Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан МАНСҰРОВ: ҚҰЛШЫЛЫҚҚА ҚҰЛШЫНДЫРАР ҮШ АЙ (ВИДЕО)

05.04.2016 8652 0 пікір

Күнделікті арайлап атқан таңдарымыз бен манаурап батқан кештеріміздің әрбір сәті қадірлі әрі құрметті. Дейтұрғанмен, Алла Тағала жыл оны екі айдың ішінен құлдары үшін қасиетке толы уақыттарды айқындап берді. Ең қасиетті деген күндер, түндер, тіпті айлар біз үшін иманымыздың қорғанышы, қуаттаушысы болып табылады. Өйткені, қасиеті артқан мұндай қадірлі сәттерде молырақ құлшылық жасап, ғибадатымыздың ләззатын сезінуге, иманымыздың қуатын арттыруға үлкен мүмкіншілік бар.

Күллі мұсылман баласын мейірімділікке үндейтін, дүние ісі мен ақирет жұртын қатар алып жүруге шақыратын қасиетті айлар хақында естиміз, біліп те жүрміз. Әйткенмен, сол қасиетті айлардың құндылығы мен берер сыйына бір сәт көңіл бөлгеніміз жөн.

Дініміздегі сондай мүбәрак айлар болып табылатын ережеп, шағбан және рамазан айларына да міне келіп жеттік. Ережеп, шағбан, рамазан айларын Алла Елшісі () ардақтап, олардың қадір-қасиетін сахабаларына білдірген. Тіпті, ережеп айы кіргенде Пайғамбарымыз ():

اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді рамазанға аман-есен қауыштыра гөр!»,[1] - деп дұға тілейтін.

Аталған үш ай өзінің ерекшелігімен қадірлі. Бұл айлардың әрбір күндерін, оның түндерін қастерлеп, қасиетінен құр қалмау үшін құлшылық-ғибадатпен өткізу қандай бақыт?! Біз табиғатымыздан қателесуші, күнә жасаушы пенде болғандықтан оның Жаратқан алдында жуылып-шайылуына аса мұқтажбыз. Ал, санаулы ғана ғұмырымызда күнәнің кішісіне көңіл бөлмеудің өзі ертеңгі күні үлкен күнәлардың өзін елемеуге апарып соғары анық. Сондықтан, шыбын жанымыз кеудемізде бар кезде, өмірімізге, күнделікті әрекетімізге есеп бере отырып, қасиетті айларда тәубе мен истиғфарды кешіктірмегеніміз жөн. Өйткені, аталған үш ай осындай мүмкіндікке толы айлар.

Ережеп айының ішінде рағайып және миғраж кеші, шағбан айында бәраат түні, рамазан айында мың айдан да қадірлі қасиетті қадір түні бар. Аталмыш айлар осындай қасиетті түндерімен ерекшеленеді. Ал, Алла  Елшісі () рамазан айымен қатар ережеп, шағбан айларында көбірек құлшылық жасап, ауыз бекітетін болған.

Ұлылық айы – Ережеп


Аталмыш қасиетті үш ай ережеп айымен басталады. Мұсылман күнтізбесіндегі он екі айдың төртеуі қасиетті айлар болса, соның бірі – ережеп айы. Бұл жөнінде Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ وَقَاتِلُواْ الْمُشْرِكِينَ كَآفَّةً كَمَا يُقَاتِلُونَكُمْ كَآفَّةً وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ مَعَ الْمُتَّقِينَ

«Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (зулқағда, зүлхиджа, мухаррам, ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар».

Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп – исламнан бұрын да арабтардың қастерлейтін, құрметтейтін айы саналған. Ежелгі арабтар қасиетті айда соғысуға тыйым салған. Тіпті, ислам келгенге дейін осы дәстүр араб халқында сақталып келген. Ислам діні келгеннен кейін бұл айға деген құрмет тіпті күшейе түсті. Бұл жайында қасиетті Құранда былай делінеді:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ وَصَدٌّ عَن سَبِيلِ اللّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِندَ اللّهِ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ وَلاَ يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىَ يَرُدُّوكُمْ عَن دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُواْ وَمَن يَرْتَدِدْ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُوْلَئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأُوْلَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ  

«(Мұхаммед с.ғ.с.) олар сенен құрметті айда соғысудан сұрайды. Оларға: «Ол айда соғысу зор кінә. Дегенмен, Алланың жолынан тию, Оған қарсы келу, Мешіт Харамнан тыю және оның тұрғындарын шығару Алла Тағаланың қасында тағы зор күнә» де. Сондай-ақ жауыздық, кісі өлтіруден де зор. Егер олардың шамалары келсе, сендерді діңдеріңнен қайтарғанға дейін өздеріңмен соғысуды үзбейді. Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақиретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады («Бақара» сүресі, 217-аят).

Алла Елшісі (): «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі ережеп айын оразамен өткізсе, Жаратушының мынадай үш жақсылығына ие болады:

1.Өткен күнәларын кешіреді;

2.Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды;

3.Қиямет күні Алла Тағала оның шөлін қандырады», - десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған «Фирдаус» жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар», - деген мағынада айдың қадірін білдіретін хабарлар жеткен. Деседе бұл хадистерді «даъиф» хадистер санатына жатқызамыз. Амалға асыруға жарамсыз болса да мазмұны жағынан сауап амалдарға қызықтыру бабынан қабылдауға болады.   

Ережепте қасиетті екі түн бар. Яғни, ережептің алғашқы жұмасы рағайып түні, ал жиырма жетінші түні миғраж түні болып табылады.

Миғраж – сый берілген сапар


Қасиетті ережеп айына тиесілі кештің екіншісі – миғраж кеші. Яғни, ережептің 26-нан 27-не қараған түн «Исра және Миғраж кеші» деп аталады. Бұл тарихи оқиға Пайғамбарымыз () Мәдина қаласына һижрет етуден он сегіз ай бұрын болған. Алла Тағала адам баласы көрмеген көктегі аспан қабаттарын және пейіш пен тозақты көруді Пайғамбарымызға () нәсіп етті. Онда Алла Тағала Пайғамбарымызға () көптеген мұғжизалар көрсетті. Исра сапары мен оның сырын Құран былай баяндайды: 

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті с.ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін мешіт Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші» («Исра» сүресі, 1-аят). Ал, Миғраж оқиғасы аятта былай аталады:

وَلَقَدْ رَآَهُ نَزْلَةً أُخْرَى . عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَى. عِنْدَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى . إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى . مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى . لَقَدْ رَأَى مِنْ آَيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَى 

«Расында ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасында Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді», - («Нәжім» сүресі, 13-18 аяттар). Сондай-ақ, келесі аятта:

وَإِذْ قُلْنَا لَكَ إِنَّ رَبَّكَ أَحَاطَ بِالنَّاسِ وَمَا جَعَلْنَا الرُّؤيَا الَّتِي أَرَيْنَاكَ إِلاَّ فِتْنَةً لِّلنَّاسِ وَالشَّجَرَةَ الْمَلْعُونَةَ فِي القُرْآنِ وَنُخَوِّفُهُمْ فَمَا يَزِيدُهُمْ إِلاَّ طُغْيَانًا كَبِيرًا

(Мұхаммед с.ғ.с.) бір кезде саған: «Негізінде Раббың адамдарды баураған» деген едік. Саған Миғражда біз көрсеткенді және Құрандағы қарғалған ағашты адамдарға бір сынақ қылдық (өйткені, миғраж уақиғасына да, тозақтағы заққұм ағашына да сенбеген). Оларды қорқытуымыз, зор қателесуді ғана арттырады» - делінген («Исра» сүресi, 60-аят).

Пайғамбарымыз () миғраж оқиғасынан кейін Қағбаның жанына барып, халыққа миғраж оқиғасын айтып береді. Оны естіген кәпірлер мазақ етіп: «Мұхаммед ақылынан адасыпты», десті. Мұсылман болуға ниеттеніп жүргендер райларынан қайта бастады. Кәпірлердің біразы қуанып, Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіне барады. «Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед қалай басып өтедi?» деген сияқты мәнсiз сауал қоя бастайды. Сонда Әбу Бәкiр (р.а.) оларға: «Егер Мұхаммед () осыны айтқан болса, онда Ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», - дейді. Әбу Бәкірдің (р.а.) сөзіне кәпірлер таң қалысты. Айтатын сөз таппай, тарасты. Осы жағдай күмәні басым, иманы әлсіз адамдардың жүрегіне нық сенімділік ұялатты. Ал, ақиқатқа иланған Әбу Бәкірге (р.а.)  Алла Елшісі () «Сыддық» («Шыншыл») деген лақап ат берді.

Пайғамбарымыз () миғраж түнi өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн: «Уа, Раббым! Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», - деп дұға жасады. Миғраж түнiнде Пайғамбарымыздың () дұғасына мынадай үш сый жасалды:

1.«Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уахи етiлдi.

2.Пайғамбарымызға () қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол () күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан арашалайды.

3.Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз берілді.

Демек, бес уақыт намаз сыйға берілген ерекше құлшылық. Сондықтан бұл қасиетті миғраж түнін намазбен, Алланы еске алумен, дұға-тілекпен өткізген жөн. «Намаз – мүміннің миғражы», - деп Пайғамбарымыз () сүйіншелеген болса, ғұмырымыздағы әрбір намазымызды миғраж деп түсініп, Аллаға деген жақындығымызды арттырған абзал. 

Шарапатты шағбан,
берекелі бәраат


Алла Елшісі () бұл айда да ғибадатқа ерекше көңіл бөлген. Тіпті, ережеп айынан гөрі бұл айда көбірек ораза ұстап, садақа беретін болған.

Айша (р.а.) анамыз былай деп жеткізеді: «Алла Елшісі () Рамазанға дейін шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла ()! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?» - деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын», - дейді.

Бұл айға да тиесілі қасиетті түн бар. Яғни, шағбан айының он бесінші түні – «бәраат» деп аталады. Сөздікте «құтылу, жақсылыққа жету», ал шариғатта «күнәлардан, жаманшылықтан құтылып, тазалыққа қол жеткізу, Алланың кешіріміне, рақымына бөлену»,– дегенді білдіреді.

Бәраат түні – барша адамзаттың тағдыры сызылып, жыл бойғы жасалған құлдардың амалдары Алла Тағалаға ұсынылады. Сондай-ақ, бәраат түні – Алла Тағаланың кешірімге толы түні. Осы түнде құлшылық жасап, дұға-тілек жасаған  құлдарының тәубесін Жаратушы қабыл етіп, күнәсын кешіреді.

Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз () бір түні орнынан тұрып намаз оқыды. Сәждеде көп тұрғаны сонша мен оның демі үзіліп кетті ме деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигізіп едім, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде жатқанда былайша жалбарынғанын естідім: «Уа, Алла Тағалам! Азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сиынып, Өзіңнен өзіңді қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді». Намазды бітіргенде:

- Айша(р.а.)!, Алла Тағаланың Елшісі () саған әділетсіздік жасайды деп ойладың ба?- деді. Мен:

- Жоқ, Құдай ақы. Ондай ойым жоқ. Бірақ сәждеде ұзақ уақыт жатып қалғаныңызды байқап, «деміңіз үзілді ме» деп ойладым.

- Бүгін қандай түн екенін білесің бе?

- Алла және оның Елшісі () жақсы біледі. Сонда ол ():

- Бұл түн – шағбанның он бесінші түні. Алла Тағала шағбанның он бесінші түні құлдарына рақымын төгіп, кешірім тілегендерді кешіріп, «рақым ет!» деп жалбарынғандарға рақым етеді», - деді».

Пайғамбарымыз (): «Шағбан айының ортасы келген кезде, кешін құлышылықпен, күндізін оразамен өткізіңдер!» - деп бұйыру арқылы шарапатты шағбан айы мен берекелі Бәраат кешін ғибадатпен өткізу керектігін білдірген. Алла Тағала қасиетті аятта былай дейді:

وَالْكِتَابِ الْمُبِينِ إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ إِنَّا كُنَّا مُنذِرِينَ فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ

«Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айрылады» («Духан» сүресі, 2-4-аяттар). Кейбір тәпсіршілер аяттағы мүбәрак кештің «Бәраат» екенін айтса, көпшілік ғалымдар «Қадір» түні екенін білдірген. Дегенмен, алғашқы тәпсіршілерден болған Икрима және бір топ ғалымдардың айтуынша, Құран Лаухул Махфуздан жинақталып, дүние аспанына осы «Бәраат» кешінде түсірілсе, Қадір түнінде Жәбірейіл (ғ.с.)  (періштенің себебімен Пайғамбарымызға () бөлек-бөлек болып уахи етілген деген пікірлер де бар).

Алла Елшісі (): «Кімде-кім шағбан айының он бесінші кешін ғибадатпен өткізсе, жүректердің өлген күні ол кісінің жүрегі өлмейді», - дейді. Дегенмен, мынаны да ескерген жөн. Бір түнді құлшылықпен өткізіп, қалған күні бәз-баяғы қалыппен құлшылықсыз жүрудің ешбір қадір-қасиеті жоқ. Ал, Алла берген осындай берекелі кештерге ден қойып, ықыласпен өткізген абзал екені даусыз.

Рамазан – айлардың сұлтаны


Иә, ережеп пен шағбан – айлардың сұлтаны болған Рамазанның келе жатқанын сүйіншілеп, баршамызды құлшылыққа құлшындыра түседі. Ережеп, шағбан айларын сондай ықылыспен қарсы алып, салиқалы амалдармен өткізген кісіге рамазан береке әкеледі. Өйткені, Рамазан екі дүниенің бақытын нұсқаған Құран түскен ұлық һәм қадірлі, қасиетті ай. Құранда былай делінеді: 

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят). Рамазан сонымен қатар, жәннат есіктері ашылатын, тозақтың қақпалары жабылатын ұлық ай. Алла Елшісі () айтады:

 إِذا جَاءَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجنَّةِ وغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ وصُفِّدَتِ الشياطِينُ

«Рамазан айы келгенде, жәннаттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар кісенделеді»[2]. Ал қасиетті аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақтанарсыңдар» («Бақара» сүресі, 183-аят) дейді.

عَنْ أَب۪ي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ قَالَ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

Әбу Һұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз () былай деген: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары кешіріледі»[3].

Рамазан – тәрбие айы. Адам баласын жаманшылықтан сақтайды. Алладан шын  қорқуға, тақуалыққа жетелейді. Құранда:

وَمَنْ يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللهِ فَإِنَّهَا مِنْ تَقْوَى الْقُلُوبِ

«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» деген («Хаж» сүресі, 32-аят).

Мұсылман оразаны Алланың разылығы үшін ұстайды. Нәтижесінде Алла ондай құлының сыйын өзі нәсіп етеді. Хадис құдсиде Алла Тағала былай дейді:

كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلاَّ الصِّيامَ فَإِنَّهُ لي وأَنَا أَجْزِي بِهِ

«Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»[4]. 

Пайғамбарымыз () тағы бір хадисінде:

للصَّائمِ فَرْحَتَانِ يفْرحُهُما إِذا أَفْطرَ فَرِحَ بفِطْرِهِ وإذَا لَقي ربَّهُ فرِح بِصَوْمِهِ

«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады»[5].

Рамазанда сауаптар еселеп, күнәлар кешіріледі. Сондай-ақ, жан-дүниенің тәрбиеленуіне жол ашады. Ораза адам ойын, көзін, құлағын, аяқ-қолын Алланың разылығы үшін кез келген күнәға апарар әрекеттерден сақтайды. Яғни, тәнін харам болған жағымсыз істерден қорғап, ішкі дүниесін рухани азықпен қуаттайды. Пайғамбарымыз () айтады: 

مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ والعَمَلَ بِهِ فلَيْسَ لِلَّهِ حَاجَةٌ في أَنْ يَدَعَ طَعامَهُ وشَرَابهُ

«Кімде-кім ауыз бекіте тұра, өтірік айтуын қоймаса әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес»[6].

Рамазан айының ішінде мың айдан да қайырлы болған Қадір түні бар. Осындай түнімен де айлардың сұлтаны болып табылады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадір» сүресі, 3-аят). Демек, бұл түннің сауабынан құр қалмау үшін әрине, қадірін білу қажет. Тіпті, соңғы он күнінен қасиетті түнді іздеп, дұға-тілекпен өткізу нұр үстіне нұр болмақ. Айша(р.а.)  анамыз айтады:

كَانَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- إِذَا دَخَلَ الْعَشْرُ الأَوَاخِرُ مِنْ رَمَضَانَ أَحْيَا اللَّيْلَ ، وَأَيْقَظَ أَهْلَهُ ، وَشَدَّ الْمِئْزَرَ

«Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күніне кіргенде түні бойы құлшылық жасап, отбасы мүшелерін (ғибадат жасау үшін) оятып, құлшылық мәселесінде ерекше ынта-жігер танытатын еді»[7]. Сондай-ақ, Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (): «Уа, Алланың Елшісі ()! Мен қадір түнін тапсам (мен құлшылық еткен түн қадір түніне сай келсе), не деп дұға етейін?»  - деп сұрайды. Сонда Ардақты Елші () мына жауапты берген:

اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ تُحِبُّ العفْوَ فاعْفُ عنِّي

«Алла Тағалам! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кешіре гөр», - деп айт»[8]. 

Қорыта айтқанда, аталған қасиетті ережеп, шағбан, рамазан айлары осындай берекелерге толы. Ислам ғұламалары: «Ережеп – құрмет айы, шағбан – қызмет айы, рамазан – нығмет айы»; «Ережеп – ғибадат, шағбан – тақуалық, рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай»; «Ережеп – егін салу, шағбан – суғару, рамазан – ору», - деп теңеу сөздер қалдырған. Демек, үш айдағы қасиетті күндер мен түндерде жасалған  әрбір  игі  істің сауабы тіпті еселенеді.  

Қорыта айтқанда, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, Пайғамбарымызға () салауат айтып, күндізін ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз жөн. Пайғамбарымыз () өз хадисінде: «Бес түн бар дұға қайтарылмайтын, ережеп айының бірінші түні, шағбанның ортаңғы түні, жұма түні, екі айт түндерінде», - деген. Сондықтан, бұл айларда көп шүкіршілік жасап, салауат айтып, Жаратқаннан жалбарына тілек тілеп, нәпіл құлшылықтар орындап, мол дұға жасауды ұмытпайық.

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы, РһD докторы


[1] Әбдірахман ибн әл-Кәмал Жәләлуддин ас-Суюти. Әд-Дурру әл-мансур. – Бейрут: Дәр әл-фикр, 1993. І том, 444-бет. 769 бет.
[2] Ахмад ибн Ханбал. Муснад әл-имам Ахмад ибн Ханбал. Баспаға әзірлеген Шуғайб әл-Арнаут. – Муәссасату әр-рисала, 1999.  XIV том, 313-бет. № 8684 хадис.
[3] Әбулқасим Сулайман ибн Ахмад ат-Табарани. әл-Муғжаму әл-аусат. – Қаһира, 1415. VІІІ том, 344-бет. № 8821 хадис.
[4] Муслим ибн Хажжаж Әбулхусайн әл-Қушайри ән-Найсабури. Баспаға әзірлеген Мухаммад Фуад Абдулбақи. – Бейрут, ІІ том, 806-бет. № 163 хадис.
[5] Ахмад ибн Шуғайб Әбу Абдуррахман ән-Нәсаи. Сунән ән-Нәсаи әл-кубра. Баспаға әзірлеген Абдулғаффар Сулайман әл-Бандари. – Бейрут, Дәр әл-кутуб әл-илмия, 1991. ІІ том, 91-бет. № 2526 хадис.
[6] Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдулла әл-Бухари әл-Жуғфи. әл-Жамиғ ас-сахих әл-мухтасар. Баспаға әзірлеген Мустафа Диб әл-Бұға. – Бейрут, Дәр ибн Касир, 1987. ІІ том, 673-бет. № 1804 хадис. 
[7] Әбу Бәкір Ахмад ибн әл-Хусайн ибн Али әл-Байһақи. Әс-Сунан әл-кубра. – Хайдарабад, 1344 һижри. ІV том, 313-бет. № 8823 хадис.
[8] Мухаммад ибн Абдулла Әбу Абдулла әл-Хаким ән-Найсабури. әл-Мустадрак ала ас-сахихайн. Баспаға әзірлеген Мустафа Абдулқадир Ато. – Бейрут, Дәр әл-кутуб әл-илмия, 1990. І том, 712-бет. № 1942 хадис.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру