Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алау ӘДІЛБАЕВ: ТҰҒЫРНАМА ЖӘНЕ ИСЛАМ ЭТИКАСЫ

30.11.2015 5268 0 пікір

Үстіміздегі жылдың ақпан айында елімізде үлкен бас қосуда өте маңызды құжаттардың бірі – «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» қабылданған болатын. Жалпы тұғырнаманың көздеген мақсаты – Қазақстан қоғамында қазіргі таңда барша адамзат үшін аса өзекті болып отырған ең негізгі мәселелердің бірі діни бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қоғамда бірлік пен татулық болмаған кезде діннің дамып, адамзатқа бақыт сыйлауы мүмкін емес. Мұның ең жарқын үлгісін біз ислам дінінің таралу тарихынан көре аламыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) хақ дінді еркін тарата алу үші қоғамда тыныштық пен татаулықтың орнауы үшін бүкіл шараларды жасады. Мәдинаға қоныс аударған кезде сол жерде өмір сүрген барлық дін өкілдерімен келісім жасасты, тіпті мұсылмандар үшін шарттары тым ауыр көрінген Хұдайбия келісім шартына қол қойып, мүшіріктердің өзімен келісімге келді. Соның нәтижесінде ислам діні ерекше қарқынмен дамыды. Қабылданған тұғырнаманың басты мақсаттары ретінде «Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессиялық тұрақтылықты сақтай келе, аталған үдірістерді нығайту, сақтау және күнделікті қызыметте басшылыққа алу» деп белгілену арқылы  осы аспектілер көрініс тапқан.

Әсілінде діндердің, оның ішінде ислам дінінің түпкі мақсаты – адамды екі дүниеде бақытты ету. Осы ұлық мақсатты жүзеге асыру үшін Хақ тағала пайғамбарлары арқылы адамзатқа жол көрсетіп, иләһи мұраттарды тәлім етті.

Ал Ислам діні – ең  соңғы, кәміл Алла Тағаланың  разылық танытқан діні. Ол тек қана иман мен ғана шектеліп қалмай жүректегі иманды іс жүзіне асыруға, осы іс жүзіне асырылған ізгі амалдар арқылы адамды кемелдікке жетелеуді көздеген. Сондықтан өмірдің барлық тұстарын қамтитын сенімдік, құқықтық әрі мінез-құлықтық нормаларды қамтыған. Осы нормалары жиынтығы Ислам әдебиеттерінде «Жебірейіл хадисі» деп аталатын хадисте иман-ислам-ихсан ұғымдары шеңберінде көрініс тапқан. Яғни, ислам осы құндылықтар нәтижесінде ғана толық болмақ. Аба атамыз «Ақылдыға иман парыз, ал имандыға ғибадат парыз» дегендей бірінші кезекте құлшылық жасамас бұрын, адам ақылға салып, иман келтіруі тиіс. Иманның қажеттілігі мен пайдасын саралап, саналы түрде, ешқандай мәжбүрлеусіз иманға келуі қажет. Содан кейін барып, Хақ тағала талап еткен ғибадаттарды жүзеге асыруы керек. Әсілінде дін адам үшін келген. Сондықтан да ислам дініндегі құлшылықтар жеке адам өмірі мен қатар қоғам үшін өте маңызды болып табылады. Ал саналы түрде жасалған құлшылық адамды тәрбиелеп, кемелдендіре түседі. Мінез-құлқын, адамдармен мәмілесін жақсарта түседі. Сондықтан да Құрандай айтылғандай «Күллі ғаламға тек рақым үшін жіберлген» ардақты елші (ﷺ) «Мен көркем мінзеді толықтырып, кемеріне келтіру үшін жіберілдім» деу арқылы ислам дінінің көздеген түпкі мақсатын көрсеткен еді. Демек мұсылманшылық күллі адам баласы үшін қастерлі саналатын адами құндылықтардың бәрін ең жоғарғы деңгейде көрсетуі тиіс. Міне, бұл жоғарыда хадисте қамтылған ихсан шеңберінде жүзеге асады. Ихсан кез келген нәрсені дұрыс, жақсы, көркем түрде жасау, жақсы іс атқару, жақсылық қылу деген мағынаны білдіреді. Ал, діни термин ретінде хадисте айтылғандай «Алла тағаланы көріп тұрғандай құлшылық жасауды» білдіреді. Әрине бұл жердегі көру шекедегі көзбен көруден бөлек Алла Тағалаға деген жақындық, оған деген ыстық ықылас. «Шынайы мұсылмандық иманмен басталып, құлшылықпен жетіле түседі, ихсан арқылы кемелдікке жетеді» деген қанатты сөз бар. Демек, ихсан – ислам этикасын қамтитын имандылықтың ең жоғарғы шыңы. Алла тағаланың сені көріп тұрғандай құлшылық жасау, екінің бірінің қолынан келе бермейтін, рухани кемелдену жолын көздеп, жаны мен тәнін түрлі кемшілік, жамандық атаулыдан тазартып, Хақ тағалаға кіршіксіз таза көңілмен мойынсұнуды білдіреді.

Алла Тағала мұсылмандардардан осы ихсан иесі, яғни істерінің бәрін көркем түрде атқаратын «мухсиндерден» болуды талап етеді. Ал мухсиндердің қатарынан саналу үшін дұрыс түрде иман келтіріп, Хақ тағаланың бұйрықтары мен тыйымдарын шын көңілден жасау қажет. Алла тағаланың өзімізге «күре тамырымыздан да жақын» («Қаф» сүресі, 16-аят) екендігін ұмытпай, істерін сондай жауапкершілікпен атқару. Итқан ісін Алла тағала, пайғамбар және мұсылмандар көретіндей жасау. Оқыған намазыңды ең соңғы намаз секілді оқу. Пайғамбарымыз айтқандай «Иманның ең абзалы, қайда болмасаң да Алла тағаланың өзіңмен бірге екенін білуің». Мұны Хақ тағала Құранда «Құлдарым мен туралы сұраған кезде оларға: «Мен өте жақынмын..» («Бақара» сүресі, 186-аят), «Қайда болсаңдар да Ол әрдайым сендермен бірге. Алла Тағала жасаған нәрселеріңнің бәрін толық көруші» («Хадид» сүресі, 4-аят) – деп айт деген.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағала кез келген істе ихсанды бұйырды» (Муслим, Сәид уә зәбәих, 57). Ислам дінінің ең негізгі қағидаттарының бірі саналған ихсан – мұсылманның өмірінің барлық саласын қамтыған адамгершілік нормаларын  қамтыған этикалық категория. Барлық нәрсені мінсіз түрде жаратқан хақ тағала, адамды да өте көркем түрде жаратып, істерін көркем түрде орындауын қалаған.

Хақ Тағала «Сен ұлық мінез-құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп сүреттеген Пайғамбарымыз «Муминдердің иман тұрғысынан ең кәміл болғандары көркем мінезділер», – деген. Сондықтан мұсылманның сөзінен ісі маңызды. Ол сенген ақиқаттарын өміріміне өрнектей білуі тиіс. Осы көркем мінзеге жетелейтін ең негізгі ұстаным ислам дінінде ихсан ұғымы шеңберінде қарастырылады.

Осы хадистен бізі ислам ілімдірінің ең маңыздыларын үйренеміз. Мәселен, иман негіздерін зерттейтін ілім – ақида, ал бес парызға қатысты үкімдерді зерттейтін – фиқһ, ал мұсылман баласын жағымсыз әдеттерден арылтып, руханилыққа, шынайылыққа тәрбиелейтін ілім – тасаууф деп аталады.

Ислам дінінде барлық нәрсе адамның игілігін көздейді. Алла үшін деп жасайтын бүкіл құлшылықтарымыз, ізгі әрекеттеріміздің барлығы да жеке адам және қоғамның мүддесін көздейді. Пайғамбарымыз (ﷺ) иманға анықтама берген кезде куәлік сөзін айтудан бастап, адамдарға қиындық, жәйсыздық тудыратын кез келген нәрсені жолдан алып тастауға дейінгі бүкіл әрекеттерді сол иманның аясында қарастыруы осыған нақты дәлел. Сондықтан иман тек қана иман негіздеріне сеніп, бес парызды өтеумен ғана шектеліп, бүкіл қоғамдық өмірімізде көрініс таппаса оның көп пайдасы жоқ. Ихсан – адам мен Жаратушының арасындағы қарым-қатынасты шынайылыққа жетелейтін және оның ұлылығы мен құдіреттілігін сезіндіретін рухани күш.

Ихсан адам баласының әуелі ата-анасынан бастап, өзге адамдарға да жақсы қарым-қатынас жасауын білдіреді. Құран кәрімде қамтылған ихсан ұғымының ішіне көбіне ашуын тізгіндей алу, кешіру, түсіністікпен қарау, сабырлық, асыра сілтеушіліктен сақ болу, жомарттық т.б. секілді ізгі қасиеттер кіреді. Ислам дінін біздерге жеткізген Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріне көз салсақ, өзі айтқанындай барлық жақсы қасиеттерді ең шыңында көрсеті әрі саңлақ сахабаларын да осыған тәрбиелеу арқылы  адамзатқа үлгі боларлық қоғамның пайда болуына жол салды. Өкінішке орай, қазіргі мұсылмандар ислам дінінің ең негізгі осы қырын тиісті деңгейде көрсете алмағандықтан өмірдің көп саласында артта қалудамыз.

Қорыта келгенде, иман-ислам-ихсанды қамтитын ақида-фиқһ және адамның мінез-құлқын көркемдеуді мақсат еткен сопылық – ислам ғылымдары мен мәдениетінің негізгі, бірін-бірі толықтырушы үш тағаны. Осы үшеуі бірін-бірін толықтырғанда ислам дінінің негізгі мақсаты айқындалады. Біздің қазіргі таңда дәстүрлі ислам деп атап жүргеніміз де ақидада имам Матуриди мектебіне, фиқһта ханафи мәзһабына барып тіреледі. Сондықтан елімізде ислам дінінің негізгі принциптері орнығып, ислам өркениетінің дамуы үшін осы үш тұғырды тіктеуге мейлінше күш салуымыз қажет. Міне, осы аталған үш ұстанымның да тұғырнамада көрініс табуы Қазақстан мұсылмандарының бағыты мен бағдарын айқындай түседі. Ендеше, ел мұсылмандары ислам дінінің осы негіздерін бір тұтастық шеңберінде ала отырып, қоғамымызда татулық пен тұрақтылықтың, ғылым мен білімнің, адамгершілік құндылықтарының дамуына үлестерін қоса білуі тиіс.

Алау Әділбаев,
PhD, исламтанушы. «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығының директоры

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру