Үлкен ақыл иелері – ой-пікірлерді талқылайды, орта ақыл иелері – оқиғаларды талқылайды, ал төмен ақыл иелері – адамдарды өсектейді.
Өтірік айтудан да төмен сөз түрі бар. Бұл рухани төмен ортада белең алады. Жүрегі мен жаны кірлегені соншалықты адам баласына жала жабу бойына біткен мінезге айналады. Бұл өмірлік ұстанымы, ой-пікірі ортақ болмау салдарынан туындайды.
Жүректегі кек алу мен көреалмаушылық кесірінен адамның сыртынан жала жауып, кінәсіз кісінің ар-намысын кірлетуге барып салады. Жала жабу – өтірік пен жалған куәлік қосындысынан пайда болатын күнә.
Жалпы, жала жабу арабшада «бухтан» сөзінен туындайды. Бұл сөздің түп мағынасы – естуші жағасын ұстап таң қалатын сөз. Бұл дегеніңіз бейкүнә адам жайлы жаман ой қалыптастыру, сол арқылы адамдар арасында кісінің қадір-қасиетін түсіруге әрекет етеді.
Расымен де, қоғамда жала жабу жоқ емес. Құдайдан қорықпайтын және ақыретте есеп-қисапты ұмытқан адам үшін жала жабу басқа да қарапайым сөздерден ешбір айырмашылығы жоқ. Жала жабу арқылы өзінің пенделік мақсаттарын жүзеге асыруға асығады. Ислам діні адал да таза жолға шақырады. Әрбір адамды тектілік һәм бекзаттыққа үндейді. Ол үшін тазалық қажет. Барынша ой мен сананы таза ұстау қажет. Ойы таза адамның тілі тазара түседі. Сөзі түзелген адамның ісі де оңала бастайды.
Убадат бин Сомит (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) маңайында бір топ сахаба тұрғанда былай деді: Кәне, Аллаға ешнәрсені серік қоспауға, ұрлық жасамауға, зина етпеуде, балаларыңды өлтірмеуге, қарсы алдында тұрып жала жабуға, жақсылық етуде күнә жасамауға маған ант етіп, байғат етіңдер. Кімде-кім сертінде тұрса, сауабын Алладан алады. Кімде-кім сертінің бірін бұзса осы дүниеде жазасын тартады да, онысы өтеп болады. Ал, кімде-кім сертін бұзып онысын Алла Тағала жасырып қалса, ол Алланың еркінде. Қаласа кешіреді, қаласа жазалайды»,-деді. Біз баршамыз осы айтқандарға серт еттік[3]»,-дейді.
[1] Таубих уа Танбих
[2] Муслим
[3] Бұхари, Муслим
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру