Бұрын өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық – аспанда ең алғаш жасалған күнә. Ібіліс Адам (ғ.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылық салдарынан болды. Адам (ғ.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірді», – деген екен.
Зубайр бин Аууам (р.а.) жеткізген хадисте:
دَبَّ إِلَيْكُمْ دَاءَ الْأُمَمِ قَبْلَكُمْ: الْحَسَدَ وَ الْبَغْضَاءَ. والَّذِي نَفْسَ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا أَوَ لا أُنَبِّئُكُمْ بِشَيءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلاَمَ بَيْنَكُمْ
«Сендердің бойларыңа әуелгі үмбеттердің дерті індеп барады: көреалмаушылық пен ашу-ыза. Мұхаммедтің жаны уысында болған Алламен ант етемін, бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көрдіретін істі айтайын ба? Араларыңда сәлемді дауыстап беріңдер».[1]
Демек, Мұхаммедтің (ﷺ) үмбеті болған мұсылман қауымының бір белгісі – қызыға қарағанымен, көреалмаушылық танытпайтындығында. Алла Елшісі (ﷺ) тағы бір хадисінде адамдардың қызғаныш сезімін екі жағдай ғана танытуға болатынын нақтылай түседі. Ибн Омар (р.а.) жеткізген:
لا حَسَدَ إِلا فِي اثْنَتَيْنِ : رَجُلٍ أَتَاهُ اللَّهُ جَلَّ وَعَزَّ الْقُرْآنَ فَهُوَ يَقُومُ بِهِ آنَاءَ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ , وَرَجُلٍ أَتَاهُ اللَّهُ مَالا فَهُوَ يُنْفِقُهُ آنَاءَ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ .
«Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала Құран беріп, онымен күні-түні ғибадат еткен. Алла Тағала мал-дүние беріп, күні-түні қолындағы дүниесімен қайырымдылық еткен кісіге».[2]
Күллі адамзат баласының ұстазы болған Ардақты Алла Елшісінің өзінің хадистерінде көреалмаушылықтан көп сақтандырады. Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен хадисте:
لاَ تَبَاغَضُوا وَلَا تَحَاسَدُوا وَلاَ تَدَابَرُوا وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا وَلَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يُهَاجِرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثِ لَيَالٍ
«Бір-біріңді жеккөрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңе айла-шарғы жасамаңдар. Ей, Алланың құлдары бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ»,[3] – деп айтылады.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаятта көреалмаушылыққа бой алдырған жанның жинаған сауабы жоқ болатыны ескертеді:
إِيَّاكُمْ وَالْحَسَدَ فَإِنَّ الْحَسَدَ يَأْكُلُ الْحَسَنَاتِ كَمَا تَأْكُلُ النَّارَ الْحَطَبَ
«Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі сауап амалдарын от ағаш отынды жандырып жібергендей жоқ етеді».[4]
Тірнектеп жинаған сауапты жоқ қылып жіберетін бұл ұнамсыз қасиет барлық жамандықтардың бастауы сынды. Көреалмаушылықтың кесірінен көңілге түскен құрт адамды түрлі жаман ойға жетелеп, ақыр соңы бәлеге ұрындырады. Біреудің Алла берген бағын күндеп, көре алмаған адамның келесі іс-әрекеттері оған жамандық тілеп, зұлымдық жасаумен, сыртынан өсектеп, ғайбат айтуға, кесірін тигізуге итермелеуі мүмкін. Ал, бұл айтылғандардың барлығы да Алла алдындағы ұнамсыз істердің қатарынан екенін ұмытпағанымыз жөн. Омар бин Хаттаб (р.а.): «Кімнің Алла берген бір нығметі болса, оған бір көреалмаушы іштар табылады. Тіпті, мін мен айыптан бойы таза адамның да тырнақ астынан кір іздеуші біреу табылады...», – деген екен.
Бұрынғы өткен заманда сұлтанмен бірге дастарқандас болып, ақыл-кеңес беретін данышпан болыпты. Сұлтанның құзырынан шығып кетер кезде данышпан: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», – деп қош айтысатын көрінеді. Данышпанның патша құзырындағы мәртебесі мен биік дәрежесін көре алмаған сарайдағы қызметкерлердің бірі іштарлық етіп, көңілін хасад өртей түседі. Ақыры бір орайы келгенде: «Әлгі кісі сіздің бойыңызда жаман иіс бар деп ел-жұртқа айтып жүр», – деп данышпанды сұлтанға жамандайды. Патша: «Оның мұнысы қалай?» – деп ашуланады. Әлгі іштар қызметкер: «Келесі жолы құзырыңызға келгенде, өзіңізге жақынырақ шақырыңыз. Сонда оның сізден жиіркеніп, мұрнын басқанын өз көзіңізбен көресіз», – деп сөзін қуаттай түседі.
Мұнан соң жоспары толығымен жүзеге асу үшін данышпанды үйіне қонаққа шақырады. Әдейі тамақтың сарымсақ пен пиязын мол етіп әзірлетеді. Данышпан шақыруды қабыл алып, әлгінің үйінен дәм татады. Ертеңіне патшаның нөкерлері данышпанды сарайға алып келеді. Сұлтан біраз әңгіменің басын шалып, данышпанмен сұхбат құрады. Жақынырақ келсе, данышпанның аузы-мұрнын қайта-қайта қолымен бүркегенін байқайды.
Данышпан сарайдан шығар кезде әдеттегідей «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», – деп айтады. Сұлтан «мынаны ауыл әкіміне бер, не істеу керегін өзі біледі» деп, оның қолына хат ұстатады.
Қаннан-қаперсіз сұлтан құзырынан шыққан данышпанды аңдып тұрған қызметкер жетіп келеді. Қолындағы хатқа көзі түсіп, мән-жайды сұрайды. Ауыл әкіміне табыстау керек дегені сол-ақ екен, әдетте сұлтан хатты біреуге сый-сияпат тағайындағанда беретінінен хабардар іштар қызметкер «мен-ақ апарып берейін» деп жармаса кетеді. Данышпан «дегенің болсын» деп хатты ашпай-ақ ұстата салды.
Әлгі бейшара алып-ұшып ауыл әкіміне барады. Хатты ашса: «Хатты алып келушінің басын ал!» деген бұйрық берген екен. Сый-сияпаттан дәмеленіп келген бейшара зәре-құты қалмай «Хат менікі емес, патша оны растай алады. Сенбесеңіз сұраңыз» деп, сау басына өзі пәле тілеп алғанын түсінеді. Бірақ кеш еді. Сұлтанның әмірі екі етілместен, көреалмаушылықтың жетегімен ерген күншіл қызметкердің басы шабылды.
Данышпан әдеткі қалпымен бірер күннен кейін патшаның құзырына келеді. Патша қонағы кіре салысымен: «Менің хатым қайда, оны не істедің»,-деп жөн сұрайды. «Сарай қызметкері өтініп қоймаған соң, сіздің сыйлығыңызды сол-ақ алсын деп бере салдым», – деп ағынан жарылады. Сонда патша: «Сол қызметкер сен менің бойында жаман иіс бар деп ел-жұртқа айтып жүр деп еді, сол рас па?», – деп сұрады. «Уа, сұлтаным! Алла сақтасын, мұндай жалған сөзді қалайша дәтім барып айтамын», – деді. Сонда сұлтан: «Жарайда, дегеніңдей-ақ болсын. Онда неге өткен жолы мұрныңды тұмшалай бердің?», – деп қайта сұрақ қойды. Данышпан: «Уа, сұлтаным! Күні кеше Сіздің сол қызметкеріңіз қонаққа шақырған еді. Сарымсақ қосылған асты жегендіктен, иісінен қысылып, ауыз-мұрнымды жабуға тұра келді»,– деп мән-жайды түсіндіреді. Сонда сұлтан: «Айтқаның рас. Жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады»,– деп, данышпанның сөзін қайталаған екен.
Алла Елшісі (ﷺ) Хариса бин Нұғман (р.а.) риуаят еткен хадисінде былай деген екен:
ثَلاثٌ لازِمَاتٌ لأُمَّتِي : الطِّيَرَةُ ، وَالْحَسَدُ ، وَسُوءُ الظَّنِّ ، فَقَالَ رَجُلٌ : فَمَا يُذْهِبُهُنَّ يَا رَسُولَ اللهِ مِمَّنْ كُنَّ فِيهِ ؟ قَالَ : إِذَا حَسَدْتَ فَاسْتَغْفِرْ ، وَإِذَا ظَنَنْتَ فَلاَ تَحَقِّقْ ، وَإِذَا تَطَيَّرْتَ فَأَمْضِهِ
«Үш нәрсе менің үмбетіме жабысып жүреді: бал ашу, көреалмаушылық және жаман ой» Сонда біреу: «Уа, Алла елшісі! Ол жамандықтардан қалай құтылуға болады», – деп сұрапты. Пайғамбар (ﷺ): «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра. Жаман ой келсе, оны қазбалама. Бал ашып қойсаң (білместікпен), оған қарай әрекетіңді жасай бер», – деп жауап берген екен».[5]
Ендеше, Ібілісті жолынан жаңылыстырып, Жаратушының қаһарына ұшырауына себеп болған, жер бетіндегі алғашқы адам қанының төгілуіне де түрткі болған көреалмаушылықтан көңілімізді таза ұстай білейік! Ал, кірлеген жағдайда Алла Тағаладан шынайы кешірім тілеуді ұмытпайық!
Серікбай қажы ОРАЗ
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру