Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰЛЫ ДАЛА ӨРКЕНИЕТІНІҢ ТЫҢ СИПАТТАМАСЫ

Ермек Мұқатай, «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы 30.11.2018 4989 0 пікір

Елбасымыз Н.Назарбаевтың әрбір бастамасы әрдайым дүйім елді дүр сілкіндіретіні көпшілікке аян. Кеше ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлт тарихын дәріптеп, тарихи жәдігерлерді насихаттауға шақырған мақаласы да алты алаштың рухын көтеріп, халықтың көңіл-пернесін дөп басқан бастама болды. Мақаладағы қадау-қадау көтерілген мәселелер ұлт көшбасшысының өткен жылы жарық көрген имандылыққа, ұлттық болмыс пен сана, ұлттық бірегейлік пен тұтастық мәселелерін сөз еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы іспеттес. Рухани қайта түлеуді көтерген өткен жылғы жоба мен бүгінгі мақаланың өзегінің сабақтасуының астарында әлбетте үлкен мән бар деп ойлаймыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек науқаншылдық күйінде қалып қоймас үшін этафетаны «Ұлы даланың жеті қыры» жалғастырып әкеткелі отыр. Сөз жоқ, бұл асқан көрегенділік қасиеттің көрінісі!

Ежелгі Сақ, Ғұн, Түркі, Оксус мәдениетінің қырларын жан-жақты сипаттап һәм айшықтап берген Елбасы мақаласы төл тарихымыздың рухани қырлары мен материалдық мұраларының дәріптеуге шақырады. Өйткені, тарих дегеніміз бұл – ұлтты ой-қатпары, дүниетанымы мен жады. Тарихы көнермей, бабалар ерлігін жадында жаттаған ұлт қана өзгелермен терезесі тең ел ретінде өмір сүре алады. Тарихын аялаған ел ғана бабалар негізін салған ұлы көштен ғибрат алып, келешегіне нық сеніммен қарай алады. Елбасымыз: «Тарих дегеніміз тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі. Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы аппақ парақ бетіне өздігінен түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрлері бар. Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну және болашақтың дидарын көзге елестету үшін біз өткенге көз жіберуіміз керек» деп, өткенге тың көзқараспен қарауға үндейді.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы айтылған атқа міну мәдениетінен бастап, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, ұлы жібек жолы, алма мен қызғалдақ тақырыптарына жеке-жеке тоқталып, бұлардың барлығы ұлды даланың, сол ұлы даланы мекендеген халықтың үлкен мән-маңызға ие символдары мен құндылықтары екенін талдап көрсеткен. «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші тарауында елдің рухани игілігі үшін «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын практикалық маңызды жобаларды ұсынған.

Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы елдің жаңа өрлеу сатысына көтерілетіні айқын. Қазақ халқының осындай ежелден келе жатқан рухани және материалдық мұраларын қазіргі заманғы цифрлық технологияларға сай түрде қайта жаңғырту, осылайша оларды күнделікті қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету елдің дамуына ерекше серпін беретіні даусыз. Бұл туралы ел көшбасшысы «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр» деп тілге тиек еткен болатын. Бұлар алда жасалатын жоспарлар, жобалар.

Ал, осындай рухани құндылықтарды дәріптеу, жаңғырту мақсатында жасалған істердің бірі латын әліпбиіне көшу болды, латынға көшу бастамасын елбасы екі мыңыншы жылдардың басында көтеріп, латын әрпіне 2025 жылы толықтай көшетімізді мәлімдегенмен бұл істі соза беруге болмайтынын айтып биылдан бастап латын әрпіне көшу ісі басталды.

Келесі бір атқарылған іс елбасымыздың қазақтың қасиеті мен қазынасы болған домбыра күнін белгілеуі болды. Бұл жайдан-жай жасалған дүние емес, рухани жаңғыру бағытындағы, ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатындағы ірі бастаманың, іргелі істің бірі болатын. Себебі нағыз қазақтың белгісіндей болған домбыраның үнін сирек естіп бара жатқандай едік. Домбыра күнін белгілеу арқылы ұлтымыздың аз да болса бір жадын жаңғыртқандай болдық.

Қорыта айтқанда, мақалада айтылған «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген жолдарды келтіре отырып, тұтастығымыз бен руханиятымызды қорғау азаматтық міндетіміз екенін айтқым келеді. Атамекенін жауға таптатпаған жауынгер қазақ халқының ұрпақтары ретінде осы найзаның ұшы, білектің күшімен келген туған жердің, тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп, талайлар аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, елдің мәңгілік елге айналуына үлес қосу – перзенттік парызымыз.

Осы ретте елбасы Н.Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Бұл туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жақсы жан – тәнімен сезіну керек» деген тағылымды сөзі жоғарыда айтылғандарды нақтылай түседі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру