Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВ: Шарапаты мол - Шағбан айы

25.04.2016 5483 0 пікір

Шағбан – һижра күнтізбесіндегі сегізінші ай. Одан кейін келетін тоғызыншы – Рамазан ораза парызы орындалатын ай. «Шағбан» сөзі «ыдырау», «бөліну» деген мағыналарды білдіреді.

Ғалымдардың айтуынша, ертедегі арабтардың нақ осы айда күннің аптап ыстығынан жаны мен малына су, өріс іздеп, жан-жаққа бөлініп, бөлшектеніп кетуінен немесе бөлек-бөлек жорыққа шығуынан осылай аталған.

Шағбан рамазан айының алдында келетіндіктен бұл айдың өзіндік қадір-қасиеті көп. Бұл рамазан айына дайындық айы. Пайғамбарымыз () осы айда көп нәпіл ораза ұстаған.

Айша анамыз (р.анһа) былай дейді: «Алланың Елшісі () дәл шағбан айында ұстаған оразасындай оразаны рамазан айынан басқа айларда ұстаған емес-ті. Ол () шағбан айының басым көпшілігін оразамен өткізетін». Имам Мүсілім жеткізген.

Имам Нәсәидің сахаба Усамадан (р.а.) жеткізген риуаятында Усама (р.а.) Пайғамбарымыздан (): «Уа, Расулалла! Сіздің басқа айлардан бөлек дәл шағбан айында нәпіл оразаны ерекше көп тұтатындығыңыз неліктен?» - деп сұрағанда, Алланың Елшісі (): «Өйткені, көп адамдар ережеп және рамазан айларының арасындағы осы айдың қадір-қасиетін жете түсінбей, ғапыл қалған. Ал расында, бұл айда ізгі амалдар әлемдердің Раббысына көтеріледі. Сондықтан да мен осы айда ораза тұтамын», - деп жауап берген.

Расында да, шағбан айында ораза ұстау пенденің жанына да, тәніне де өте пайдалы. Өйткені, бұл рамазан айының алдындағы дайындық сияқты. Осылайша ақылды пенде рамазан айында парыз оразаны ұстағанда шаршап-шалдығып қалмас үшін денені алдын ала оразаға үйретеді.

Шағбан айының 14-нен 15-не қараған түні (2016 жылы мамыр айының 21-нен 22-не қараған түні - Бәраат түні) яғни айдың қақ ортасындағы түн Бәраат кеші деп аталады. «Бәраат» сөзі араб тілінде «арылу», «ақталу», «күнәдан тазару» деген мағыналарды білдіреді. Кейбір тәпсірші ғалымдардың пікірлерінше Алла Тағала Бәраат түнінде періштелеріне алдағы жылда не болатындығы туралы мәлім етеді. Микаил (а.с.) періштеге жанды мақұлықтардың жыл бойғы ризығын белгілеуге, Жәбірейіл (а.с.) періштеге табиғат құбылыстарын белгілеуге әмір етеді. Бұл қасиетті түні шын ықыласпен қосымша, нәпіл намаз оқып, Алладан жалбарынып сұраса, дұғасы қабыл болады. Сондықтан да осы қасиетті түнді ғибадатпен өткізген абзал.

Табарани жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз () былай дейді: «Шағбан айының ортаңғы түні келгенде Алла Тағала барлық жаратылысына назар салады да, мүміндердің күнәларын кешіріп, кәпірлерге мұрсат береді. Өшіккендерді өшпенділіктерінен (біржола) арылғанша (өзімен өзін) қалдырады».

Бәраат түні оқылатын нәпіл намаздың, жасалатын ғибадаттың белгіленген жүйесі, не шегі жоқ. Ең бастысы, осы түндегі еншіден құр қалмай, намаз оқып, дұға етіп, Құран оқып, уағыз тыңдап, жақсы амалмен өткізгені абзал.

Алла Тағала әрбір уақыттың игіліктерінен мақұрым етпесін! 

Орынбасар  ДӘУРЕНБЕКОВ,
Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру