Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан БЕРДЕНҰЛЫ: Ислам шариғатындағы әйел концепциясы

10.12.2015 4740 0 пікір

Ислам дінінде әйелдің алар орны ерекше. Ол қазақ дүниетанымындағы әйел бейнесі туралы қалыптасқан түсінікке сай келеді. Онда пайғамбар () сүннетін жоққа шығаратын, шариғатқа қайшы келетін ұғым жоқ. Бұл дәстүр күні кешегі кеңестік дәуірге дейін өмір сүрді. Нақты айтқанда, XX ғасырдың басындағы орыстандыру саясаты қазақ қоғамындағы тәрбиенің алтын діңгегі іспетті отбасы институтының тас-талқанын шығарды. Әйелді ердің алдына шығармаған сыйластық салтын бұзды. 

Қазақ дәстүрін терістеу идеясының қалай жүзеге аса бастағанын алаш арысы Б.Майлиннің «Раушан-коммунист» атты әңгімесіндегі мына эпизод – диалогтан байқауға болады:

- Астапыралда-ай, Құдай-ай, не сұмдық көрсеттің-ау! Не деген бетсіздік еді?!

- Сол қыз биыл ауылына келген екен. Ауылы жағасын ұстап отыр дейді. Бұрынғы киімінің бәрін тастап, құйрық-жалын күзеген байталша, сып-сида болып, коммунистің киімін киіп алса керек; мойнында кресі болған дегенді де айтады.

- Не дейді шешей-ау?! Рас дей ме?! Ол бетпақты ауылдан неге қумайды екен?!

- Қайдан қусын, қит етсе, коммунисіне айтады. Коммунист естісе, айдатып, қараңғы үйге жабады… Ана адырақ көз Биағалар сондайларға қарсы болам деп қараңғы үйде отырған жоқ па?.. Б.Майлин, Бес томдық шығармалар жинағы. 3-том. – Алматы, Жазушы. – 1987 ж. 31-бет).

Аталған диалог ғасыр басындағы қазақ әйелінің биліктің күшімен төл дәстүріне қарсы келе бастағанын бейнелейді. Бұл кейіннен қоғамдық кеселге айналып, әйел ибасын бір бұзса, түптеп келгенде, ол әйел қадірін кетіруге де әкеп соқты. Қазіргі таңдағы әйел мәдениетіне қатысты келеңсіз көріністер – осынау бір ғасырлық тексіздендіру саясатының жемісі.

Ал, бұрынғы өткен заманда қазақ әйелі өзінің ар-ұятымен сыйлы еді. Етек-жеңі ұзын көйлек киіп, шашынан шашау шығармай, кимешегін шешпеген. Мұның дұрыстығын растайтын аяттар Құран Кәрімде де кездеседі: «Жақсы әйелдер – бойұсынушылар, күйеуі жоқ кезде Алланың панасында жабық нәрселерін (арын) қорғаушылар» («Ниса» сүресі, 34-аят) деген аят бар. Сондай-ақ, Алла Тағала «Мүмін әйелдерге айт (бөгде еркекке) қадалып қарамасын. Тәндерін жауып жүрсін. Сыртқы зейнеттерінен (бет, қол, аяқ көрінетін мүшелерінен) басқа зейнеттерін (мүшелерін) көрсетпесін. Бүркеніштерімен омырауларын жапсын (жабық зейнеттерін (мүшелерін) күйеу лерінен, әкелерінен, қайын аталарынан, өз ұлдарынан немесе өгей ұлдарынан, өз аға-бауырларынан немесе аға-бауырларының ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдарынан, мұсылман әйелдерден, қолдарынағы күңдерден, әйелге жуымайтын (қартайған, белсіз) қызметшілерден немесе әйелдің ауыратынын ұқпайтын (балиғатқа толмаған) балалардан басқа адамдарға көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Әйел – Алланың аманаты.Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз (): «Қызды ұрпағым демегендер менің үмбетім емес», – деп тағы да бекемдей түсті. Және «Кімде-кім үш қыз тәрбиелеп, оны жақсы жерге тұрмысқа беретін болса жәннатқа кіреді», - деген. Осы хадис-шәріптен-ақ қыздарымыздың дініміздегі орнын және оларды жақсылап тәрбиелеген жанның жәннатқа кіруіне мол мүмкіндіктің бар екенін, қыз тәрбиесіне баса назар аудартатынын анық білеміз.

Ислам әдебі бойынша әйел – құрметке лайық жан. Пайғамбарымыздың ()  бұл жөнінде мынадай хадистері бар: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар». Жалпы, Ислам діні әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Пайғамбар () бұл туралы былай дейді: «Ер кісілер әйелге өзінің апа-қарындасындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін – әйел».

Әрине, әйел дегенде ана еске түседі. Ал, Құранда әкеге құрмет көрсетуді анадан бөле-жара қарастырмайды: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кіші пейілмен бас иіңдер. «Алла Тағалам, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рахымдылық ете гөр!» – деп айт» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Орта ғасырларда Европадағы шіркеулер «әйелдің рухы бар ма, жоқ па» деген сұраққа жауап іздеп, таласып жүргенде, Пайғамбарымыз () сонау VII ғасырдың өзінде-ақ«Жәннат аналардың аяғының астында», –  деп, әйел затының қаншалықты құрметке лайықты екендігін көрсеткен.

Әйел – ар-ұят тазалығының символы. Пайғамбарымыздан () кейін Ислам дінін алғаш қабылдаған адамның бірі – мүминдердің анасы Хадиша (р.а.) еді. Демек, ең алғаш мұсылман болған адам – әйел адам. Алғаш шейіт құрметіне ие болған Сүмейа анамыздың Хақ үшін күресі, ынта-ықыласы – ақыретке дейін жалғасатын адамзат ұрпағына өшпес өнеге. Айша (р.а.) анамызға зинақор деп жала жабылғанда, Алла Тағала тарапынан аят түсіп, асыл анамыздың пәк, тазалығының дәлелденуі әйел абыройының Алла Тағала алдында маңыздылығын көрсетеді. Сайып келгенде, әйелдің абырой, ар-ұят тазалығынын сақтауы Құранға амал еткенмен бірдей.

Әйел – тұла бойы тұнған мектеп. Пайғамбарымыз () бір сөзінде «Діннің жартысын Айшадан үйреніңдер» десе, тағы бір сөзінде «Білім алу – ерге де, әйелде де – парыз», – дейді. Демек, Ислам діні білім мен ғылым саласында да әйелдің абыройын асқақтатқан.

Әйел – тәрбиеші. Ислам дінінің адамзат баласына сыйлаған ең үлкен нығметі – халық даналығында айтылғандай, аналардың бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетуіне мүмкіндік беруі. Міне, қоғамды танығың келсе, анасына қарау идеяның түп негізі Ислам дінінде жатыр.

Әйел – ердің жартысы. «Ер кісі – әйелге билік жүргізеді. Себебі, Алла оларды бір-бірінен артық етіп жаратқан және ерлер әйелдер үшін мал-мүліктерін сарп етеді. «Ері әйеліне бұйырса, ол бұйрығын тыңдайды, жүзіне қараса сүйіспеншілігі оянады, сапарға шықса, намысын және күйеуінің мал-мүлкін қорғайды». Бұл туралы Құранда: «Әйелдер – сендердің киімдерің, сендер – әйелдеріңнің киімдерісіңдер» («Бақара сүресі», 187-аят) – деп жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын түрлі зиянды нәрселерден сақтайтын киімге теңеген.

Бір қолымен әлемді тербейтін ақ жаулықты аналарымыз иманды ұрпақ тәрбиелеп, ұлдарымыз ұлықты, қыздарымыз қылықты болсын. Алла Тағала әміріне сай амал ететін отбасы көбейіп, еліміздің береке-бірлігі арта берсін! 

Батыржан Берденұлы,
 ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, 
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру