Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Мансұров: Сіз қалай амандасып жүрсіз?

22.04.2016 8813 0 пікір

Мұсылмандық көріністің бірі – сәлемдесу, қал-жағдай сұрасу болып табылады. Сәлемдесу – инабаттылықтың, адамгершіліктің, имандылықтың нышаны. Әр адам күнделікті тірлігін бір-бірінің амандығын сұрасудан, бір-бірімен сәлемдесуден бастайды. Иә, әрбір иманды кісі тілі мен түрінің өзгелігіне қарамай, екінші мұсылман бауырына кезіксе, сәлем береді немесе берген сәлеміне тиесілі жауап қайтарады. Дана халқымыз мұны «әдепті елдің баласы – алыстан сәлем береді», – деп жеткізеді.


Өмірлерін имандылықпен сабақтастырып, салт-дәстүрлерін дінмен өрнектеген байырғы бабаларамыз көне дәуірден бір-бірімен жолыққанда танысын-танымасын «Ассалаумағалейкүм» деп аман-саулық сұрасатын болған. Сондықтан болар, «Сәлем берген саулық алады» деуі. Қарсы тарап сәлемге жылы шыраймен «Уағалейкумсалам» деп амандығын қабыл алып, қол алысып, бауырластығымен төс қағысады.

Сондай-ақ алыстан ат терлетіп келген мейманның өзі киіз үйге енісімен «Ассалаумағалейкүм» деп жалпыға сәлем беріп кірген. Сосын барып: «Мал-жан аман ба?» - деп қал-ахуал сұрасқан. Кісіден, әуелі «Мал» аман ба? – деп сұрауы тұрмыс-тіршілігіндегі төрт түлік малын меңзесе, ал «Жан» аман ба? – деумен отбасы, ағайын-туманың сау-саламаттығын аңғартқан.

Ал үй ішінде адам жоқ болса, шаңыраққа «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беру әдеті де ертеден қалыптасқан. Иә, қазақ халқында сәлемдесу үрдісі – екі ағайынның арасындағы қарым-қатынасты нығайтап қоймай, араздасқан жанмен де достасуға септігін тигізген. Бөлтірік шешен:

«Қонақ келсе есікке,
Жүгіріп шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң қонақты,
Кесір болар несіпке!», – десе, Мәшһүр Жүсіп:

«Біздерге сәлем беру болды – сүннет,
Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет», – деп баян еткен.

Сәлемдесудің шариғаттағы орны «әс-Сәләм» сөзінен алынған. Ол «тыныштық, бейбітшілік, есендік» деген мағыналарды білдіреді. Әлгінде сөз еткеніміздей, саулық сұрасу мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірлікті арттырады. Алла Тағала иман келтірген құлдарын өзара сәлемдесуге шақырады. «Нұр» сүресінің 27-аятында: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, ескерерсіңдер», – делінеді. Ардақты сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.) айтады: «Пайғамбар () маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргеніңде үй-ішіңе сәлем бер. Сенің сәлемдескенің өзіңе және үй ішіңе Алла Тағаланың берекесін алып келеді», – деді».

Сәлемді ықыласпен әрі неғұрлым көп берген сайын, сауабы да соғұрлым арта береді. Пайғамбарымыз () Мәдинаға ең алғаш рет келген кезде: «Ей, адамдар! Өз араларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар. Және адамдарды тамақтандырыңдар. Туысқандарыңмен болған қарым-қатынасты жақсартыңдар. Және адамдар ұйқыда болған сәтте намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа амандықпен, сәлеметпен кіресіңдер», – деп сауап істердің

қатарынан сәлемдесуді бірінші атаған. Бірде Алла Елшісіне () бір адам келіп: «Әссәләму алейкум (Сіздерге Алланың сәлемі болсын)», – деді. Пайғамбарымыз () оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Алла Елшісі (): «Он», – деді. Кейін екінші адам келіп: «Әссәләму алейкум уа рахматуллаһ (Сіздерге Алланың сәлемі мен рақымы болсын)», – деді. Пайғамбарымыз () оған да жауап бергеннен соң: «Жиырма», – деді. Үшінші адам келіп: «Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ (Сіздерге Алланың сәлемі, рақымы мен берекеті болсын)», – деді. Алла Елшісі () оған да жауап бергеннен соң: «Отыз», – деді. Пайғамбарымыздан () мұның мәнісін сұрағандарға бірінші келген адамның: «әссәләму алейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, екінші келген адамның: «әссәләму алейкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, үшінші келген адамның: «әссәләмуалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алғандығын айтып түсіндірген.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 86-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (): «Бір мұсылманның сәлемін алу – уәжіп (міндет). Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі оның мойнындағы ақысы», – деп айтқан. Демек, сәлем беру сүннет, оған сәлем қайтару міндет.

Аллаға шүкір, күнімізде дінге бет бұрып, имандылыққа бой түзеген бауырларымыздың саны артуда. Айтпағымыз, мешітте немесе көшеде болсын екі мұсылман баласы жолыққанда танысын-танымасын бір-біріне сәлемдесуі сүннет. Алайда осы сүннетті орындауда кемшіліктердің орын алып жатқанын аңғарып жүрміз бе? Кейде жамағат-жамағат болып бөліне кететін кей бауырлар екінші мұсылман бауырына сәлем бермек түгілі, оған жауап қайтаруды намыс санайтын кездері де болады. Себебіне тоқталсақ, оның ұстанған бағытымен сенің жолыңның түйіспеуінен деседі. Біле білсек, құбылаға бет бұрған мұсылман бауырыңнан теріс айналу – бірлікке жік салып, өзара бауырмалдықты жоғалту және ынтымақты бұзу деген сөз. Хадиске жүгінсек, Пайғамбарымыз (): «Бір-бірлеріңді жақсы көрулерің үшін не істеу керектігін айтайын ба?! Өз араларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар», – деген.

Ислам – бірлікке үн қатып, бөлінушілікке қатаң тыйым салатын дін. Асыл дініміздің мақсатын білмей сәлемге сараңдық таныту – үлкен қателік. Хадисте: «Адамдардың ең сараңы сәлем беруде сараңдық танытқаны», – делінген.

Сол үшін дінге бет бұрып, имандылық кәусарынан рухани нәр іздеген мұсылман баласы күллі мұсылманның ішкі бірлігін мұрат қылып, сауапты амалға көңіл қойғаны дұрыс. Кемшілікті дер кезінде түзеу – имандылық. Өзінің жеке басын немесе бірге араласатын жамағатын өзгелерден жоғары санау – күнә іс. Өйткені, сәлем беру мен алу барша мұсылманға ортақ амал және ең абзал (сауап) іс. Бір адам: «Уа, Алланың Елшісі ()! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Алла Елшісі () оған: «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген. Сондай-ақ, сәлем – Алла Тағалаға

жақындатып, күнәларымыздың кешірілуіне себепші. Бұл жайында Пайғамбарымыз (): «Расында, адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны – басқаларға бірінші болып сәлемдескені»; «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі» – деген.

Сәлем берудің сүннет аясында көрсетілген әдебі бар. Пайғамбарымыз (): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – десе, тағы бір хабарда: «Жасы кіші – жасы үлкенге сәлем береді», – деп айтқан.

Аталған аят-хадистерге қарап, даңқты бабаларымыздың сәлемдесу үрдісі шариғат шеңберінен аспаған ғой деп еріксіз тамсанасыз.

Тағдыр салған сынақпен қазақ топырағында өктемдік жүргізген Кеңес дәуірі бұқара халықты ұстанған дінінен айырып қоймай, салтымен сіңісіп кеткен «сәлемдесу» дәстүріне де салқындық тигізді. Орысша сәлемдесу кең етек алып, мұсылманша амандасуымыз ақсады. Тек танығанға сәлем беріп, танымағанға сәлем бермеу кең етек алды. Онан қалды сәлемдесудің мәні бұзылып, қысқа қайыра салу да әдетке енді. Соның салқыны айналамызда әлі жалғасып жатыр. Мәселен, «әссәләму алайкум» деп сәлем берген кісіге «уә ғалейкум» деп қысқа қайыра салатындар бар. Әсілінде, сәлемге қысқа жауап қайтару сәлемдесудің түпкі мағынасы мен мазмұнын жоғалтады.

Сондықтан, мұсылман баласы ретінде екінші тараптың берген сәлеміне жүрдім-бардым қарамай, оған сол қалпында немесе онан да жақсырақ етіп қайтару абзал. Құран аятында былай делінген: «Қашан сендерге бір амандасумен сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек етіп не, соның өзіндей етіп қайтарыңдар. Расында Алла барлық нәрсені есепке алушы» («Ниса» сүресі, 86-аят).

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (): «Егер сендерге кітап иелері (христиандар мен яһудилер) «Әссәләму алайкум» деп сәлемдессе, оларға «Уәғалайкум» (яғни, «сендерге де») деп жауап қайтарыңдар, – деген сөзі бар.

Түйіндей келе айтарымыз, Құранның аяты сәлемді онан да жақсырақ қайтаруға немесе өзіндей етіп қайтаруға шақырса, Алла Елшісі () «Уәғалейкум» деп айту мұсылманға емес, өзге дін иелеріне тиесілі екенін жеткізген. Қарап отырсақ, сәлем жайындағы аяттар да, хадистер де жетіп артылады. Онан нені аңғарамыз. Сәлеммен ғана бауырмалдық артатынын түсінеміз. Қозғай берсек, сәлемнің қыры мен сыры таусылмайды. Дегенмен, сәлемге дұрыс жауап қайтару керек екенін жадымызда сақтап, оның жай сөз емес, керісінше екі мұсылманның бір-біріне жасаған дұғасы әрі нағыз бауырмалдықты арттыратын игі іс екенін ескеріп жүрейік. Сәлеміміз қашанда түзу болсын. Бірімізге берген сәлеміміз дұрыс болса, әуелі – сауап аласың, екінші – сыйластығың артады. Сондықтан, сәлем түзелмей, әлем түзелмек емес?!

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, PhD доктор

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру