Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 12 - Бір-біріне сену және қызғаныш шегінен аспау

19.04.2016 5703 0 пікір

Отбасы берекесін қашырып, махаббатты жоятын себептердің бірі ерлі-зайыптылардың бір-бірін шектен тыс қызғанулары. Негізінде, мүмін ер мен мүмін әйелдің байланыстары адал да сенімді, егер ислам тәлімдерін берік ұстанған болса.

Алла Тағала иман келтіргендерді осыған қатысты былай деп ескертеді: «Әй, иман келтіргендер, ойлардың көбісінен аулақ болыңдар, әрине, олардың кейбіреуі күнә» («Хужурат» сүресі, 12-аят).

Расында, көз жетпеген айғақсыз ойлар ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш тудырып, махаббат түйіні ағытылады, мұның кесірінен екеуінің бір-біріне деген сезімдері өзгеріп, қарым-қатынастары нашарлайды.

Бұл жайлы пайғамбарымыз () да ескертеді: «Ойдан сақтаныңдар, негізінде, ой өтірік сөздің атасы»[1], - деген.

Біз адамдар туралы көзімізге көрінген істері мен естіген сөздеріне қарап қана ой айта аламыз, ал енді жүректері мен ниеттерін ғайыптарды білуші жалғыз Алла Тағалаға тапсырамыз. Усама ибн Зайд (р.а.) шайқастардың бірінде бір кісіні, Алладан басқа тәңір жоқ деп куәлік айтуына қарамастан, өлімнен құтылуы үшін, өтірік айтып тұр деген оймен өлтіріп қояды. Сонда бұл хабарды естіген пайғамбарымыз () оған: «Оның өтірік айтқан айтпағанын жүрегін жарып білдің бе?...», - деп мазасызданады[2].

Ерлі-зайыптылар исламның талаптарына сай өмір сүрген болса, ешқашан жүректерінде алдап жүр ғой деген күдік тумайды, қайта бір-біріне сенімдері артады.

София анамыз (р.анһа.) былай дейді: Пайғамбар () мешітте иғтикаф құлшылығында болған еді. Кешкі уақытта мен оның хал-жайын сұрауға келдім. Сөйлесіп болып, үйге қайта бергенімде, мені шығарып салуға орнынан түрегелді. Сол уақытта ансарлық екі кісі қасымыздан өтіп бара жатты. Олар пайғамбарды () көре сала жүрістерін тездетті. Сонда пайғамбар () ол екеуіне: «Тоқтаңдар! Бұл София ғой», - деді, ол екеуі: «Иа, Алланың елшісі ()», - деп жауап берді. Ол: «Расында, шайтан адамның бойындағы қан жүретін жолдармен жүреді, сол себептен жүректеріңе жаман ой сала ма деп қорқып кеттім», - дейді[3]. Алланың елшісі () өзін күдікке түсірмес үшін және оларға күмән ұялатпас үшін, қандай әйелмен тұрғандығын түсіндіріп берді.

Ерлі-зайыптылар бір-бірінен қайда бардың, қайдан келдің, кіммен болдың, кімнің үйінен келдің деп әр нәрсенің егжей-тегжейін сұрап мазаларын алмаса, онда бір-біріне деген сенімдерінің берік болғаны. Алланың елшісінің () салиқалы әйелге берген сипаттарының бірі - мынадай: «..Күйеуі жоқ кезде, оның ар-намысын қорғайды»[4], - деген.

Қызғаныш - адамға тән, әрі қажет табиғат. Жұбайын қызғанбау айыпты қасиет, алайда шегінен асуы да мақсат емес, сол себептен оның мәні орташалығында. Пайғамбарымыз () былай дейді: «Расында, қызғанудың Аллаға ұнамдысы да бар, жек көрініштісі де бар. Алла жақсы көретін қызғаныш айғақтың негізіндегі қызғаныш, ал Алла жек көретін қызғаныш - дәлелсіз қызғаныш»[5].

Қызғаныш шегінен асып кететін болса адамды жаман қылыққа итереді. Айша анамыз (р.анһа.): «София секілді тамақты дәмді пісіретін әйелді көрген емеспін, - деді ол, - ол Алланың елшісіне тамақ пісіріп әкеледі, бұл уақытта пайғамбар () менің үйімде болатын. Тұла бойым қалшылдап, қатты қызғаныштан дірілдеген бойы қолымдағы ыдысты жерге түсіріп сындырдым, кейін бұл ісіме өкініп, Алланың елшісіне (): «Бұл қателігімді қалай жусам болады?», - дедім, ол (): «Сол ыдыстай ыдыс табасың және сол тағамдай тағам пісіресің!», - деп жауап берді», - деген.[6].

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[2] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[3] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[4] Әбу Дәуд жеткізді
[5] Ан-Насаи жеткізді
[6] Әбу Дәуд жеткізді

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру