Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ермек МҰҚАТАЙ: Елбасы жолдауы елдігімізді баянды етуді көздейді

08.12.2015 4326 0 пікір

Елбасымыздың 30 қараша күнгі Қазақстан халқына жасаған Жолдауы бүгінгі заманымыздың талматұсы – жаһандық саяси, экономикалық дағдарысты еңсеруге һәм қазақ қоғамының әлеуметтік ахуалын жаңа сапаға көтеруге бағытталғаны баршаға мәлім. Елбасымыз алдағы жылы ширек ғасырға аяқ басқалы отырған ел тәуелсіздігін одан арықарай баянды ету үшін соқталы мәселелерге жіті назар аударды. «Нар жолында жүк қалмас», - демекші Елбасы Жолдауында ел дамуының мүмкіндігі бола алатын жайттар ада-күде айтылды. Менің екінші мамандығым қаржыгер болғандықтан, Елбасының қандай мәселелерге басымдық беруге үндегенін едел-жедел аңғардым десем асыра айтқандық емес.

Дәл қазіргі таңда жаһандық супер держабалардың арасындағы қайшылықтар дамушы елдердің өсу динамикасына айтарлықтай салқынын тигізіп отыр. Әсіресе, экономикасы шикізатқа тәуелді елдердің қалі мүшкіл. Мұнайды экспорттаумен мемлекеттік бюджеттің кіріс-шығыс теңгерімін ұстап отырған елдерге ғаламды шарпыған санкциялар екпінді кері әсерін тигізуде. Осы тұрғыда сын-қатерлерге біртұтас іс-қимыл стратегиясын іске қосу керектігін алға тартқан Елбасы: «Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды» деп дағдарыстың қадари-хикметін дәл бағамдады. Яғни, біздің еліміз шикізат өндірумен бірге экономиканы ілгерлертудің баламалы жолдарын да қарастыруы қажет. Сонда бүгінгі дағдарыс – дамудың жаңа тыныс-көздерін ашуға мүмкіндік береді. Ірі кәсіпорындар шикізатты ұқсатып, халықтың игілігіне қажет нақты өнім шығаруға ұмтылса, қазіргі өгіз аяң экономиканың ертеңгі бет-алысы сәттілікке ұласпақ.

Нағында, Қазақстан өмірдің қыр-сырынан хабарсыз, қиындықтарға төтеп бере алмайтын тәжірибесіз  мемлекет емес. Қазақтан - КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған кездегі мешеулікке ұрынған экономикалық-әлеуметтік ахуалды, 1997-98 жылдардағы Шығыс Азияда туындаған экономикалық күйзелістің, одан қала берді 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысын еңсере білген ел. Бұдан бұрын Елбасымыздың бастамасымен класстерлік экономика, инновациялық және экономиканы әртарапандыру бағдарламалары, «Жол картасы», «Нұрлы жол», мемлекеттік қор мен алтын-валюта резерві, сондай-ақ, осы жылы қолға алынған «100 нақты қадам Ұлт жоспары» келешекте болуы мүмкін дағдарыстар болжанып, оған қарсы сақадай сай болу үшін қабылданған болатын. Әлбетте, бұл Елбасымыздың көреген саясаткер екенін әйгілейді. Ендігі қадам экономиканы дамуына қолбайлау болар кедергілерді жойып, халықтың бүйірін тоғайтар ілкімді істерді қолға алуымыз керек. Елбасымыз осыған басымдық беретінін ашып айтты.

Әсілі, Қазақстан экономикасы әлемдік ахуалдың қиындығына қарамастан, жылдан жылға өрлеу үстінде. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өскен. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылған. Осы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайған. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өскен. Еліміздің экономикалық даму үдерісін бақылап отырған халықаралық қауымдастық Қазақстанды инвестиция құюға ең қолайды мемлекетердің санатына жатқызып отыр. Мысалы, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжауда. Яғни, Қазақстан жаһандық дағдарыстың ығына жығылмастан, өзінің дара даму бағытын өзгертпейді деген сөз.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы бой көтеріпті. Олардың барлығы ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Халықтың тұрмысы денсаулығының түзелуінің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтаған. Мемлекет тарих пен мәдениетке де қамқорлығын аяған емес. «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде он мыңнан астам тарихи-мәдени жәдігерлер мен мұрағаттық деректер ғылыми айналымға енді.  Бұл әлбетте зор жетістік! Алдымыздағы 2016 жылы бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбеймек. Елбасының сөзімен айтқанда: «Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады».

Жолдау бойынша экономикалық дағдарысты еңсеру үшін ел аумағын тұтастай қамтитын іргелі реформалар қолға алынбақ. Ол – қаржы саласын реттеу, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономиканы бәсекелестікке ынталандыру, жаңа инвестициялық саясат және жаңа әлеуметтік саясат атты бес тараудан тұрады. Елбасы ел потенциялы толық ескерілген осы бес негізден тұратын міндеттерді игеру арқылы экономикалық дағдарысты еңсеруге болатынын қадап тұрып айтты.

Ұлт көшбасшысы қаржы саласын реттеу бойынша ұлттық валютаны күшейтетінін, бюджет саласын оңтайландыруда үнемдеу, экономиканы жекешелендіруде отандық кәсіпкерді жұмылдыратынын, жаңа инвестициялық саясат бойынша өңделген ұлттық өнімдердің экспортын ұлғайтып, жаңа әлеуметтік саясат бойынша қазақстандықтардың тұрмысының жылдан жылға жоғарылауына басымдық беретінін алға тарты. Шиырып айтар болсақ, осы жобаларды жүзеге асыруға барлық қазақстандықтардың еңбек күші һәм 7,5 триллион теңге тартылмақ.

Түйін: Еліміз дербестікке қол жеткізген 1991 жылы Қазақстанда 69 мешіт ғана бар болатын. Бүгінде Аллаға сансыз шүкір, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында мешіттердің саны 2500-ден асып жығылды. Сондай-ақ, оннан астам медресе мен жоғары білім беретін университетіміз жұмыс істеуде. Иә, «ораза намаз тоқтықта» демекші еліміздің көркейуімен бірге асыл дініміздің де аясы кеңейіп, Қазақ халқы Хақ жолымен астасып-қойындасып өмір сүруге бет бұрды. Бұл сөз жоқ, Тәңірдің жарылқауы һәм Хақтың сүйікті құлы – Елбасымыздың салиқалы саясатының зор жемісі! Ендеше, Елбасы Жолдауына қадари-қалімізше өз үлесімізді қосайық ағайын. Алаштың әманда бауыры бүтін, басы аман болсын! 

Ермек Тасболатұлы Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы,

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру