс. Қажет болса, ақысын төлеп ілім алуыңа болады. Абзалы өзің тұратын аймақтан емес алыстау аймақтан барып үйренгенің, өйткені сенімен көршілес орналасқан адам имандылыққа жақын болмаса кейбір қажетті мәліметтерді бүгіп, жасырып қалуы мүмкін, өйткені ол өзінің сүйікті ісіне біреудің бәсекелес болғанын қаламайды.

Жақсы нәтижеге қол жеткізудің алғы шарты – ақылдасу, жаман нәтиже мен сәтсіздіктерден қорғанудың басты себептерінің бірі – ниеттес адамдардың пікірімен санасу.

 

Бөлшектерге бөлу;

Мақсатқа жету үшін жоғарыда қажетті істерді белгілеген болатынбыз мал қора, мал, шөп-жем т.б. Міне, сол негізгі істерді жік-жікке бөлу керек. Мысалы қора салам дедіңіз бе? қораны неден саласыз? тұрған жеріңіз қандай, қанша малға салу керек? қанша ағаш қажет? қанша құрылыс заттары қажет? Барлығының есебін шығарасыз. Қандай малдың түрімін айнасқыңыз келеді. Сүтті ме? Әлде етті ме? т.б мәселелердің егжей-тегжейін анықталған күйде алдыңызда айқын сара жолдай көрініп тұру керек. Істің маңыздылығы мен реттілігіне де көңіл бөліңіз.

 

Уақытты белгілеу;

Әр істі бөлшектеп тарқатып зерттеп қағаз бетіне түсіргеннен кейін оның орындалу мерзімдерін қою керек. Егер орындалу мерзімі қойылмаса ол құр қағазға жазылған әдемі жоспар болып қала береді. Әрбір істің күрделігіне, ауқымдығына байланысты жасалу мерзімдерін қоясыз. Қолыңызға қалам алып мектеп кезіндегі қабырға газетін жасаған кезіңізді еске алып ақ қағазға бір жылдық немесе алты айлық, үш айлық жоспарларыңызды ай айға бөліп негізгілерін тіркейсіз.

 

АБВГ жүйесін іске қосу;

Шынымен бір мақсатқа жеткіңіз келсе, күнделікті жоспар құруыңыз керек. Адам ойлауы мүмкін «Онсыз да уақытым жетпей жатқанда жоспар жасап отырам ба?» деп. Бірақ сіздің бір күндік жоспар жасауыңыз мүмкін 15 минут уақытыңызды алуы мүмкін, бірақ сол жоспарға кетірген он бес минуттық уақытыңыз сіздің бір күндік 30% ға дейін уақытыңызды үнемдеуге септігін тигізеді. Жоспарда минуттап жазуыңыз қажет. Жазып болғаннан кейін ең маңызды дегендерін «А» әріпімен белгілейсіз. Бұл сол күні міндетті түрде жасалу керек істер. Егер біреу емес бірнеше болса А1 А2 А3 деп белгілейсіз.

Бұдан кейінгі сатыда маңызды сол күні жасалғаны абзал істердің кезегі келеді. Оны біз «Б» деп белгілейміз. Бұл істер сол күні жасалмай қалса, оның салдары ауыр емес. Бірақ бұл екінші күні міндетті жасалу керек істерге кіруі мүмкін.

Үшінші сатыдаға істерге жасаған абзал бірақ жасалмаса үлкен зияны жоқ істер кіреді. Бірақ істеген жақсы, жасалмаса біраз уақыттан кейін жасалуы міндетті амалдарға айналуы мүмкін. Мысалы жұмысыңыздың кіріс-шығыс есебін жасау, айлық коммуналды төлемдерді төлеу т.б.  Оларды «В» деп белгілейміз. Ең соңғы сатыда сізге еш зияны жоқ істер кіреді. Оны істемесеңіз сізге ешқандай зиянды салдары, әсері жоқ. Ол «Г» әріпімен белгіленеді. Жоғарыдағы істерді бітірмейінше бұл бағанға ауыспаған дұрыс.

Әр жасалған істен кейін оны қарындашпен сызып немесе жасалғаны жайында белгі қойыңыз бұл да өз кезегінде сізді келесі іске көшуге күш-жігер береді. Неғұрлым тындырған ісіңіз қиын болған сайын оны сәтті орындағаннан кейін сіздің келесі іске деген құлшынысыңыз да соғұрлым артады. Және бір күндік жоспар құрғанда сол күннің таңертеңінде емес бір күн бұрын кешкісін жасап қойғаныңыз абзал. Өйткені кешке жасалған жоспарға санаңыз тиісінше дайындық қылады. Ұйқы барсында да санаңыз сізге білдірмей соның шешу жолын қарастыра бастайды.

 

Тоқтатушы фактоларды ескеру және оны болдырмау;

Алға қойған мақсатыңызға не кедергі соны анықтауыңыз қажет. Кедергілер адамның өзінен болуы мүмкін еріншектігі, жаман қылықтары, уақытын жоспарда қойған мақсаттарына қатысы жоқ бос істерге жұмсауы, телефон, интернетте сағаттап отыруы. Сол секілді кедергілер сыртқы факторлардан болуы мүмкін пайдасыз істерге тартатын достары, істі жүзеге асыруға қатысты қоғамдық кедергілер, жоспарды жүзеге асыруға қажетті қаражаттың жоқтығы т.б. Аталған кедергілерді жіпке тізгендей етіп жазып, біртінде шешу қажет және кедергілердің күрделігін, реттілігін де ескерген жөн. Осы тұста кейбір мұсылман бауырларымыз өздерінің еріншектігіне  мынандай уәж айтады: «Бұл елде адал жолмен табыс табу қиын» , «Жұмыс істегің келсе пара беру керек», «Жоғарыда таныстарың болмаса қиын» т.б. Бұл сылтау емес, кейбір істер қиындық тудыруы мүмкін бірақ сен сол қиындықтарды жеңе біл.

 

Адамның өзін дамытуы;

Ілгерідегі ізгілердің сөзінде : «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» деген. Өмір үздіксіз алға жылжуда өмірдің алға жылжуымен техника, технология да алға жылжып келеді. Көп адамдар осы өзгерістердің соңына ілесе алмауда. Сол себепті өзіңізді әрдайым дамытып отыруыңыз қажет. Бүгінгі қолданылған телефоныңыз бір жылдан кейін бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін. Сол секілді өзіңіздің игеріп отырған салаңызды осы деңгей жетеді деп тоқырап қалуға болмайды.Адам өмір көшінен қалмауы тиіс. Әуелбаста өзіңіздің салаңызда ең табысты маман болуға тырысуыңыз қажет. Әрине мүмкін номері бірінші маман болмауыңыз мүмкін бірақ соған жетем деп біраз белестерді артқа тастап қоюыңыз ғажап емес. Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды. Бірақ соған жетемін деп бар күшін салып тырысар болса, генерал шеніне жетпесе  де полковник болуы мүмкін. Мақсатты жоғары қоя білу керек. Неғұрлым мақсат жоғары болса, соғұрлым жетер жетістігіңіз де жоғары.

 

Жоспардан шықпау;

Үзілді кесілді жоспардан шықпауыңыз қажет. Соған бар күшіңізді салыңыз. Ай сайын ісіңізді қорытындылаңыз қандай жетістіктерге жеттіңіз қайсыған жете алмадыңыз. Бес уақыт намазға мұқият болған адам секілді құрған жоспарыңызға да аса мұқият болуыңыз қажет. Кей  кезде намаз қаза болып кететін секілді жоспарыңызды толық орындай алмай қалған кезіңіз болса, оның қазасын істеу арқылы орнын толтырып, өтеңіз.

 

Өз-өзіңді күштеу;

Адам әр кез нәпсісімен күресу үстінде пенденің алға қойылған мақсатына жетуіне шайтан барынша кедергі болуға тырысады. Әрине ол мақсат Алланың сүйікті істерінен болса. Сол себепті жоспарлар толық орындалма жатса, аптаның бір күнін таңдап күндегідей сегіз сағат емес, он сағат істесеңіз біраз істеріңіздің орнын толтырар едіңіз.

Уақыт қадірін түсінген адам оның баға жетпес қазына, қайтып орны толмас нығмет екенін түсінеді. Алла берекеге толы күндерімізді көп қылғай!

 

[1] Аталған ғалымдардың еңбектеріне кейін арнайы тоқталамыз.

[2] Тин сүресі, 4-аят.

[3] Тәуба сүресі, 41-аят.

[4] Бұхари хадистер жинағы.

[5] Нахл сүресі, 43-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру