Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қателікті кешірушіге қандай сауап бар

Тілейбек Соянұлы 01.02.2018 24270 0 пікір

 

Кешірімді болу - адам бойынан табылатын ең ізгі қасиеттің бірі. Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деп өсиет қалдырған. Ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы :

Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бірін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,

Орыны дайын деседі-

деп кешірімділік жайлы тамаша толғаған.

Кешірімділік қасиеті асыл дініміз исламның негізгі өзегінің бірі болып табылады. Ең әуелі Ұлы Жаратушы Алла Тағаланы ерекше, мейірімді, кешірімі мол деп ұлықтаймыз. Қасиетті Құран Кәрімде «кешірім» сөзі 234 мәрте айтылады екен. Демек, кешірімділікке ерекше мән берілген. Бұл туралы Құранның «Мәида» сүресінің 39-аяттында:

«Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді», деп көрсеткен.

 Кешірімді жандар Ұлы Алла Тағаланың мейіріміне бөленеді. Құранда кешірімді жандар жайлы «Әли-Имран» сүресінің 134-аятында:

«Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» деп, кешірімді адамдарға Ұлы Жаратушының ерекше мейірімі бар екендігін жеткізеді.

Өзгелердің қатесін кешіре білу - адамгершіліктің ең бір жоғарғы үлгісі ретінде айтылады.

Құранда Алла Тағала «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» деп «Ағраф» сүресінің 199- аятында өсиет еткен. Тағы да «Араф» сүресінің 199 аятында: «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» деп әмір еткен.

Кешірімділік туралы хадис шәрифтерде де:

«Кешіріңдер, Алла Тағала да сендерді кешірсін және дәрежелеріңді арттырсын!»
«Алла разылығы үшін кешірген адамның дәрежесін Алла Өзі көтереді» (Мүслим)
«Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, мақрұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге) сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз». (Суюти)
«Саған зұлымдық жасаған адамды кешір, келмеген адамға өзің бар, жамандық жасағанға жақсылық жаса, артынан болса да міндетті түрде рас болғанын айт» (Рузәйн)
«Жаза берудегі қателесу, кешірудегі қателесуден жаманырақ» (Хаким)

Ислам ғұламалары кешірімділікке айырықша маңыз беріп, өсиеттеріне өзек еткенін оғарыдағы сөздерінен аңғаруға болады.  

Қорыта айтқанда, бабаларымыздың «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, кешіре білу кеңдіктің белгісі деп ұғынуымыз керек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру