Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АХЛАҚ ДЕГЕН НЕ?

muftyat.kz 28.08.2018 15039 0 пікір

Мінез, болмыс деген мағынаға келетін «хулюқ» ұғымы – жаратылыстың ең маңызды мақсаты және оның шынайы тереңдігінің көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, хулюқ – адам баласының өзіндік ерік күшін иләһи ахлаққа негізделген жаратылыс ақиқатына мойынсұндыруы дегенді де білдіреді. Адам өзінің саф табиғи болмысын иләһи мінез-құлықпен көмкеру арқылы ізгілікті істердің баршасын оңайлата алады.          

Араб тіліндегі «халк» және «хулюқ» сөздері бір түбірден келеді және түбір сөз ретінде бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Дегенмен, мағынасы тұрғысынан «халк» – көзбен көруге, сыртқы сезім мүшелерімен сезінуге болатын көрініс, пішін, келбет, бейне, мүсін дегенге саятын материялық мағынаны білдірсе, «хулюқ» – жүрекпен ұғынып, сезімдермен  білінетін, рухқа негізделген өзек, мазмұн немесе мағына дегенді білдіреді. Адамның  шынайы кісілігі сырт келбетімен білінбесе де, өзінің мінезі мен болмысы оны білдіріп қояды. Адам қанша жерден ішкі дүниесін бүркемелеп жасырса да, оның мінез-құлқы бір күні оның шынайы бет-бейнесін ашып салады. Надандық кезеңіндегі бір ақынның даналық тұнған өлеңі де осынау ақиқатты паш етеді:       

 «Кез-келген адамның жұрттан жасырған бір мінезі болса. Ол оны жасырып-ақ бақсын. Алайда, ерте ме кеш пе мінезі бәрібір ашылатын болады».

Яғни, сырт келбет алдаған жерде, мінез бұл жаңылысты түзейді және адамның ішіндегі құпиялардың сырын аша салады. Ал енді, «хулюқ» ұғымы көркем мінез дегенді біліргенімен, адамдағы кейбір қасиеттердің уақыт өте келе оның кісілік табиғатына айналатындығын ескерер болсақ, адам бойында жақсы қасиеттермен бірге жаман қасиеттер де қалыптасып бекиді. Осы себептен адам бойында қалыптасқан жақсы қасиеттерді «ахлақ хасанә» деп атасақ, жаман қасиеттерді «ахлақ сәйиа» деп атаймыз. Хулюқ сөзін екі мағынада қарастыруға болатындығына қарамастан біз бұл мақалада оны тек көркем мінез тұрғысынан ғана қарастырамыз.

Сопылықтың ең мықты өлшемі – хулюқ, яғни ахлақ. Мінез-құлқы бойынша өзгелерден озық тұрған жан кез келген жерде алда саналады. Негізінде ардақты пайғамбарымыз ﷺ осыған қатысты бір хадисте: «Иманы тұрғысынан қандай мүмин ең абзал?» деген сауалға

«Мінезі ең көркем болғаны»

деп жауап беруінің астарында да үлкен тағылым бар.  

Расында да, Алла Тағала ең бірегей құлы ардақты пайғамбарымыздың ﷺ бойында көптеген иләһи нығметтің болғанымен, Оның жанына жұбаныш беру, алаңдаудан арылту және мақтап-мадақтау мағынасында 

 «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» деп,

Оны ахлақи және рухани ерекшелігімен, яғни жаратылыстың мақсат-мұраты, шынайы мән-мағынасы саналатын көркем мінез-құлығына назар аударады. Басқалай айтқанда, Адам атадан бастап Нұр дәуіріне дейін әбден кемеліне келген, сонан соң пайғамбарымыз ﷺ арқылы кемелдіктің соңғы биігі бағындырылған Құранға негізделген нағыз көркем мінез-құлыққа назар аударылған.   

Негізінде, ахлақ – адам өмірінің тереңнен діннің практикасымен біте қабысуы және Құран Кәрімнің мінсіз орындалуы дегенді де білдіреді. Осыған қатысты бір риуаятта Сағыд бин Хишам Айша анамыздан пайғамбарымыздың ﷺ мінезі туралы сұрағанда, Айша анамыз сауалға сауалмен жауап қатып: «Құран оқымайсыңдар ма?» дейді, Сағыд бин Хишам: «Оқимыз» дегенінде, Айша анамыз: "Оның мінезі Құран еді ғой" деген жауабының да терең мәні бар.   

Алла елшісінің ﷺ осы ерекшелігіне қатысты түскен аятта да Оның ﷺ мінезінің Құранға негізделген, адам баласының таным күші тереңіне бойлауы мүмкін емес екендігін айрықша еске салады. Мұны Алла Тағаланың әз елшісіне ﷺ жасаған ерекше ілтипаты ретінде пайымдаумен қатар, Оның ﷺ Құран және иләһи тереңдіктегі айрықша мінез-құлығының ешбір көркем мінез жүйесімен салыстыруға келмейтін, Алла тарапынан тікелей берілген бірегейлігін ұқтырады.

Сонымен қатар, Оның ﷺ осынау теңдессіз мінезі адам санасы бойлай алмайтын тұңғиық тереңдігіне де тікелей ишарат жасайды. Сондай ақ, Расулалланың ﷺ жер бетіндегі күллі адамзат арасында теңдесі жоқ ең көркем мінез-құлыққа ие пайғамбар ﷺ екендігінің айғағы болса керек. Алла елшісі ﷺ өз болмысының материялық әрі рухани қырымен, сыртқы келбеті әрі ішкі дүниесі тұрғысынан, «халқ» және «хулюқ» жағымен бүкіл ізгіліктерге бейімделген, қайырдың әр түріне қол жеткізе алатын және түрлі ұлылыққа бөлене алатын табиғатқа, кабілетке, әлеуетке ие. Ол ﷺ бойына дарыған осы мүмкіндіктерді шашауын шығармай түгел қолданып «аляи-иллийини-камәләт» деп аталатын кемелдіктің ең биік шыңына шыға білді. Өзі ғана шығып қоймай нәрлі бұлақтан өзгелердің де сусындауына жол ашты. 

Ғалымдар көркем мінезділіктің белгісін тілімен және әрекетімен ешкімге жәбір көрсетпеу, өзіне жәбір көрсеткендердің әрекетіне мән бермеу немесе ұмыту, өзіне жамандық жасағандарға жақсылықпен жауап қату сынды өлшемдермен түсіндіреді. Ал, 

«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің»

деген ерекше иләһи ілтипатқа бөленген пайғамбарымыз ﷺ осы өлшемнің ең жарқын мысалы болып табылады.

Ол ﷺ өзінің жанына келген бір кісінің «Әділ бол» деген әдепсіз сөзіне, арқасынан шапанынан сілкілеп жәбір көрсеткен жанға, басына құм-топырақ шашып, қорлық көрсеткен адамға, тіптен өзінің періштедей пәк жарына жала жапқан жалақорға да өкпелеп, ашуға берілген емес. Өкпеге салыну былай тұрсын, сол адамдардың бірі ауырып төсек тартып қалғанда оның көңілін сұрай барды, өлген кезінде жаназасына барып ақтық сапарына шығарып салғаны тағы бар. Өйткені, көркем мінез Оның ﷺ табиғатының түсі, болмысының ажырамас бөлшегіне айналған еді. 

Өмірде небір сыпайы, жұмсақ мінезді, гумманист болып көрінетін жандар бар. Мұндайлардың өмірінде көркем мінез бен сыпайылық – бейімделген бипаз жалған және тез сынатын кристалл іспетті. Болмашы бір өкпе, аз ғана дөрекілік, жанына бататын бір қыршаңқылық олардың шынайы жүзі мен пиғылын әшкерлеуге жеткілікті.  

Ал енді көркем мінезбен көмкерілген жүрек жаһаннамға жіберілген күннің өзінде бойындағы асыл қасиеттерінен танбайды. Тозақтың жан күйзелтер азабына түссе де ешқашан өзінің байсалды, сабырлы қалпын жоғалтпайды. Тіптен зәбәнилермен сырлас болып, басына түскен ауыр халдің өзін кең пейілімен жеңе біледі. Көркем мінезге ие адамның жансарайы кең болады. Басына таудай бәле-жала, зіл-батпан дерт туса да жансарайында өкпесі мен ашу-ызасын көміп тастайтын орын таба біледі.

Ал мінезі жаман, пейілі тар жандар болса, олар әлгі Абылды өлтіріп алып не істерін білмеген, қарғадан да ақымақ Қабыл мінезділер. Осынау кең ғаламның өзінде жағымсыз сезім, ашу-ыза, кек, өшпенділіктерін көметін жер таба алмайды.

Олай болса, адам баласының кемелдігі көркем мінезге қол жеткізу арқылы болмақ. Ғаламның үйлесімі де көркем мінез арқылы болмақ. 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру