Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сыйлық сыйлаудың мәдениеті

Хамзат Қажымұратұлы, ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің маманы www.muftyat.kz 30.01.2018 101917 0 пікір

Сыйлық ол - ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықылас көпірі. Сыйлықтың қатқан жүректі жібітіп, оны жұмсартатын ерекше қасиеті бар. Қайнаған ашу-ызаны сейілтіп оның орнына сүйіспеншілік сезімін оятатын ерекше күшке ие. «Ат құйрығын шорт кесісіп» байланысы үзілген талай ағайындардың, бауырлардың арасын қосқан да осы сыйластық, бірінші болып сый тарту. Сыйлық алу əркімнің-ақ ұнататын ісі. Өйткені сыйлық алғанда, адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалады. Ислами құндылықтармен біте қайнасқан қазақи салт-дәстүрімізде сый тарту ежелден бар үрдіс. Сыйлы қонақтың иығына шапан жабу, астына ат мінгізу, алдына қоралап қой, үйірлеп жылқы салып айдату, сəлемдеме ретінде азын- аулақ сый-сыяпатын беріп жіберу – о бастан қазақ дəстүрінің нышандары.

Асыл дініміз ислам бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Адамзатқа сүйіспеншілік тарату оның ажырамас бөлігі, ал сыйлық соның құралы.

Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлыққа үлкен мəн берген. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығы баяндалады:

«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады».
«Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады».
«Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады».
«Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені зиярат – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады».

Байқасақ, сыйлық беру, сыйласудың астарында бір-бірінің үйіне бас сұғу, зиярат ету, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі амалдар жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.

Кемелдікке ие болған ислам діні сыйлық жасаудың әдептерін де біздерге баяндап кеткен.

Сыйлықты қабыл алу

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешуақытта оған сыйға берілген затты сынамаған оны керексіз қылып кері қайтармаған. Ол сыйлықты мұсылманнан да, мұсылман еместен де, еркектен де, әйелден де қабыл алған. Пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұны өзінен кейінгілерге де бұйырған. Бір хадисте:

 لَوْ دُعِيتُ إِلى ذِراعٍ أَوْ كُراعٍ لَأَجَبْتُ ، وَلَوْ أُهْدِيَ إِليَّ ذِرَاعٌ أَوْ كُراعٌ لَقَبِلْتُ 

«Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім.»[1] деген екен.

Бұл жерде «курағ» еті жоқ құр сүйекті айтып отыр. Адам үшін сыйлықтың сапасы оның құны емес маңыздысы адамның сол сыйлық тарту еткендегі ізгі ниеті мен пейілі.  

Басқа  бір хадисте пайғамбарымыз:

أَجِيبُوا الدَّاعِي وَ لَا تَرُدُّوا الْهَدِيَةَ

Шақырғанға жауап беріңдер және сыйлықты қайтармаңдар  деген.[2]

Ризашылық білдіру

Сыйлық сыйланған кезде оған тиісінше ризашылық білдіру әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені сыйлық сыйлаушы адам осы ізгі іс алдында дүниесінің бір бөлігін, уақытын, ойын сол адамды риза қылу мақсатында бөлді. Ризашылықты қалай білдіру керектігі жайында пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

مَنْ صُنِعَ لَهُ مَعْرُوفٌ فَقَالَ   لِفاعِلِهِ جَزَاكَ اللهُ خَيْرًا فَقَدْ أَبْلَغَ الثَّنَاء.

Кімде-кімге жақсылық жасалса, ол жақсылық жасаушыға: «Алла саған разы болсын деп айтса, мақтауды кемеліне келтіргені,[3] деген болатын.

Сыйланған сыйлықты сый тартқан адамның көзінше бір бұрышқа ысыра салу да мұсылмандық әдептен емес. Сыйлық алғаннан кейін ол сыйлық заттай болса, оның сіздің өміріңіз үшін қаншалықты қажетті болғанын ас күйінде болса дәмділігін айтып, ризашылығын жеткізу мұсылмандық әдептерден.

Сыйлықты тең бөлуде әділ болу

Сыйлық кейде бір адамға, кей жағдайда бір топ адамдарға арналуы мүмкін. Егер топтың бір мүшесін сыйлық беру арқылы  қуантып, қалған мүшелері ондай ілтипатқа ие болмаса топ арасында дүрдараздық және өзіне қатысты нараздық тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, сыйлықтың сапасына да мән берген дұрыс. Сыйлықты тең бөлуде әділетсіздік таныту сыйлық сыйлау негізіне оның мақсатына қарама-қайшы ұғым.

Кез-келген ортаның шағын немесе үлкен болғанына қарамастан әділдіктің сақталуымен салауатты да гүлденген ортаға айналады. Сол себепті әділдік ең маңызды қасиеттердің бірі болып табылады және мүміндер оны асыл құндылық деп санайды. Исламда әділдікті сақтау нағыз мүмін адамның белгісі болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы туралы былай деген:

"Өз дүние-мүлкінен кедей адамға беретін, онымен ауыртпашылықты бірге бөлісіп, адамдармен тек әділетті түрде қарым-қатынас жасайтын адам нағыз мүмін болып есептеледі".

Сыйлықты қайтарып алмау

Сыйлық бір адамнан екінші адамға сый ретінде тартылған кезде оның жеке мүлкіне айналады. Ол сыйлықпен не істегісі келсе де істей алады. Кей адамдар берген сыйлығына өкініп, қайтаруын талап етіп жататын кездері болады. Бұл іс әлбетте мұсылманның әрекетіне жат қылық. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ондай адамдар жайында;

الْعائِدُ فِي هِبَتِهِ كَالْكَلْبِ يَرْجِعُ فِي قَيْئِهِ

«Сыйлығын қайтарып алған адам, құсығын қайтарған ит секілді», деп қатаң ескерткен. [4]
Сыйлықты сыйлықпен қайтару

Сыйлық алған адам әр кез сол сыйлық жасаған адамды ұмытпай, реті келген келген кезде сыйлық жасауға тырысуы қажет. Екінші бір адамның оған жасаған ілтипатын ұмытуы адами қасиетке жатпайды.

Сыйлықтың артынан қайтарымын үміт ету

Яғни, сыйлық жасаудағы мақсаты кейін сол адамнан өзіне қажетті затты алу немесе ісінің алға басуы, қызметінің алға басуын үміт ету.  Алла Тағала Құран кәрімде:

يا أيها الذين آمنوا لا تبطلوا صدقتكم بالمن والأذى

Уа иман келтіргендер! Берген садақаларыңды міндетсіну арқылы зая қылмаңдар![5],  яғни, адам берген сыйлығының артынан қайтарым күтуі оны міндетсінуі жасаған сыйын зая кетіретін амалдардан.
 Сәйкес сыйлықты таңдай білу

Әр адамның өзінің талғамы, сүйіп ішетін асы, аса қажетті ұнатқан заты болуы мүмкін. Шашы жоқ адамға тарақ сыйланбайтын секілді, оқу білмейтін адамға кітап сыйланбайды, жасы егде тартқан әйел адамға косметикалық бұйымдар да сыйланбайды. Сыйлық сыйларда адамның талғамын оның қажетті затын дәл табуы – оның бауырына деген риясыз ниетінің дәлелі.

Сыйлықты алғанда бергенде дініне, ұлтына қарамау

لا ينهاكم الله عن الذين لم يقاتلوكم في الدين ولم يخرجوكم من دياركم أن تبروهم وتقسطوا إليهم إن الله يحب المقسطين

Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз ата-мекендеріңнен қуманғандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды. Шүбәсіз, Алла әділдікке, адам құқығына ерекше мән беретіндерді жақсы көреді.[6]

Құранда мұсылмандарға кітап иелерімен жақсы қарым-қатынаста болу керектігі жайында айтылған.

 Сыйлық бергенде рияшылдықтан аулақ болу

Діни тұрғыдан алсақ, адамдардың өз құлшылықтарын, өзге де іс-әрекеттерін шынайылықтан алыстау жасап, ықылассыз атқаруын білдіреді. Басқаша айтқанда, әр мұсылман барлық амалын Алла разылығы үшін жасауға міндетті. Садақа берсе де, сыйлық тарту етсе де, қай жақсылығы болмасын Алла разылығына арнауы керек. Іс-әрекетті Алла разылығы үшін жасауды  «ықылас» деп атайды. «Ықыластың» теріс мағынасы осы «рия». Жасалып жатқан әрбір істі, яғни ислам діні бұйырған әрбір амалды Алланың разылығы үшін емес, дүниедегі мақсат-мүддесі үшін жасау, яғни Алланың емес, адамдардың ризашылығын алуды көздеу осы рияға жатады.

Сол секілді тарту еткен сыйын әр кез еске түсіріп тұру да орынсыз амалдардан. Жасаған сыйы жайында адам барынша тез ұмытқаны жөн.

Сыйлық пара шеңберне кіріп кетпеуі тиіс

Кінәліні кінәсыз, бұрысты дұрыс, жаманды жақсы, лайықсызды лайықты етіп көрсету үшін алынған ақша, мал-мүлік пара болып табылады. Өйткені хадис шәрифте:

«Пара алғанға, бергенге және бұлардың арасында параға арашы болған адамға да Аллаһ лағынет етсін» [7], деген. Басқа бір хадисте:
«Пара алған да, берген де жаһаннамда»[8] деп, біздерді барынша пара беруден аулақ болуға үндейді.

Хазреті Омар халифа кезінде әйелімен бір ауылға барады. Ол ауылдағы әйелдер хазреті Омардың әйеліне түрлі сыйлықтар береді. Үйге қайтқандарында хазреті Омар әйелінен “Бұларды қайдан алдың?” деп сұрайды. Әйелі “Ауылдық әйелдер сыйға берді” дейді. Хазреті Омар “Мен халифа болмағанымда саған бұл сыйлықтар берілмес еді. Мен халифа болмай тұрған кезде неге саған сыйлық бермейтін еді?” деп берілген сыйлықтарды “бәйтул мал”-ға (мемлекет қазынасына) өткізеді.

Пара мен сыйлықтың негізгі бес айырмашылығы:

Сыйлық беруші адам мен сыйлық алушы адамдардың арасында сүйіспеншілік, бауырмашылық орнаса, пара беруші мен пара алушының арасында ыза, кек, ашу орын алады.
Сыйлық алушы адам сыйлығын ешуақытта жасырмайды керісінше оны көрсетіп мақтан тұтады, ал пара алған адам ол әрекетін жұрт алдында мақтан тұта алмайды.
Сыйлық беруші өз еркімен берсе, пара беруші адам шарасыздықтан береді.
Сыйлық алған адам көкейінде сыйлық берген адамға қарымта сыйлық жасауды ойлап жүреді, ал пара алған адамға ондай ойлар келмейді.
Сыйлықпен алмасқан адамдардың жүрегі тыныш тапса, пара алушы мен беруші адамдарды үрей, қорқыныш мазалайды.

    

       

[1] Бұхари хадистер жинағы

[2] Бұхари хадистер жинағы

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] "Бақара" сүресі, 264-аят.

[6] "Мүмтахина" сүресі, 8-аят.

[7] Хаким хадистер жинағы

[8] Табарани хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру