Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Тәуелсіздігім үшін мың тәубе!

17.12.2015 4445 0 пікір

Еліміз үшін маңызы зор, қадір-қасиеті мол Тәуелсіздік мерекесінің өзге мейрамдардан қашан да орны бөлек. Бұл – бабалар аңсап өткен, жолында жаны құрбан болған, ұлы күн. Әуелі әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың қазақ халқына шексіз мейірім-шапағатаның арқасында бұл күн бізге бақ боп бұйырды. Әлбетте, бейбіт заман үшін ғұмыр кешкен құдайшыл қазақ халқы тарихта небір зұлмат нәубетті өткеріп, ұлы нығметке қол жеткізді.

Тегінде, бейбітшілік, мамыражай тіршілік – адам баласының жан қалауы. Қай қоғам болмасын, адами игілікке, ізгілік пен құндылыққа негізделген өмірді мұрат тұтады. Ал барша жақсылықты, тыныштық пен татулықты қалаушы қауымның ішінде мұсылман халқының орны орасан зор. Себебі, ислам осы мақсатта әз пайғамбар Мұхаммед () арқылы барша адамзатқа бір игілік, сүйінші болып жіберілді. Халқымыз қашанда шүкіршілігінен айнымай, бұйырғанын бағалап, қадіріне жете білген. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген кемел иманды ұстанған қазақ халқының тарихта қиын-қыстау күн кешпеген, сүрінбеген, жығылмаған, мұңаймаған сәті аз. Сұрапыл соғысты да, азапты ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де өткерді бастан. Бірақ, тізесі бүгілсе де, еңсесі еңкеймей, жігерін жанып, рухын асқақ ұстады. Бабалар аңсаған күн бізге осындай өткелдермен жетті.

1991 жылдың 16-желтоқсаны бостандықтың туын тіккен – Тәуелсіздік күні болып, Отанымыздың тарихына ілінді.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күннің шын бағасын: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы  қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» депберді. Ендігі тілек – бақыттың бағасына жетіп, қалтқысыз адал қызмет қылу, білім алу, еңбек ету, қоғамға пайдалы іс жасау. Ал осының барлығы бүліктен ада бірліктің, тыныштық пен татулықтың арқасында атқарылмақ.Осы ретте мына Құран аяттары бізге өмірлік сабақ болғандай: «Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал етті: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілік пен ризық-нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп, жапа тарттырды» («Нахл» сүресі, 112-аят). Аяттан ұғарымыз, бізге бұйырған осы ұлы нығмет – тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік ете білу. Бүгінде барша әлем куә, бірлігінен ажыраған, басшысына бағынбай, туған елінің тыныштығын бұзып, соғыстың сергелдеңіне түскен ел қаншама.Бұл елдердің тағдыры мұсылман халқы ретінде бізді де қатты қынжылтады.

Бейбітшілік нығметі, байқағанымыздай, кез келген елге беріле бермейтін ұлық нәрсе болғандықтан, шариғат тұрғысынан біздің шүкір етуіміз уәжіп болып табылады. Енді, бейбітшілігімізді ары қарай нығайтып, шүкіршілігімізді іс жүзінде көрсетуіміз үшін, ардақты пайғамбарымыздың () мына өсиетіне сай амал етуіміз қажет.Имам Мүслим жеткізген сахих хадисте Алла Елшісі () былай дейді: «Алла сіздердің үш амалдарыңызға разы болады: Біріншісі, Аллаға ғана құлшылық қылып, Оған еш нәрсені ортақ қоспауларың, (яғни, жалғыз Жаратушымызға ғана жалбарынып, имандылықты ту етуіміз. Екіншісі, бүтіндей Алланың жібіне (яғни, дініне) жармасуларың.Үшіншісі, Алла сіздердің істеріңізді басшылыққа алуды нәсіп еткен басшыларыңызға кеңес беріп, шынайылық танытуларыңыз (басшыларымызға бағынуымыз қажет)».

Алла тағала: «Әй мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бой ұсыныңдар» деп айтты.(«Ниса» сүресі, 59-аят). Ал, Ибн Кәсир: «Анығын Алла жақсы білуші, жоғарыдағы аят, күллі басшылар мен ғұламаларды қамтиды» деп айтқан екен. Пайғамбарымыз () көптеген хадистерінде басшыға бағынуды әмір етеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен келесі хадисте: «Алла Елшісі (): «Сенің міндетің – жоқшылықта әрі молшылықта, қуанышта әрі көңілсіз болған шақтарда (яғни, нәпсің қаласа да, қаламаса да), сондай-ақ, биліктегілердің шешімімен басқаларға (дүние-мүлік, дәреже-мансап немесе атақ-даңқ) беріліп, сен құр қалған жағдайда да (басшыға) бойсұну» деп айтты» деген.

Алла Ешісі () Хузайфата ибн әл-Яман деген сахабасына келешекте фитналар мен басшылыққа қарсы шығу бүліктері болатынынан хабардар еткенде, Хузайфа: «Уа, Алла Елшісі! Сол заманға кезіксем, маған нені бұйыратын едіңіз?» деп сұрады. Сонда, пайғамбарымыз (): «Мұсылман жамағатымен және олардың имамымен (басшылармен) бірге болуың керек» деп кеңес берді. Сол секілді, ислам дінінің де ең басты ерекшелігі – қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Пайғамбарымыз () бұл жайында: «Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» деген.

Бір намазда имамға қалай ұйып, бағынған болсақ, осы бейбітшілік заманды, осындай мешіттерді көбейтіп, азанмен таңды атырып, құптанды жамағатпен бірге бітіруіңе, Құранды ашып оқуыңа, білім алуыңа, ата-анаңа, еліңе, жеріңе қызмет қылуыңа қолдау білдіріп отырған елдің басшысына да бағыну – біздің міндетіміз. Өйткені, үрей мен қауіпке, қорқыныш пен қатерге бой алдырған қоғамның берекесі қашады. Ондай бақытсыздықтан Алла бізді, елімізді сақтағай деп тілейміз. Бейбітшілік, шын мәнінде,Жаратушымыздың жаратқан пенделеріне берген ең ұлы нығметі. Бұл жайында ислам ғұламалары былай деп баяндайды: «Алланың халилі Ибраһим (ғ.с.) Мекке тұрғындары үшін дұға еткен кезінде: «Раббым! Бұны бір тыныш ел қыла көр және оның тұрғындарынан кім Аллаға, ахирет күніне иман келтірсе, әртүрлі өнімдермен ризықтандыр!»деп  жалбарынған («Бақара» сүресі, 126-аят). Міне, Ибраһим (ғ.с.) осы дұғасында ризықтан бұрын, тыныш өмірді сұраған еді. Себебі, қауіп-қатер болған жерде, адамдар ризықтың ләззатін сезіне алмай, қорқынышта күн кешеді. Бәлкім, қауіп-қатер болған жерде ризықтың да болуы екі талай.

Қазіргі таңда әрбір көкірегі ояу, көзі ашық,nсаналы адамдар бірлік пен басшыға бағынуды ту ете алмағандықтан, өз елдерін тонап, қиратып, ойран етуде. Мұның салдарынан сол мұсылман елдерінің әлеуметтік экономикалық ахуалы бірнеше жылға кері кетті. Мұндағы халық қауіп пен үрейдің, аштық пен қасыреттің кесірінен көршілес елдерді паналауға мүжбүр. Біле білсек, Қасиетті Құранның аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммадтің () хадистері ынтымақ, бірлік пен басшыға бағынуға шақырып, ту үстіне ту тігуден қайтарған. Бұл жалған өмір сынақ үшін берілгендіктен, кейбір қиыншылықтардың кездесуі заңды. Сол себепті, ілгергі ғұламалар: «Кейіннен өзің төзе алмайтын қиыншылыққа душар болмауың үшін, қазіргі төзе алатын, болмашы қиындыққа шыдап, сабыр сақта. Сонда, сабырлық бұданда бетер қиындықтың бетін қайтарады» деп өсиет еткен. Ғалымдарымыздың мұндай керемет кеңестеріне құлақ аспай жік-жікке бөлініп, басшыларына қарсы шыққан мұсылман елдерінің жағдайы бүгінде мәз емес.

Тәуелсіздігіміз дінге демеу, ұлтымызға қамқор болып, халықтар достығын сақтап келеді. Отанымыздың әрбір азаматы «Мемлекет маған не береді?» деп емес, керісінше, «Мен мемлекетке не беремін?» деген ұлы мақсатты ұстануы керек. Бұл күнде бұқара халықтың «тілі, құлағы һәм көзіне» айналған «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» журналы мен өңірлердегі мешіттердің ресми сайттары бұқараны білім нәрімен сусындатуда. Қаншама баспа үйлері дәстүрлі дінімізді дәріптеген құнды кітаптар басып шығаруда.Мұсылмандардың ұлық мерекесі саналатын Құрбан айттың алғашқы күнінің мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мереке ретінде бекітілуі де тәуелсіздігіміздің үлкен жемісі екені сөзсіз. Біз бұл орайда елінің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, халыққа қалтқысыз қызмет қылған ел ағаларының қадірін, бағасын білуіміз де керек.

Біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің мирасқорларымыз. Сондықтан да, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз. Еліміздің еңсесін түсірмей, өзге елмен тең ұстап, қаншама ұлттар мен этностардың басын қосып, бірлігі жарасқан, ұйымшылдыққа ұйыған мемлекет құру, оны ұстап отыру оңай іс емес екені баршамызға мәлім. Бүгінгі тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған республикамыздың ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні халық үшін ерекше күн, айрықша мереке. Әрбір ел азаматының жүрегінде осы күннің қадіріне жетіп, қастерлеу, Отанына деген сүйіспеншілік секілді сырлы сезім болуы керек. Алла бізді осы бірлігімізден ажыратпасын. Тәуелсіздігімізді баянды, құтты етсін!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру