Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ: ЖАНАЗАҒА ҚАТЫСУДЫҢ МӘНІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

15.02.2016 9135 0 пікір

Күллі мадақ пен мақтау жеті қат әлемді жоқтан жаратқан, әуелі мен ақыры болмаған Ұлы Жаратушы Жаппар Ие Алла Тағалаға тән!

Адамзатты қараңғы қапастан құтқарып, мәңгілік бақытқа жеткізу үшін, рақым етіп жіберілген адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы, мұсылмандардың көзінің нұры, жаратылыстың гүлзары, екі жаһанның асыл тәжі, ақырғы пайғамбар хазіреті Мұхаммедке сәлем жолдап, мың сан салауат айтамыз!

Алла Тағала әр бір адам баласының өмірін белгілеп қойды және ол ешқашан өзгертілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Әрбір жан иесі өлім дәмін бір тартады», - деген.(1) Демек, Алла адам баласына өмірді бергендей, дәл солай ажалы келген кезде міндетті түрде бұл дүниеден өтеді. Пайғамбарымыз () бір хадисинде «Абу Хурайрадан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі:«Ләззаттарды күйретуші – өлімді жиі еске алыңдар.(2) Адам баласы өлімді есінен шығармайтын болса, онда ол ешқашан күнә немесе нәпсісіне еріп кетпейді. Бәлкім Алланың әмірін орындап, жақсы жұмыстарды істеуге талпынады.

Өлім халінда жатқан адамды соңғы сапарға дұрыстап шығарып салу мұсылмандардың міндетті болып саналады. Пайғамбарымыз () бір хадисінде «Ақырғы сөзі «Лә илаһа иллалаһ» болған адам жаннатқа кіреді», - деген.(3) Сондықтан хал үстінде жатқан адамға қасындағы адамдар осы сөзді дүркін-дүркін айтқызып отыруы керек. Сонымен қатар, жаназа намазы өлімді еске салатын сәт. Себебі, жаназада тұрғанда адам баласы бұ дүниеден өтерін, ол үшін де осылай жаназа намазы оқыларын анық түсінеді.

Жаназа намазы болмастан бұрын ең бірінші атқарылар жұмыс - мәйітті жуу рәсімі және қабырстанды дайындау. Пайғамбарымыз (): «Кімде-кім марқұм мұсылманның денесін жуып, айыбын жасырса, Алла оны қырық мәрте кешіреді. Кімде-кім оны кебіндесе, Алла оны Қиямет күні жаннаттың жұқа және қалың жібектерінен киіндіреді. Кімде-кім оның қабірін қазып, денесін соған жасырса, Қиямет күніне дейін міскінге пана бергендей сауапқа ие болады», - деген екен бір хадисінде.(4) Осы хадистің басқа бір нұсқасында былай айтылады: «Кімде-кім марқұм мұсылманның денесін жуып, айыбын жасырса, Алла оның ең үлкен қырық күнәсін кешіреді».(5) Бұл хадистерден мәйітті жуындырып, кебіндеудің қаншалықты сауап екенін аңғаруға болады. Жалпы, мәйітті жуындырып, кебіндеу – мұсылмандардың міндеті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақ дәстүріне сәйкес, суық хабарды естіген адамдар марқұмның жаназа намазына қатысуға асығады. Бұл бір жағынан халықты бірлікке, ынтымаққа шақыратын дәстүр секілді. Сондай-ақ қазақ ғұрпындағы туысқандықтың мән-маңызын аңғартып тұрғандай. Себебі, мұсылман адам туған-туыстарымен жақын араласуы парыз болып есептеледі.

Жаназа намазының үкімі - парыз кифая. Яғни жаназа намазына жиналған адамдардың ішінен бірнешеуі шығып, намазға тұрса, келгендердің ешқайсысы күнәһар болмайды. Ал егер жиналған көпшіліктің бірде-біреуі жаназа намазына тұрмаса, онда сол жердегі адамдардың барлығы күнәһар болады. Жаназа намазының шарты - ниет. Жаназа намазының сауабы туралы Пайғамбарымыз () хадистерінде көп мәрте баяндаған. Алла Елшісі () «Намаз оқылғанға дейін жаназада болған адамға – бір қырат, көмілгенге дейін болғанға – екі қырат сауап бар». «Екі қырат деген не?» деп сұрағанға, «Екі үлкен таудай», - деп жауап қатты Пайғамбарымыз.(6)

 

Жаназа намазының шарттары 

1) Мәйіттің мұсылман болуы шарт.
2) Жуылған болуы керек. Жуылмай көмiлгелi жатқан адамның үстіне әлi топырақ тасталмаған болса, қайта шығарып жуып, содан кейiн жаназа намазын оқу керек. Жаназа (мәйіт) мен имамның тұрған жерi таза болуы тиiс.
3) Мәйіттің денесінің жартысы мен басы, немесе бассыз дененің жартысынан көбі имамның алдында болу керек.
4) Жаназа жерде немесе жерге жақын қолда көтеріліп, яки тас үстiнде имамның алдында тұруы тиiс. Жаназаның басы имамның оң жағында, ал аяқтары имамның сол жағында тұруы керек. Керісінше қою күнә болады.
5) Жаназа имамның алдында дайын тұруы керек. Яғни бір ауылда тұрған мәйітке басқа ауылда тұрып жаназа оқылмайды.
6) Мәйіттің және имамның әурет жерлерi жабық болуы керек. 

Жаназа намазының парыздары 

1) Төрт рет тәкбiр айту.
2) Жаназаны тұрып оқу.
Жаназа намазының сүннеттерi.
1) Субханака дұғасын оқу.
2) Салауат оқу.
3)  Өзiне, мәйітке және барша мұсылмандарға ғафу, мағфирет, кешiрiлу үшiн бiлдірілген дұғалардан білгендерін оқу.

Жаназа намазы мешiт iшiнде оқылмайды. Тiрi туылған бала өлетін болса есім қойылып, жуылып, кебінге оралып намазы оқылады. Жаназаны көтергенде табыттың төртбұрышынан ұсталады. 

Жаназа намазы қалай оқылады? 

Жаназа намазындағы төрт тәкбiрдiң әрбiрi бiр рәкат сияқты. Төрт тәкбiрдiң алғашқысында қол құлаққа көтеріледi, кейiнгi үш тәкбiрде қол көтерiлмейдi.

1) Алғашқы тәкбiр алынып, қолды байлағаннан кейiн «Субаханака» дұғасы оқылады. Бұл кезде «уә жәллә сәнәукә» да айтылады. Фатиха оқылмайды.

2) Екiншi тәкбiрден кейiн «Аллаһумма салли-барик» дұғалары оқылады.

3) Үшiншi тәкбiрден кейiн жаназа дұғасы оқылады. Жаназа дұғасының орнына «Раббана атина» немесе тек қана «Аллаһуммағфир ләһ» деп яки дұға ниетiмен «Фатиха» сүресін оқу да жеткiлiктi.

4) Төртiншi тәкбiрден кейiн алдымен оңға, кейiн солға сәлем берiледi. Сәлем бергенде жаназаға және жамағатқа ниет етiледi.

Имам төрт тәкбiрмен екi иығына берген сәлемдi дауыстап айтады. Өзге дұғаларды iшiнен оқиды. Бұл дұғаларды айтқан кезде Алладан мәйіт үшін жақсылық сұрап отыру керек. Сонымен бірге мәйітке пайда беретін жұмыстарды ұрпақтары орындау керек. Мұсылмандық таным бойынша марқұмға тірі туыстары берген садақалардың сауабы да тиеді. Бұхаридің Сахихында Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген. «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың () алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар () «Иә», – деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».

Осы тақырыпта Мүслімнің Сахихында да Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілді: «Бір кісі Пайғамбарға () келіп: «Атам қайтыс болды. Артында мал-дүниесі қалды. Алайда малы туралы ешқандай өсиет қалдырмады. Енді мен ол кісінің атынан садақа берсем, сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (): «Ия», – деп жауап берді». 

1. Марқұмның атынан қажылық жасау. Бұхаридің Сахихында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген: «Жуһәйна тайпасынан бір әйел Пайғамбарға () келіп былай деді: «Анам қажылық парызын өтеуді серт еткен еді. Бірақ оны өтей алмай қайтыс болды. Енді оның орнына мен өтесем болады ма?» – деді. Сонда Пайғамбар (): «Оның орнына қажылығын өте. Егер анаңның мойнында қарызы болған болса, сол қарызды өтер ме едің? Алланың қарызын өтеңдер. Алланың қарызын өтеу басқаның қарызын өтеуден артық», – деді.

Бұл хадистің түсінігінде адамның бірінші өзі үшін қажылық парызын өтеп, сосын басқаның атынан өтегені дұрыс делінеді. Оған төмендегі хадис дәлел болады. Алланың елшісі () өзінің атынан қажылық парызын орындамай тұрып басқа адамның атынан орындаған кісіге былай деді: «Әуелі өзің үшін, сосын Шибрима үшін қажылық қыл», – деді. Шибрима – ол адамның әкесінің аты еді.

2. Марқұмның қарызын өтеу де оған пайда береді. Өйткені аталған қарыз марқұмның мойнынан түсіп, ол жеңілдеп қалады. Бұған Әбу Қатададан (р.а.) жеткен хадис дәлел. «Бір кісі өлген кісінің екі динар мөлшеріндегі қарызын өтеуді өз мойынына алды. Ол кісі марқұмның қарызын төлеген сәтте Пайғамбар (): «Міне, оның (марқұмның) терісіне енді ғана суық жүгірді», – деді. Яғни, қарызының төленуімен оның қабірдегі жағдайы жақсарды.

3. Тірілердің қайтыс болған адамға тарту еткен сауаптары да тиеді. Яғни бір кісі жақсы іс істеп, оның сауабын бір марқұмға бағыштаса, сауабы тиеді. Негізі ізгі амалдың сауабы оны істеген адамға тиесілі, атына жазылады. Өзіне тиесілі мал-мүлкінен марқұмның атынан садақа бергені секілді, егер жақсылығының сауабын да марқұм болған кісіге арнаса, қабыл болады. Мұнысымен ізгі ісінің сауабынан өзі де құр қалмайды.

4. Алла разылығы үшін оқылған Құранның сауабы да тиеді. Бұл марқұмның атынан істелінген ізгі іс пен қажылыққа ұқсас. Ізгі амалдың сауабы оны істеушіге тиесілі болғандықтан, ол сауапты қалағанына сыйлай алады. Сөйтіп, Алла Тағаланың қалауымен оқылған аяттардың сауабы мәйітке жетеді. Пайғамбарымыз (): «Кім қабірстанға кірсе және «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала өліктердің азабын тоқтатады, ал оқыған кісі болса өліктердің санына қарай жақсылық-сауаптарға ие болады», – деген. Ахмет ибн Ханбал былай деген: «Қорымға кірсеңдер «Фатиха» сүресін және «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштаңдар. Әлбетте, оларға сауабы тиеді». Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдулладан жеткен риуаятта Омар (р.а.) зират басында «Бақара» сүресін оқуға бұйырған. Дүниеден өткен кісіге бағышталынған Алла үшін жасалған ізгі істердің, садақалардың сауабы жететіндігі секілді Құран оқып, сауабын бағыштаудың, дұға жасаудың, жарылқау тілеудің де сауаптары тиеді. Мұндай істердің түп негізі – Алла жолында жасалынған садақа. Садақа дегенде тек қана материалды нәрселер ғана назарға алынбайды. Пайғамбарымыз () сапарда намазды қысқартып оқу туралы сұрағандарға: «Қысқартылған намаз – Алланың сендерге берген садақасы. Оның садақасын қабыл алыңдар», – деген-ді. Ал төменде келтірілген келесі бір хадисінде садақаның басқа да түрлері барын анықтап айтқан.

Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға () сахабаларының бір тобы келіп: «Уа, Расулалла! Байлық иелері көп сауапты алып кетті: олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза тұтады, сосын мал-мүліктерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбар (): «Алла сендерге садақа шығаратын нәрселер жасамап па еді? Шындығында әрбір тәсбих («Субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тәхмид («Әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («Лә иләһә иллаллаһ» деп айту) – садақа, жақсы іске үндеу – садақа, жаман істен тыю – садақа, тіпті, біреулеріңнің мүшесінде де садақа бар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда біздің біреуіміз (әйелімен қосылып,) құмарын қандырса, соған да сауап бар ма?» – сұрады. Алланың елшісі (): «Көрмейсіңдер ме, егер онысын харамға салса, сол үшін оған күнә болмай ма? Соған керісінше егер ол онысын халалға салса (яғни, некемен қосылса) оған сауап болады», – деді.  

5. Дұға және жарылқау тілеу. Марқұмға дұғаның сауабы тиеді. Бұдан бұрынғы хадисте айтылғандай Пайғамбар () сахабаларына Алла Тағаладан жаңа жерленген мұсылман бауырына жарылқау тілеуін бұйырған.

Қорыта айтқанда, кез келген адам мүмкіндігінше жаназа намазынан қалмауы тиіс. Себебі, оның сауабы мол. Сондай-ақ өмірден өткен марқұмдарды да жиі еске алып, дұға еткен абзал. 

 Жолдас қажы ҚОСПАҚҰЛЫ,
Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құран Кәрім, «Ал-Имран» сүресі, 185 аят;
2. Хадис Әт-Тирмизи 2307, ән-Насаи 4/12, Ибн Мәжаһ 4208; 
3. Хадис Мүслім;
4. Хадис Табарани;
5. Хадис Табарани;
6. Хадис Мүслім.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру