Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Серікхан РЫМХАНҰЛЫ: Ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігі

12.02.2016 4704 0 пікір

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Алла Тағала әр отбасының айрандай ұйыған жоғарғы деңгейде сыйластықта, әр күнінің береке бірлікте өткенін қалайды. Шынында да Ислам дінінің отбасына қатысты заңдылықтарын дұрыс түсініп, оны толықтай орындайтын болсақ, ол отбасы ең бақытты жанұя болары сөзсіз. Пайғамбарымыздың () отбасына байланысты өсиеттерін санамызға сіңіре білсек, бүгінгі таңдағы көбейіп кеткен ажырасушылықтың болуы былай тұрсын, ерлі-зайыптылар бірін-бірі қабақпен түсінісіп, сіз-біз десуден аспаған болар еді.

Негізінен әйел күйеуінің көңіл күйін қабағынан түсініп, жарының ыңғайына қарай әрекет етіп сыйлауы, немесе сөзін бөліп, қарсы келіп, бағынбауы да көбінесе ер адамның өзіне байланысты. Ислам дінінде отбасылық барлық жауапкершіліктер ер адамға міндеттелген. Пайғамбарымыз () «...ер адам отбасы үшін жауапкер және отбасы үшін сұралады...»,- деген хадисі ер адамға үлкен жауапкершілікті жүктейді және жан-жақты тәсілдерді қолдана отырып, сабырлық танытып тәрбиелеуі ер адамға артылған міндет екенін аңғартады. Көптеген уағызшылар пайғамбарымыздың ()  хадистерін келтіріп әйелін асырап бағуы және киіндіруі сол сияқты басқа да хақыларын айтады.  Оған қосымша айтарым негізінен ер адамның отбасын ұйытып ұстап отыруы үшін ең әуелі оның парасатты болуы міндет. Бүгінгі күнде көпшілігімізге осы парасат және жүйелі ой жетіспейтін сияқты. Осы тұста айтарым кез-келген күнә дұрыс ойлау жүйесін және тепе-теңдікті бұзады.

Қазіргі таңда сұрақтардың басым көпшілігі отбасына байланысты болып кетті. Көптеген азаматтар әйелдеріне көңілі толмай сол себепті ажырасқысы келетіндігін айтып шағымданып жатады. Ақиқатында ер адам бейне бір кеме жүргізуші тәрізді, кеме жүргізуші шебер болса ешқандай толқынға соқтырмай, кемені де оның ішіндегі адамдарды да аман алып шығады. Ал, кеме жүргізушінің шеберлігі нашар болса толқын біткеннің бәріне соқтығысып  кемені де ішіндегілерді де құрдымға ұшыратады. Осы тұста сіз қандай жүргізушісіз?, - деп ой салғымыз келеді.

Әркім өз әйелінің психологиясын жақсырақ біледі. Сондықтан әйеліне уағыз айтатын жерде уағыз айтып, ақыл айтылатын жерде ақыл, әзіл айтатын орнында әзілдеуі тиіс. Тіпті керек кезде қабақ шытып  ашудың өзін орнымен пайдалану керек. Ал ақыл айтатын сәтте әзілдеп немесе ұдайы уағыз айта берсеңіз сонымен қатар ұрса беруде тиімді нәтиже бермейді. Сондай-ақ тиісті уақытында ұрсып, дауыс көтермесеңіз әйеліңіздің алдында беделіңіздің түсе бастағаны деп біліңіз.

Міне, осы сияқты нәзік мәселелерге даналықпен, парасатпен қарап, дұрыс шешуін тауып отырсақ отағасы ретінде абыройымыздың артып, әйелдерімізде не айтқымыз келетінін қабағымыздан түсініп отырар еді.

Ол үшін Құран мен хадисті дұрыс түсініп басшылыққа алсақ толық жеткілікті.

Ер азаматқа ата-анасының разылығы үлкен міндет екені белгілі. Сонымен қатар отбасының жауапкершілігі де үлкен аманат.  Кейбір жігіттер ата-анасының разылығын желеу етіп отбасын жеңіл бұзып жатады. Олда дұрыс емес. Ер жігіт болған соң ата-анасында ренжітпей, отбасында бұзбай екеуінің арасынан нәзік қыл суырғандай шешім таба білу керек. Ол сол үшін де ер азамат болып аталды және Алла Тағалада ер азамат деп осы жүкті міндеттеді. Бұл мәселеніде оңтайлы шешу жолы тағы да парасатпен даналыққа келіп тіреледі. Аллаға және ақырет күніне сенген адам үшін отбасына жауапкершіліксіз қарау үлкен күнә.

Алла Тағала отбасымызға береке-бірлік, есендік бергей. Әмин.

ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы
Серікхан Рымханұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру