Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдарымыздың арман-мұраты – Алаштың мызғымас бірлігі болуы тиіс!

20.04.2016 4391 0 пікір

Алаш жұрты мемлекеттілгімізді нығайту үшін Атазаңымызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп саяси жүйеміздің негізгі басымдықтарын тайға таңба басқандай нақты атап көрсеткен. Біздің мемлекетіміз діни мәселелерді реттеуде зайырлылық қағидаларын негізге ала отырып, саяси һәм рухани тұрақтылықты қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Еліміздің дін мәселелерін реттеудегі негізгі құқықтық нормативті құқықтық актісі – «Діни қызмет және діни бірлестіктер Заңының преамбуласында «...Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын...» атап өткен. Демек, ҚМДБ қоғамдық ұйым болғанымен, оның діни ұстанымы – ханафи бағытындағы ислам конституциялық құқықтық құжатпен мойындалған.

Өткен 2015 жылы І Имамдар форуымында қабылданған құжаттың бірі «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасында» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат мәселелерінде Әбу Ханифа мәзһабын басшылыққа алатынын тағы да атап көрсетті. Аталмыш құжатта: «Бұл мәзһаб – Қазақстан мұсылмандарының сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы», - деп ханафи ұстанымының халықтың арман-мұраттарымен біте-қайнасып жатқандығы баса айтылды.

Дін туралы  Заң мен өзгеде құжаттарымызда  ханафи мәзһабының рухани рөлінің мойындалуының басты себебі – қазақ халқы осы мәзһабты ұстанумен рухани тұтастыққа қол жеткізген. Мұны кезінде ХІХ ғасырда этнограф-ғалым В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойлау жүйесі, дүниетанымы, сенім-нанымы  бір екенін көріп, «Бұл не деген рухани тұтастық» деп тамсана айтқан болатын. Яғни, тарихи тұрғыдан алғанда ханафи мәзһабы құндылықтары қазақ халқының мәдени һәм рухани ұйытқысы болғандығы дәлелденген.

Соңғы жылдары ҚМДБ қызметкерлерінің ханафи мәзһабы құндылықтарын жиі ауызға алуына түрткі болған жағдай – тәуелсіздік алғаннан кейін ел аумағында Алаштың тұтастығына сына қаққысы келген дүбара діни топтар бой көрсетті. Оның ішіндегі мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қоғам мүддесіне қауіпті деп танылған «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»,

«Хизб-ут - Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиги джамагат», «ат-Тәкфир уәл Хиджра», «Ан-Нурса», «ДАЙШ» ұйымдарына ресми тыйым салынды.

Бұл діни ұйымдардан басқа ел аумағында Пәкістан, Қырғызстан, Түркия, Мысыр, Ливан және т.б. мемлекеттерден келіп діни қызмет жасап жатқан жамағаттар бар. Олардың кейбірі –діни бірлестік емес, білім беру мекемесі, келесі бірі – қайырымдылық қор, келесісі – коммерциялық ұйым ретінде тіркеліп жұмыс істейді. Тіпті, базбір шетелдік кейбір дінии жамағаттардың Қазақстанда ешбір өкілдігі болмағанмен, олардың діни идеологиясын тасымалдаушы жекелеген уағызшылар да баршылық. Бұл діни  жамағаттар қазақ қоғамына өз діни идеологиясын сіңіруді көздейді. Қазір діни алаңда белгілі бір деңгейде жамағаттар арасында бәсекелістік те бар десек асыра айтқандық емес. Ал, бұл сүреңсіз бәсекелестіктің соңы неге әкеп соғуы мүмкін?

Әлбетте, сырттан енген діни жамағаттардың Алаштың бірлігін ойлап, абыройын асқақтатпайтыны әмбеге аян. Діни жамағаттардың «бір-бірінен қалыспайымын» деген бәсекесіне құр қызықтап қарап отырсақ, олар Алаш жұртын бөліп-бөліп, телім-телім етіп қанжығасына бөктеріп әкетуден тайынбайды. Бәлкім, кейбір сырттан енген діни жамағаттардың бұзық ниеті болмағанмен, бұл сүреңсіз бәскелестіктің ақыр-соңы елге зауал әкелетінін сезінбейді. Өйткені, олардың бар ындыны – Қазақстанды қамти беру, қамти беру...

ҚМДБ бөлінуге тосқауыл болып, іріткіні іркуі үшін қал-қадерінше жұмыстар атқаруда. Имамдарымыздың діни ұстанымы мен қызметін бірізді ету мақсатында былтырғы жылы өткен І Имамдар форумында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» атты маңызды құжаттар қабылданды. Сонымен бірге, Қазақстан мұсылмандары жат идеологиялардың жетегінде кетпесі үшін ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі ел мүддесі ескерілген діни пәтуаларды шығаруда. Діни білім беру саласында да Нұр-Мүбарак университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, сондай-ақ, колледждерге теңестірілген 9 медресе, 3 қарилар орталығында ханафи мәзһабына сай білім беру бағдарламасы іске қосылды. ҚМДБ жыл сайын имамдар мен діни қызметкерлердің біліктілігін анықтау үшін арнайы аттестация өткізеді. Жалпы, имамдар мен діни қызметкерлердің жұмысы әрқашан бақылауда ұсталынады. Егер біліктілігі мен діни қызметі ҚМДБ талаптарына сай келмесе, ондай мамандар жұмыстан шеттетіледі.

Өскемен өңірінің имамдары мен діни қызметкерлері ҚМДБ ұстанымына сай тиісінше жұмыс атқарып келеді. Биыл имамдарымыздың сапын білікті мамандармен толықтыру үшін   Нұр-Мүбарак Египет Ислам Университеті, Шымкент және Үшқоңыр медреселерінің ондаған түлектерін қызметке қабылдауды, сондай-ақ, бірнеше имамдарымыздың біліктілігін арттыру үшін «Имамдардың білімін жетілдіру институтында» қайта оқытып алуды жоспарлап отырмыз. Бұйырса, Өскемен өңірінің дін шырақшылары Алаштың бірлігі мен еліміздің өркендеуіне аянбай қажыр-қайрат етуге әзір! Алла жар болып, дін аман болайық ағайын!

Ермек Мұқатай,
Өскемен өңірінің өкіл имамы,
«Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру