Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 10 - Тіл пәктігі

08.04.2016 4789 0 пікір

Алла Тағала айтады: «Әй, иман келтіргендер, бір адамдар екінші бір адамдарды мазақтамасын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы болар, сондай-ақ әйелдер де басқа бір әйелдерге күлмейтін болсын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы шығар. Кемшілік іздеп, өздеріңе нақақтан жала жаппаңдар және бір-бірлеріңді сөгіс атаулармен қорламаңдар» («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Бейпілауыз адам, мейлі ер кісі болсын, мейлі әйел кісі болсын, оны дүниеде де, ақиретте де бақытсыздық күтуде. Ол біреуді балағаттап қойса, анау да тыныш тұрмас, егер тек сөз қайтарып құтылса, онда істің оңайланғаны. Ал енді, сөзге келмей жазатайым етсе, онда бұл - бақытсыздық емей немене?. Бұл қылығы үшін, дүниеде көретіні осы болса, ақиретте үлкен күнәлардың жазасына бұйырылады. Пайғамбарымыз () былай дейді: «Адамның әке-шешесін қарғауы үлкен күнәлардың қатарына жатады», сонда оған: «Әй, Алланың елшісі (), адам өзінің әке-шешесін қалай қарғай алады?», - делінді, ол (): «Ол біреудің әкесін қарғайды, сонда анау бұның әкесін қарғайды. Ол біреудің шешесін қарғайды, сонда анау мұның шешесін қарғайды», - деді[1].  

Мүміннің тілі пәк болады, ол ешкімнің сыртынан сөз айтпайды, адамдардың арасында өсек тасып, бауырмашы-лықтың берекесін қашырмайды, өзіне айтылған сырды ешкімге ашпайды, ешкімді балағаттамайды. Алланың елшісі () айтады: «Мүмін - тіл тигізетін, қарғыс айтатын, балағаттайтын және былапыт сөйлейтін ұятсыз адам емес»[2].

Адамның мұсылманшылық мінезі тілінен-ақ көрінеді. Пайғамбарымыздан () «Ең абзал мұсылман кім?», - деп сұралғанда, былай деп жауап береді: «Кімнің тілі мен қолынан адамдар зиян шекпесе сол»[3].

Ерлі-зайыптылар бір-біріне сеніп айтқан сырларын ешкімге ашпаулары қажет, сондай-ақ төсек қатынастарын ешкімге суреттеп айтуларына болмайды, өйткені бұлар қиянатқа және ұятсыздыққа жатады. Алла Тағала иман келтіргендереге әдептілікті ескертіп былай дейді: «Олар сендерге киім, сендер оларға - киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят). Яғни араларыңдағы айтылған және болған нәрселерді ешкімге ашпай сақтайсыңдар делінгені.

Алланың елшісі () айтады: «Кім мұсылманның айыбын жасырса, Қиямет күні Алла Тағалада оның айыбын жасырады»[4]. Әрине, әр адамның, әр ерлі-зайыптылардың және әр отбасының сыры болады, бұл адам баласына тән табиғат. Олар күнәларын, қателіктерін және кемшіліктерін жасыруды қалайды. Өйткені бұл құпиялардың ашылуы олардың жүрек дәрежелерінің өзгешелігіне байланысты. Оларды әртүрлі қылықтарға итермелеуі мүмкін, мұның салдарынан тәубадан үміті үзіліп, біреуінің өмірі бұзылады, енді біреуі одан әрі жалғастырар. Ал енді, бірінің күнәсы біреулерге өнеге болып, өзгелердің құлшынысын арттырып, осындай жаман нәтижелер беруі мүмкін. Пайғамбарымыз (): «Шындығында, Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі төмен адам, ол ері әйелімен сырласса және әйелі ерімен сырласса, кейін екеуінің бірі жұбайының сырын басқаларға таратып қоятыны», - деген.[5].

Отбасы мүшелері шаңырақтың астында болған немесе болып жатқан нәрселерді ешкімге ашуына болмайды, әсіресе ашу кернеген кезде абай болулары қажет. Өйткені ашуланып айтып қойдым деген сөздің өзі әлсіз де төмен адамның қылғына жатады. Пайғамбарымыз (): «Күресте қарсыласын жерге жыққан кісі мықты бола алмайды, алайда ашулы кезінде кім өзін ұстай алса, сол мықты болады», - деген.[6].

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[2] Ат-Тирмизи жеткізді
[3] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[4] Мүслім жеткізді
[5] Мүслім жеткізді
[6] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру