Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ: ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА ҚАТЫСТЫ БІР ОЙ ТОЛҒАУ

03.12.2015 4342 0 пікір

Елбасымыз осы жолдауында экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан,  халықты әлеуметтік қолдау шараларын, яғни  әлеуметтік жәрдемақыларды жүзеге асыруды жалғастыратынын, тіпті  нық сеніммен айтты. Бұл мақсаттарға қаржыны бюджеттік шығындарды үнемдеп, оңтайландыру арқылы шешіп, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынына сендірді.

Біз бұл жолдаудан елбасының ең бірінші кезекте адам құндылығын бағалайтынын, тынбай еңбектену арқылы алға қадам басу керектігін,  әлеуметтік жәрдемақыларды жалғастыруды жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетінің өзге шығындарын үнемдеп, оңтайландыру қадамына баратынын аңғардық. Елбасының бұл сөзінен және бұдан бұрын да тілге тиек етіп жүрген сөздерінен біз ел болып басы артық, қажетсіз шығындарымызды үнемдеуіміз қажеттігін ұғынамыз.

Тарихта мұндай молшылық пен тоқшылық заманы қазақ даласында болған емес десек артық болмас. Заманның тіреген тығырықтарының бірі бүгінде күллі адамзатты тұтынудың шырқау шегіне жеткізіп, мұсылман орталардың өзінде ысыраптың етек алуы болып отыр.

Ислам дінінде керегінен артық жұмсауды ысрап деп атайтыны баршаға мәлім, тіпті құлшылық үшін болса дағы. Осылай Пайғамбарымыз (Оған Алланың ізгілігі мен сәлемі болсын) дәрет алып отырған Саад бин Әби Уаққасқа: «Әй Саад! Сен өзен жағасында дәрет алып отырсаң да ысырап етпе!»- деп насихат еткен болатын. (Ибн Мәжа, Тахарат, 48).

Имам Ғаззали былай дейді: «Діни, ғұрыптық және адамгершілік (борыш пен қажеттіліктер) жолында қажетінше жұмсау жомарттық, одан төмендету – сараңдық, одан асып кету болса – ысырап».[ Ғазали, Ихъяу улумид-дин, III/259-60]»

Түсінген жанға барлығы да, тіпті аспаннан түскен су да Алланың жаратуымен болып жатқан, ақыретте сұрауы болатын дүние. Қазақ даналығындағы «Судың да сұрауы бар» сөз осыдан қалса керек. Нығметті үнемдемеу – оны бағаламау, ал оны бағаламау Алла алдындағы рухани қылмыс екені шүбәсіз. Әлемге төнген дағдарыстардың бірден-бір себебі әлемдегі көзсіз ысырап пен шектен тыс өзімшілдік деуге де болады.

Сондықтан әрбір саналы тұлға киетін киімі, ішетін ас-суы мен тұтынған нығметтерінің қадірін біліп, оны үнемдейтін болса еліміз бұл қиындықтардан да Алланың қалауымен құтылары анық.            

Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. 

Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы,
Алматы қаласының Бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру