Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти: ТІРЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ, ТІЛЕГІМІЗ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ

06.05.2016 3948 0 пікір

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

        Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

ТІРЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ, ТІЛЕГІМІЗ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.  

Дініміздегі тағы бір үлкен құндылықтың бірі – сабырлылық. «Сабыр» – Ұлы Жаратушының көркем есімдерінің бірі. Адам кез келген сынаққа тап болса да Алланың разылығы үшін иманын, ары мен ұятын сақтайды, рухани тепе-теңдігін жоғалтпау үшін сабыр етеді. Төзімділік – адамның иманын шыңдап, табандылық пен тағаттылыққа тәрбиелейді.

Сабырлық сақтай білмеген адам шетін істің ұтымды шешімін таппай, парасатсыз пайым жасап, пайдасыз амалға жол береді. Асылында көркем мінезділік пен парасаттылық сабырлық тамырынан бастау алады. Сондықтан, қашанда сабыр мектебінің үлгілі шәкірті бола білсек, дәйім адамдықтың нарқын ұғынумен, парасаттылық парқына шыға аламыз.

Адам жаны күйзеліске ұшыраған кезде байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Алланың әмірі бойынша орындалады. Демек, әрбір істе ұшқалақтыққа ұрынғанымыз жөн емес.

Әз сахабалар Алла Елшісінен: «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл сұраққа: «Сабыр», – деп жауап берген.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп баяндаған.

Осы аятқа байланысты Ислам ғұламалары: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік етіп, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс», – деп түсіндірме берген екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер, жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ол үшін сауап алады. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Бұған да сауап жазылады».

Өз дәуірінің көрнекті ғұламасы Ф.Рази бір сөзінде былай депті: «Сабыр – адам бойындағы байбаламшылдықты ауыздықтау деген сөз.

Ал хазіреті Әли: «Иманды тұтас дене деп алсақ, сабыр сол дененің басы секілді. Ендеше, бассыз адамның болмайтыны секілді, сабырсыз иман да болмайды», – деп тағылымды тұжырым айтқан екен. Демек, «сабыр иманның жартысы» ғана емес, Аллаға деген шынайы сенімнің өзегі іспетті.

Қазақ халқында: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді», – деген нақыл сөз бар. Шындықты айтамыз деп құр айқайға салмай, әрбір істі ақылға салып, кеңесе отырып шешу жолдарын ұсыну қазіргі уақыт талыбы. Шынайы мұсылман әрбір сөзін ақыл мен иман таразысына салып, көпшілікке ұсына білуі қажет.

Ендеше, кәміл мұсылман адам ретінде сабырымызды сақтап, кемел мұсылмандықтың үлгісін баршаға көрсете білуіміз керек.

Алла Тағала Құранда «Зүмәр» сүресінде сабыр етушілердің сауабы сан мәрте еселеніп қайтарылатынын уәде еткен.

Жаратушы Иеміз баршамызға сабырлық, ұстамдылық, байсалдылық, көркем мінез нәсіп еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру