«ОЛ – МҰСАҒА ТҮСКЕН ЖӘБІРЕЙІЛ»
Алланың елшісі Мұхаммедтен (ﷺ) бұрын өткен барлық пайғамбарлар мен сыддықтар, өз замандастары һәм кейінгі заманның елеулі тұлғалары Оның досы һәм жәрдемшісі болуды арман етті.
Ең алғаш уахи түскен кезде Пайғамбарымыз (ﷺ) басынан өткен жайтты Хадиша анамыздың (р.а.) нағашысы, Інжілден хабары бар Уарақа бин Науфалға әңгімелеп береді. Сонда Уарақа: «Ол – Мұсаға түскен Жәбірейіл. Әттең, жас болғанымда ғой... Әттең, сені жұртың елден шығарып жіберген шақта тірі болсам ғой», – деді. Пайғамбар (ﷺ): «Олар мені шығарып жібереді ме?» –деп сұрады. «Иә. Сен сияқты пайғамбарлықпен келген әрбір адам дұшпандыққа ұшырайды. Сол күнге жетсем саған бар күшіммен қолдау көрсетемін», – деді. Алайда, көп өткен Уарақа бақилық болды[1].
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ПАТШАҒА ХАТЫ
Һижраның 6-жылы Алла елшісі (ﷺ) сол заманның ең алпауыт 8 патшалығына хат жолдап, Исламға үндейді. Солардың бірі – Рум императоры Геракл еді. Пайғамбар хатын жеткізуге сахаба Дахия бин Халифа әл-Кәлби (р.а.) таңдалды. Хатты алған император Пайғамбар жайлы толығырақ білгісі келді. Осыдан соң Шам жерінде жүрген бір топ құрайыштық саудагерлер император құзырына шақыртылады. Тәржімашы арқылы Құрайыш ішіндегі пайғамбарға тегі ең жақын адам кім екенін сұрады. Әбу Суфиян топтың ішінен шығып, императормен сұхбаттасады.
- Араларыңда оның шыққан тегі қандай?
- Ол ең текті әулеттен.
- Одан алдын пайғамбармын деген кісі болды ма?
- Жоқ.
- Ата-бабасының арасында патша бар ма еді?
- Жоқ.
- Соңынан ілесушілер байлар ма, кедейлер ме?
- Кедейлер.
- Ілесушілер көбеюде ма, әлде азайып жатыр ма?
- Артып жатыр.
- Иман еткен соң діннен жәбір көріп қайтқандар болды ма?
- Жоқ.
- Ол пайғамбармын демей тұрып, оған жалғаншы деп айып тағылды ма?
- Жоқ.
- Ол қиянат етті ме?
- Жоқ.
- Сендер онымен соғыстыңдар ма?
- Иә.
- Кім жеңіп жатыр?
- Арамыздағы соғыс аумалы-төкпелі өтуде. Бірде біз, бірде олар жеңуде.
- Ол сендерді неге шақыруда?
- Ол: «Бір Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешнәрсені серік етпеңдер. Ата-бабаларыңнан қалған нәрсені тастаңдар», – дейді. Сонымен бірге, намаз оқуға, шыншылдыққа, пәктік пен туысқандық қарым-қатынасты нығайтуға шақыруда[2]», – деді Әбу Суфиян.
Хатта[3]: «Аса қамқор ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын. Алланың құлы және елшісі Мұхаммедтен Рум ұлығы Гераклге. Тура жолға ілескенге амандық болсын. Исламды қабыл ет, құтыласың. Иман ет, Алла Тағала саған сауабыңды екі есе береді. Ал, теріс айналсаң, халқыңның күнәсі сенің мойныңда. «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Ей, Кітап берілгендер! Бізге де, сендерге де бірдей бір сөзге келейік. Алладан басқаға құлшылық етпейік. Оған ешнәрсені серік қоспайық. Сондай-ақ, бірімізді біріміз Алладан өзге иелер етіп алмайық»,-деп. Егер олар бет бұрса: «Біздің мұсылман екенімізге куә болыңдар»,-деп айтыңдар[4]», – деп жазылған еді.
МЕЙІРІМДІЛІК ПАЙҒАМБАРЫ
Бұл екі шағын оқиға теңізден тамшы ғана. Құран Кәрімде Пайғамбарымызды (ﷺ):
وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің[5]», – деп сипаттаған. Айша анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Ақиқатында, Алла елшісінің (ﷺ) мінезі – Құран болатын», – деген екен.
Сахаба Әнас (р.а.): «Мен Алла елшісіне он жыл қызмет еттім. Ол кісі ешбір кейіс білдірмейтін. Менің істеген ісіме: «Неге олай еттің» – деп, ал ұмытып қеткен шаруама: «Неге істемедің?» – деп бір рет те мін айтпады», – деп еске алады.
Ухуд шайқасында ардақты пайғамбарымыздың (ﷺ) алдыңғы тісі сынып, жүзі қанға боялды. Екі дүние сұлтанының бұл халі жанына қатты батқан сахабалар: «Мүшриктерге қарсы дұға жасасаңызшы», – деп күйінеді. Сонда әз пайғамбар (ﷺ):
إِنّي لمْ أُبْعَثْ لعّاناً و لكنِّي بُعِثْتُ داعيا و رحمةً. أللهم اِهدِ قومي فإنّهم لا يعلمون
«Мен қарғыс айтушы боп жіберілмедім. Мен жақсылыққа шақырушы және мейірімділік етіп жіберілгенмін. Ия, Аллам! Менің елімді тура жолға сал, расында олар не істеп жатқанын өздері білмейді[6]», – деп өзін жаралағандар үшін қайырлы дұға жасады.
Бұл көріністегі аса кешірімшіл көркем мінез және сабыр һәм жұмсақтықтың жоғары дәрежесіне қараңыз. Өзіне қарсы қару кезеніп, тісін сындырып денесін жарақаттаған мүшриктердің жауыздығына үнсіз жауап берсе де болар еді. Керісінше, оларға жаны ашып, мейірімділік танытып жақсылық тілеп дұға етеді. Бұған қоса жауласып жүрген меккеліктерге «менің елім» деп мейірленіп, «расында білмейді» деп оларға кешіріммен қарады. Соққыға жығылып тұрып, жұмсақтық таныту – өте ауыр. Тіпті мүмкін емес.
Әз пайғамбар (ﷺ) жеке өзіне жасалған жамандыққа ешбір қарсы дұға жасамайтын. Ал, дінге титтей де бір дұшпандық көрсе, соған қарсы жан-тәнімен күресетін. Бұл жайлы Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің өзіне жасалған зұлымдықтың Алла Тағала тыйым салған істердің бірінен болмаса, жәрдем сұрағанын еш көрген емеспін. Ол тек Алла жолында күресте ғана қол көтеруді құп санайтын. Сондай-ақ, ешбір қызметшісіне және әйеліне қол көтерген жан емес[7]», – деп баяндайды.
КІРШІКСІЗ КІШІПЕЙІЛДІЛІК
Адамзаттың сұлтаны әрі пайғамбарлар сардары Расулымыз (ﷺ) өте кішіпейіл де жұмсақ жан еді. Бұған бірақ мысал жеткілікті. Алла Тағала оған патша пайғамбар немесе құл пайғамбар болудың бірін таңдауға бергенде, ол соңғысын таңдаған еді. Сонда Исрафил (ғ.с.) періште пайғамбарға: «Сіздің кішіпейілдігіңіз үшін Алла Тағала сізді қиямет күні адам баласының төресі, (махшар күні) жер жарылып ең әуел шығатын адам және ең әуелгі шапағатшы етті», – деген екен.
Ибн Масғұд (р.а.) мынадай оқиғаны еске алады: «Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандарға садақа үлестіріп жатқан. Бір уақытта біреу: «Әділ бол! Мынау әрекетің Алла ризашылығын қалағанның тірлігі емес», – деп дүрсе қоя берді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): оған: «Мен әділ болмағанда кім әділ болмақ?! Әділдік етпесем, қор болғаным ғой», – деген жауаптан артық сөз айтпады. Әлгі наданның сөзін естіген сахабалар өлтірмек болып тап бергенде, пайғамбарымыз барлығын тиып тастады[8]».
Араб жұртында дала халқы – аса дөрекілігімен танымал ел. Олар үлкен-кіші демей қойып қалатын әдеттерімен белгілі еді. Әнас бин Малик (р.а.) әңгімелейді: «Мен пайғамбармен (ﷺ) бірге едім. Ол кісінің үстінде қатты матадан тігілген шапан бар еді. Бір дала арабы келіп, ол кісінің (ﷺ) жағасынан ұстап, өзіне қарай жұлқи тартты. Қимылының дөрекілігі сонша, қалың шекпеннің жағасы пайғамбардың мүбарак мойнына батты. Сосын ол: «Ей, Мұхаммед! Сендегі байтул малдан (қазынадан) мына екі түйеме толтырып артып бер. Ол сенің немесе әкеңнің малы емес қой», – деп талабын айтты. Мұндай дөрекілікке пайғамбарымыз (ﷺ): «Қазына – Алланың қазынасы, ал мен – Оның құлымын», – деп жауап берді. Сосын: «Ей, араби маған істегеніңді саған да істейін бе?» – деп, шариғат бойынша жәбір көрген кісінің дәл сондай жолмен өз ақысын алуы керектігін білдірді. Асып-сасқан араби: «Жоқ», – деп жалтарып шықты. Сонда пайғамбарымыздың (ﷺ): «Неге?» – дегеніне араби: «Сен жамандыққа жамандықпен жауап беретін адам емессің», – деді. Пайғамбар (ﷺ) оның жауабына күліп, бір түйесіне арпа, екіншісіне құрма артып беруді тапсырды[9]».
Міне, нағыз сүннетпен жүремін деуші мұсылман баласы осы хадистерге амал етсін. Дөрекілікке – жұмсақтықпен, ашуға – ұстамдылықпен жауап қату қажет.
«ҚҰЛ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТЫ» ҚҰП КӨРГЕН
Пайғамбарымыз Мұстафа (ﷺ) міскіннің жағдайын сұрап үйіне баратын, кедеймен бірге отыратын, құлдың шақырғанына «ләббай» деп үн қататын, мәжіліс құрғанда сахабаларымен араласып отыратын. Арнайы орынға отыру немесе төрге шығу дегенді білмейтін. Ол үнемі: «Мен құл қалай жесе, солай тамақтанамын, құл қалай отырса, солай отырамын», – деп айтушы еді.
Айша, Хасан және Әбу Сағид (Алла Тағала баршасынан разы болсын) пайғамбарымызды сипаттағанда: «Ол үй шаруасына жәрдем беретін, көйлегін өзі тазалайтын, қойды сауып, киімін жамайтын, аяқ киімін өз қолымен жөндейтін, өз шаруасын өзі істейтін, түйесін байлайтын, қызметкерімен бірге тамақтанатын, бірге қамыр илейтін, базардан керек затын өзі арқалап әкелетін еді», – дейді. Ал, қазірге таңдағы маңдайы сәждеге тиіп жүрген мұсылман бауырларымыз осы сүннеттердің қайсы бірін орындап жүр. Бұл – өте тәрбиелік мәні зор хадис.
Дегенмен, кішіпейілділігі және жұмсақтығына қоса, кісі қаймығатын сұсы да бар еді. «Пайғамбар құзырына бір кісі шаруамен кіреді. Ол пайғамбардың айбынынан қобалжып, аузынан сөз шықпай қалады, сонда Алла Елшісі (ﷺ):
هوِّنْ عليك فإني لستُ بملكٍ إنما أنا ابن امرأة من قريش كانت تأكلُ القديدَ
«Қорықпа, мен патша емеспін. Мен кептірілген ет жейтін құрайыш әйелінің баласымын[10]», – деген екен.
Әсілінде, пайғамбарымыз (ﷺ) екі дүниенің сұлтаны, Алла Тағаланың сүйікті құлы һәм досы еді. Бірақ, тым қарапайым кісі болды.
«МЕНІ ЮНУС БИН МАТТАДАН АРТЫҚ САНАМАҢДАР»
Өзін әсірелеп мақтайтын адамдарға: «Мені Юнус бин Маттадан артық санамаңдар, Пайғамбарларды бір-бірінен артық етпеңдер, мені Мұсадан артық деп көрмеңдер. Расында, Ибраһимнен қарағанда, шүбәға біз лайықпыз», – деп жауап берген. Бұл сөздерінің мағынасы Юнус (ғ.с.) – адам баласы ешқашан зікір етпеген орында, яғни алып балықтың ішінде Алла Тағалаға мадақ айтып, үлкен абыройға ие болған пайғамбар. Бұл – жоғары мәртебе. Алайда, сахабалар Пайғамбарымыздың (ﷺ) миғражда, жеті қат көктің үстінде тұрып Жаратушыны зікір еткенін айтып мақтан тұтатын. Ал, Ибраһим (ғ.с.) құдіреті күшті Алла Тағалаға мінәжат етіп, өлген денені қалай тірілтетіндігін сұрайды. Алла пайғамбарына: «Иман етпейсің бе?» – деп сұрайды. Сонда Ибраһим (ғ.с.): «Керісінше, мен иман етемін, алайда жүрегімдегі сенімімді орнықтыру үшін»,-деп жауап берген. Сол оқиғаны негізге алып, пайғамбарымыз (ﷺ) «Расында, Ибраһимнен қарағанда, шүбәға біз лайықпыз», – дейді.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, адамзаттың ең жақсысы», – деген кісіге жауап ретінде: «Ол – Ибраһим ғой», – деген екен.
Ол (ﷺ) өте әділ, аманатқа адал және айтқан сөзі рас болатын. Ашу үстінде де, қуанышты сәттерде де, байсалды және әзілдесіп отырғанда да еш жалған сөйлемеген. «Аманатшыл (сенімді) Мұхаммед» деп атаған мүшриктердің өздері Мұхаммедті (ﷺ) жау санаса да құнды заттарын оған сақтауға тапсыратын болған. Ахнас бин Шариқ Бәдір шайқасы күні Әбу Жаһилді кездестіріп қалады. Ол: «Ей, Әбул Хакам (Әбу Жаһилдің қосалқы аты)! Біздің сөзімізді еститін менен және сенен басқа тірі жан жоқ. Мұхаммед жайлы айтшы. Ол шыншыл ма, жалғаншы ма?» – деп сұрайды. Әбу Жаһил: «Уаллаһи, Мұхаммед шын мәнінде шыншыл, Мұхаммед ешқашан өтірік айтпаған», – деп ағынан жарылады.
ШЫҢДАЛУДЫҢ ШЫҢЫ
Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі қатарынан үш күн тойып нан жемеген. Осылайша дүниеден озды[11]», – дейді бір сөзінде. Сондай-ақ: «Біз Мұхаммедтің (ﷺ)отбасы ай бойы қазан аспай, тек құрма жеп су ішіп отыра беретінбіз», –дейді.
Мұсылмандар анасы Айша (р.а.): «Пайғамбар ешқашан қарны тойып ас ішпеген. Мұнысын кісі баласына айтып шағымданбайтын. Ол кісіге байлықтан кедейлік артық еді. Түндерді ашқұрсақ қалпында Құран оқумен өткізіп, таңертең ниет етіп аузын бекітетін. Егер қаласа, Раббысынан дүниенің қазынасын, оның жемістері мен молшылығын сұрар еді. Мен оның жағдайын көріп, мейірімнен көзіме жас алатынмын, алақанымды ішіне қойып: «Жаным сізге құрбан болсын, сізге ас болатын бір нәрсе тапсам болар еді», – дейтінмін. Ол кісі: «Ей, Айша! Менің бұл дүниеде не шаруам бар. Елшілерден болған үлкен сабыр иелері пайғамбар бауырларым бұдан да ауыр сынаққа төзімділік танытқан. Сол күйлерінен танбаған. Сол қалыпта Раббыларының құзырына кеткен. Алла Тағала оларды қадірлеп, сауаптарын мол етті...», – деп жауап берген екен.
Бір риуаятта Жәбірейл (ғ.с.) Ол кісіге (ﷺ) былай деп хабар жеткізеді: «Алла Тағала сізге сәлем жолдап: «Мынау таудың алтын болып, үнемі сенімен бірге болғанын қалайсың ба?»,– деп сұрауда». Пайғамбарымыз сәл кідіріп: «Ей, Жәбірейіл! Мынау дүние үйі жоқтың – үйі, мал-мүлік жоқтың – мүлкі, оны тек ақылы жоқ адам ғана жинайды», – деп жауап берген екен. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.): «Уа, Мұхаммед! Алла Тағала сені берік сөзбен қолдасын», – деген екен.
Әрине, бұл үнемі аш жүруге және тапшылықта өмір сүруге насихаттау емес. Алайда, осы хадистерден ғибрат алу – баршамызға міндет.
Алла елшісі (ﷺ) тағы бір сөзінде: «Шын мәнінде, мен сендер көрмейтін дүниені көремін, естімейтін нәрсені естимін. Аспан иіліп тұр, оның иілетін жөні бар. Онда әр сүйем орында Алла үшін сәжде еткен періштелер бар. Уаллаһи, егер сендер мен білетін нәрсені білсеңдер, әлбетте, аз күліп, көп жылайтын едіңдер. Төсекте әйелдеріңмен жата бермей, шыңдарға шығып, Аллаға еңіреп жылап, жалбарынған болар едіңдер[12]», – деген екен.
Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) құлшылығы жалы мынадай хадис риуаят етеді: «Ол аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын. Сонда: «Осыншама өзіңізді қинамасаңыз болар еді. Алла Тағала сіздің әуелгі және кейінгі барлық қате-кемшіліктеріңізді кешірді емес пе?» – дегенімде, Ол кісі (ﷺ):
أ فلا أكون عبدا شكورا
«Мен шүкіршілік етуші құл болсам жараспай ма?» – деп күлімсірей жауап қатқан».
ӘЛЕМ СҮЙГЕН ӘЗ ПАЙҒАМБАР
Адамзат баласына рақым пайғамбары ретінде жіберілген Мұхамед Мұстафаның (ﷺ) ғибратты ғұмыры мен сауапқа кенелтер сүннеттерінен сусындап, өмірлік бағдарымыз етіп алсақ, Алла Тағаланың сүйген құлдары қатарынан табылып қалуымыз ғажап емес. Өйткені, Сүйікті Пайғамбарымыздың мінез-құлқы – Құран екенін естен шығармау қажет. Ал, Құран – Құдіретті Алла Тағала сөзі. Өмірден өткеніне 15 ғасырдан астам уақыт өтсе де, өмірінің әр кезеңі, әр сәті бүгінгі ұрпаққа бұлжымастан жетіп жатқан кемеңгер тұлғаның көркем мінезі мен кемел ақылы – адамзат баласы үшін ақыретке дейінгі рухани азық. Белгілі Британ жазушысы, драматург Бернард Шоу өз сөзінде былай дейді: «Егер қазіргі әлемді басқару құқы Мұхаммед секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді майдан қыл суырғандай оп-оңай шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммед дінін қабылдайтынын болжаймын, тіпті Еуропа оны қазірдің өзінде қабылдай бастады».
Пайғамбарымыздың парасат-пайымы мен кемеңгерлігіне тамсанып, таңдайын қаққан бұндай пікірлерді мыңдап мысалға келтіруге болады. Алайда, бастысы – Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымызға баға беру емес, екі дүние сұлтанының өнегеге толы ғұмырынан ғибрат алып, ол салған сара жолдан жаңылмай, Жаратушы Хаққа сүйікті құл болуға талпыну!
Серікбай қажы Ораз,
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Әзірет Сұлтан мешітінің Бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру