Елбасымыз Н.Назарбаев діни құндылықтарымызды нығайта түсу хақында: «Қазақстан халқы өз жеріне деген зор сүйіспеншілігімен, даналығымен, еңбекқорлығымен, үлкенге құрметімен, айналасына қамқорлығымен ерекшеленеді. Тәуелсіз еліміз өзінің бай рухани мұрасын, қайталанбас тарихи, мәдени және діни дәстүрлерін орынды мақтаныш етеді. Оларды дамыта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет» деген болатын.
Осы тұрғыда ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2015 жылдың 19 ақпанында Астана қаласында өткен Имамдар форумында ел руханиятын құтайта түсетін бірнеше маңызды құжат қабылданды. Сол құжаттардың бірі «Имамның тұлғалық келбеті» атты тәлім болатын. Бұл тәлімде имамның тұлғалық келбетіне тән сипаттар мен имамдық қызметтің негізгі қағидаттары бекітілді. Атап айтар болсақ, имамның тұлғалық келбетіне тән сипаттар ретінде – діндар, шынайы, білімді, сабырлы, мейірімді, кішіпейілді, отансүйгіш, шешен, ұқыпты һәм жан-жақты болудың маңызды екендігі аят-хадиспен және дін негіздерімен айшықты бедерленді. Сондай-ақ, жеке қасиеттерімен көпшілікке үлгі болу, діни қағидаларды жеңілдетіп түсіндіру, қорқыту емес қуандыру, сыртқы пішін мен ішкі мазмұнның үйлесімділігі, айыптау емес тәрбиелеушілікті имамдық қызметтің негізгі қағидаттары ретінде әдіптелді.
Дін шырақшыларының моральдік кодексі тақылетті бұл құжат дер шағында қабылданды. Себебі, ҚМДБ имамдарының діни уағыз-насихаты күннен күнге мазмұн мен түр жағынан түрленіп келе жатыр. Мысалы, қазір имамдар ғаламтордағы діни сайттар арқылы халыққа өз үнін емін-еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Бұрын БАҚ-ғы айдарлар мен сағаттар саны шектеулі болуына байланысты имамдар халықпен ұдайы байланысқа шыға алмайтын. Ал, қазіргі ақпараттық ғасырда имам үнін тек мешіттегі мінберден емес, үйдегі компьютерден, қала берді қалта телефонынан да тыңдауға мүмкіндік туып отыр. ҚМДБ-ға қарасты діни сайттардан Осыған байланысты «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімінде имамдық қызметке деген жоғары талаптардың бекітілуін, заңды деп айта аламыз.
ХІХ ғасырда қазақ даласында этнографиялық зерттеулер жүргізген Еуропа ғалымдары сол дәуірдегі елдің игі жақсыларының шариғат ісін жетік меңгеріп, діни уағыз-насихаттың қас майталманы болғанын жазып қалдырды. Соның бірі поляк зерттеушісі А.Янушкевич Қарқаралы округының аға сұлтаны Құнанбай туралы:
“Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған…, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған» — («Қазақ даласына жасалған саяхат туалы жазбалар» , А. Янушкевич, 1979) деп жазады.
Иә, өткен дәуірлердің дін уағызшылары елдің ары мен ұяты болып, қалың бұқараның жүгін арқалаған алғадай азаматтар болған. Дін заңы мен дүниеуи заңды жетік біліп, заманының бет алысына сай халқына зор пайдасын тигізген. Алланың кәламі – Құраннан сусындап, рухани шөліркеген қаймана қазағына тұма-бастау, тұмса-даналықтың көзі бола білген. Алаш үшін арқа еті арша, борбой еті борша болып тер төккен. Халқының сүйенер сүйеніші һәм қабырғалы елінің таянышына айналған. Олай болса, осы сорапта келе жатқан бүгінгі дін шырақшыларының да қоғамда атқарар қызметінің маңызы зор деген сөз. Яғни, имамдарымыз қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қойған, халқына жарық-нұрын түсіретін қас зиялының өзі болуға тиісті.
«Имамның тұлғалық келбеті» атты тәлім қабылданнан кейін соңғы бір жылда еліміздегі діни уағыз-насихат ісіне қан жүгіре бастады. Сондай-ақ, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасында РАНТ-ның құрылуы да діни уағыз-насихат ісін биік белеске көтерді. Дегенмен, қазіргі аяқ алысымызды діни дағуаттың шарықтау шегі деп түсініп, тоқмейілсуімізге болмайды. Әсілі, бүгінгі күнгі ақпарат таратудың қас қайнар-көзі телеарна екендігі белгілі. Осы тұрғыда ҚМДБ мен Асыл арна телеарнасы өзара бірлесіп жұмыс жасауға меморандум жасады. ҚМДБ қызметкерлерінің діни уағыз-насихат жасауына өзге де телеарналар мен радиолар арнайы сағаттар бөліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Және діни құндылықтар имамдардың уағыз-насихатымен ғана емес көркем дүниелермен, театр қойылымдарымен, мултфильммен, кинофильммен де насихатталуы тиіс деп ойлаймыз. Яғни, имамдарымыз тек мешіт мінберінде уағыз-насихат айтып қана қоймай, көпқырлы, бесаспап маман болуға тиісті. Өйткені, бүгінгі жаһандану үдерісі бейғамдықты көтермейді.
Ермек Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірінің өкіл имамы,
Халифа Алтай мешітінің бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру