Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талғат ОМАРОВ: ИСЛАМ ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

15.03.2016 8098 0 пікір

Ислам – қоғамды ортақ мақсатқа ұйытатын, ізгілікке үндейтін, адамгершілік құндылықтарды құрметтеуге  шақыратын дін. Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні. Ол әлемдердің Жаратушысы Аллаға иман етуге негізделген.

Ислам сөзі «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз Алла Тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынұсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа затқа табынбау дегенді білдіреді. Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің, 107-аятында бұл туралы:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік», – делінген. Сан ғасырлар бойы мұсылмандар Исламның осы бейбітсүйгіштік ерекшелігін мақтан етіп, барынша жақсы амалдар жасауда.

Қазіргі уақытта Исламға қатысты БАҚ өкілдері түрлі теріс пікірлер таратып, құбыжық етіп көрсетуге әуес. Шын мәнінде Исламның терроризм, экстримизммен ешқандай қатысы жоқ. Кейбір шығыстанушылардың Ислам тек қылыштың күшімен  жайылды деген пікірлері негізсіз. Бұл асыл діннің негізгі құндылықтарын дұрыс түсінбеудің, діни сауатсыздықтың белгісі. Әу баста Ислам әлемге тек бейбітшілік әкелу үшін жіберілген. Қару тек ел мен жерге қауіп төнген жағдайда ғана қолданылады.

Ислам – Алла разылығын көздейтін, бейбіт, ізгі қоғам құруды мақсат тұтатын  соңғы дін. Күш қолдану мен өшпенділікке жол бермей, қоғамдық өмірдің негізі ретінде тепе-теңдікті сақтайды. Дау тудыратын қоғамдық мәселерді жеке бастың мүддесі үшін емес, өзара жалпыға ортақ сенімділік, сүйіспеншілік, сыйластық, мейірімділік пен түсіністік тұрғысынан шешеді. Сол себепті Оның мейірімі, сүйіспеншілігі мен көмегі белгілі бір түр-түспен, этникалық ерекшелікпен шектелмейді. Пайғамбарымыз (): «Ей, Алланың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар!», – деген. Ислами тепе-теңдік ұстанымы мен әділдік, төзімділік қағидалары аталмыш құндылықтарды іс жүзіне асыруға көмектеседі.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарай бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықшылығың несібелеріңмен емес, діндар тақуалықтарыңмен есептеледі», – деп бұйырған.

Ал пайғамбарымыз Мұхаммед () былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Ел-жұрттың  тыныштығын бұзатын дау-жанжалға, іріткі тудыруға, бүлік шығаруға Құранда қатаң тыйым салынады. Бұл туралы қасиетті Кәләм-Шәрифте «Бақара» сүресінің 217-аятында «...Бүлік шығару (фитнә тудыру) адам өлтіруден де ауыр (күнә)...», – деп айқын айтылған.

Сонымен қатар «Мәидә» сүресінің 32-аятында «Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең...», – деп айтылған.

Құранның осы аяттарынан байқап отырғанымыздай, бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен пара-пар. Ислам – тек сыртқы құлшылық діні емес, ол Отанды, елді сүюге, қоғамдық тәртіптерді сақтауға, қоршаған ортаға мейіріммен қарауға, адамдармен тату-тәтті жақсы қарым-қатынаста болуға тәрбиелейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед () өзінің хадис шәрифінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді», – деген.

Тағы бір хадисте: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар, ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол - бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – әрі көршің, әрі мұсылман, әрі туысқаның болғаны үшін», – деген.

Осы орайда данышпан Абай Құнанбайұлының өсиетті өлеңін айта кеткен жөн.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жол осы деп әділетті», – дейді ғұлама.

Ислам діні Ұлы Жаратушының әмірін орындай отырып, тыйғандарынан тыйылу, кісінің ақысын жемеу,  қарым-қатынаста әділдікті ұстану, кешірімді, мейірімді болу, қоғамдағы тыныштыққа барынша үлес қосуға тәрбиелейтіні белгілі. Тарихтан мысал келтірер болсақ, екінші халифа Омардың тұсында Ислам кең етек жайып, көптеген аймақтар мұсылмандардың иелігіне өтеді. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мүміндер тарапынан қысым жасалмай, жергілікті тұрғындар еркін өмір сүрді. Ислам әскерлері әһли кітап, яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін ондағы тұрғындар мен хазреті Омар (р.а.) 637 жылы былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалғандарына да  амандық берілді. Шіркеулерді ешкім тұрғын үйге айналдырмайды және бұзбайды. Олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмей. малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді».

Бірде Алла Елшісі () хұтба оқып тұрып, Хасанды (р.а.) меңзеп былай деді:

 «Бұл – менің балам Хасан, ол – сейіт. Алла онымен екі үлкен жамағатты бір-бірімен татуластырады».

Бірнеше жылдар өткен соң Алла Елшісінің ()  ұрпағы өзіне тапсырылған халифат пен патшалықты халық арасындағы алауыздықты тоқтату үшін тастап, өзінің қандай сейіт екенін дәлелдейді. Арада жиырма бес, отыз жыл өтпей жатып, Хақ пайғамбардың айтқандары айнымай келеді. Әлиден (р.а.) кейін Әмәуилер Хасанға (р.а.) қарсы шықты. Бірақ осы бейбітсүйгіш адам биліктен бас тартқанын жария етіп, бір-бірімен айқасуға шақ қалған Ислам әскерін татуластырып, елде тыныштық орнатады. Осы оқиғадан кейін Хасан (р.а.) атасының сөзін растап, оған: «Сен рас айтасың», – деп жатты. Міне, хақ Исламның тәрбиелеген тұлғалары осындай.

Мұсылман әміршілері тарихта бейбіт келісім жасаумен мәшһүр болған. Мәселен, халифа Мұғауия Әбу Сұфиянұлы 656 ж. Византия императоры IV Константинмен (уаф. 685) бейбітшілік бітім жасаған. Халифа Һарұн әл-Рашид (763-809) 799 ж. франк императоры Карлмен (Charlemagne, 742-814) шартқа қол қойған. Құддыс шаһарын крестшілерден азат еткен көрнекті мемлекет қайраткері Салахаддин әл-Аййұби (1138-1193) 1193 ж. Византия патшасы II Изакпен (Izak II Angelos, 1156-1204) келісім жасасқан. Аббасилер, Мәмлүктер, Селжүктер, Османилар дәуірінде көптеген  бейбіт келісімшарттар жасалып, соғыс тоқталып, ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізілген. Осы тарихи фактілер қазіргі мұсылмандар үшін үлкен үлгі-өнеге.

 Тәлімі мінсіз тәлімгер  Пайғамбарымыз () өзінің сахабаларына былай деп айтқан:

لاَ تَتَمَنَّوْا لِقَاءَ الْعَدُوِّ، وَسَلُوا اللهَ الْعَافِيَةَ

«Жаумен кездесуді мақсат тұтпаңдар, керісінше, Алладан амандық сұраңдар». Шынайы мұсылманның табиғатында озбырлық, біреуге күш көрсету секілді жаман қылықтарға орын жоқ.

Ал егер Отанға, елге, отбасыға қауіп төнген  жағдайда әрбір мұсылман қасық қаны қалғанша қорғауға міндетті. Алла Тағала бұл жайында «Хаж» сүресінің 39-40 аяттарында:

أُذِنَ لِلَّذِينَ يُقَاتَلُونَ بِأَنَّهُمْ ظُلِمُوا وَإِنَّ اللهَ عَلَى نَصْرِهِمْ لَقَدِيرٌ * الَّذِينَ أُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ بِغَيْرِ حَقٍّ إِلاَّ أَنْ يَقُولُوا رَبُّنَا اللهُ

«Шынында шабуыл жасалып, зұлымдыққа ұшырағандарға, соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз Алланың, оларға жәрдем етуге, күші толық жетеді. Олар, сондай жазықсыз: «Раббымыз Алла» дегендіктерінен ғана жұрттарынан шығарылғандар», – дейді.

Бұл аятта  тек зұлымдыққа ұшырағанда, елдерінен күштеп шығарылғанда ғана  соғысуға  рұқсат етіледі. Осыған ұқсас басқа аятта:

وَقَاتِلُوا فِي سَبِيلِ اللهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُوا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді», – делінген.

Бұл жердегі аяттарда өздерімен соғысқандармен ғана соғысу міндетті екенін меңзейді. Аяттағы шектен шықпаңдар деген әмір, сол секілді, сендермен соғысқандар деген аяттар соғысты мұсылмандар бастамайтынын көрсетеді. Ислам дінінің бейбіт дін екенінің тағы бір дәлелі – ой, сенім бостандығына еркіндік бергендігі. Мұсылмандар басқа дін өкілдерін де қорғауына  алғанымен, оларды өз діндеріне кіргізуге мәжбүрлемейді.

Мұсылмандардың  бейбітшілік  сүйгіштігінің бір дәлелі сәлемдесуінде. Бір-біріне «Ассаламуалайкум» деп амандасуы «саған аманшылық, бейбітшілік тілеймін» дегені. Алла Тағала «Нұр» сүресінің 61-аятында барлық мұсылмандарға амандасуға, сәлем жаюға әмір береді:

فَإِذَا دَخَلْتُم بُيُوتًا فَسَلِّمُوا عَلَىٰ أَنفُسِكُمْ تَحِيَّةً مِّنْ عِندِ اللَّهِ مُبَارَكَةً طَيِّبَةً

«Қашан үйлерге кірсеңдер өздеріңе Алла тарапынан болған берекетті де, көркем амандасумен сәлем беріңдер», - дейді.

Пайғамбарымыздың () бір хадисінде:

رُوِيَ أَنَّ رَجُلاً سَأَلَ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الإِسْلاَمِ خَيْرٌ؟ قَالَ: تُطْعِمُ الطَّعَامَ وَتَقْرَأُ السَّلاَمَ عَلَى مَنْ عَرَفْتَ وَمَنْ لَمْ تَعْرِفُ.

«Бір адам: «Иә, Алланың Елшісі ()! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда,  Расулалла: (): «Міскінді  тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген. Демек, мұсылмандар күнделікті өмірде мейлі танысақ та, танымасақ та адамдарға Алланың аманшылығын, бейбітшілігін тілеудеміз. Бұл біздің  міндетіміз. Мұндай жанның  бойынан озбырлықты, жаман әрекеттерді байқау – оның шынайы мұсылман емес екенінің дәлелі. Өйткені, мүмін өзгеге қолымен де тілімен де зиян  тигізбейді. Пайғамбарымыз () бірде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмесін», – деген. Ал жазықсыз кісі өлтіру ол өте үлкен күнә болып саналады.

Міне, бұл хақ дін Исламның үстемдігі, ерекше қасиеті, теңдессіз адамгершілігі. Алла Тағала өзінің жаратқан пенделерінің ішінде мұсылмандарды орта жолдағы үммет және әлемдегі әділдіктің жаршысы еткен. Ұлық Жаратушымыз барлық адамзаттың осы қағидаға сәйкес өмір сүруін қалайды.

Алла Тағала тәуелсіздігіміз мен бейбіт баянды өмірімізді баянды етіп, имандылыққа, бірлікке ұйысқан халқымыздың мәртебесін екі дүниеде де биік еткей! Әмин! 

Талғат ОМАРОВ,
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру