Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өмірзақ БЕКҚОЖА: «Тұғырнама: радикалды ағымдарға қатысты ұстаным»

27.11.2015 3650 0 пікір

Жастармен кездесулердің бірінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жат ағымдарға қатысты ойын білдірген еді. Сол кезде мүфти-хазрет: «Шығыста бір дана сөз бар: «Терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң кіреді», – деген. Кезінде түрлі діни ағымдар тәуелсіздік алған жылдары біздің де есігімізден кіріп, төрігімізге шыға жаздады. Алайда қазір діни жағдай тұрақталды. «Ағым» деген сөздің өзі аты айтып тұрғандай, ағып өте шығатын құбылыс. Исламда талай ағымдар болған. Алайда олар өз дәуірінде ықпалды болғанымен, уақыт өте келе өміршеңдігінен айырылып, әлсіреп, жер бетінен жойылып кетті. Сол секілді, бүгінгі діни ағымдар да ертең-ақ жойылып кететініне сенімдіміз. Алайда біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдаланып, жастарымызды, өскелең ұрпақты жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін қоғам болып күресуіміз тиіс», – деген еді.

Ендеше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының радикалды ағымдарға қатысты ұстанымы қандай? Осыған тоқтала кетейік.

Діни қауымға белгілі, осы жылдың 19 ақпанында Елордамыз Астанада республикалық имамдардың тұңғыш форумы өтті. Форумда айтулы тарихи төрт құжат қабылданды. Соның бірі – «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы».

Тұғырнаманың XI бөлімі «ҚМДБ-ның радикалды, теріс пиғылды және жалған діни ағымдарға қатысты ұсанымы» деп аталады. Осы бөлімде Қазақстан мұсылмандарына мынадай үндеу жолданған: «ҚМДБ Қазақстан аумағында жария түрде немесе астыртын жұмыс істейтін әртүрлі радикалды, теріс пиғылды, жалған діни деструктивті ағымдардың ұстанымдарымен келіспейді. Ел мұсылмандарының бірлігі үшін ықылым замандардан бері қазақ халқының діліне сіңісті болған Ханафи мәзһабын ұстануға шақырады. Танымдық мәселелерде Матуриди мектебінің ұстанымдары негізінде қалыптасқан таным тұғырын ұстануға үндейді».

Расында да, бүгінгі таңда дәстүрімізді мойындай бермейтін, өзін тура жолдамыз деп санайтын, имамдардың сөзіне құлақ аса қоймайтын жастар қоғамымызда бар екенін жасырмаймыз. Өкініштісі сол, олар өзіміздің іні-бауырларымыз, қаракөз қарындастарымыз. Олар біреуге бауыр болса, екінші адамға көрші, үшінші адамның баласы. Осы бағытта дін қызметкерлері қоғам арасында түсіндіру, діни сауықтыру шараларын ұйымдастырып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы еліміз бойынша 500-ден астам азамат дәстүрлі дінімізге бет бұрып, адасқан ағымдардан зардап шеккенін мойындады.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда дінді саяси құрал ретінде пайдаланып, халық арасында бүлік тудыруды көздейтін топтар бар. Олар Құранның аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін теріс түсіндіріп, бұрмалап жеткізіп, жастар санасын теріс арнаға бұрып, дүйім жұртқа қиянат жасап, зарарын тигізуде. Діни ұстанымдары мен көзқарастарын қоғамға таңу арқылы діндарлар, жалпы халық арасында келіспеушілік, түсінбеушілік тудырып келеді. Мұндайда дінге пайдаң тимесе де зияныңды тигізбе деген уәж айтқымыз келеді. Өйткені, бір адамның теріс түсініктің шырмауында қалуы оның отбасына, туған-туыстарына, көршілеріне, ұжымына жағымсыз әсер етеді. Бұл жерде кейбір адамдар дұрыс түсінбестікке жол береді. Жүректе Ислам туралы үрей немесе қорқыныш пайда болуы мүмкін. Асылында Ислам үрейдің немесе қорқыныштың діні емес. Алла Елшісі дінді қорқытып, үркітіп емес, сүйіншілеп, қуандырып, жақсылыққа үміттендіріп жеткізуді бұйырған. Кімде-кім Алланың дінін насихаттап, жақсы амалдарды көбірек атқарса, нұр үстіне нұр.

Абдулла ибн Аббас ибн Абдулмутталибтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Ұлы Раббысынан риуаят етіп: «Расында, Алла Тағала бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыны жазып, оны былайша ашып түсіндірді: «Кімде-кім жақсылық жасауға ниеттеніп бірақ жасамаса, Хақ Тағала оны толық жасалған бір жақсылық есебінде жазады. Егер жақсылық жасауды ойға алып, оны жүзеге асырса, Алла Тағала сол бір ғана жақсылығы үшін он сауаптан бастап, жеті жүз есеге дейін, тіпті, одан да еселеп сауап жазады. Ал кімде-кім бір жамандық жасауға ниеттеніп, алайда оны жасамаса (яғни, ол ісінен Алла разылығын көздеп бас тартса), Алла мұны да Өз құзырында толық жасалған бір жақсылық деп жазады. Ал егер іштей ұйғарған жамандығын жасаса, Алла Тағала сол жамандықты ғана жазады», – деген» (Бухари, Муслим).

Дінде шектен шығу – дұрыс емес. Бұл адасушылыққа, түсінбеушілікке әкеп соғады. Алла Тағала қасиетті Құранда «Һуд» сүресінің 112-аятында: «...Шектен шықпаңдар. Расында Алла не істеп, не қойып жатқандарыңды көріп, бақылауда», – деп ескерткен.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір істе орта жол мен туралықты ұстаныңдар. Біліп қойыңдар! Ешбірің (игі) істеріңмен ғана құтыла алмайсыңдар», – дегенде, сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз де құтыла алмайсыз ба?» – деп сұрады. Сонда ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Егер Алла Тағала мені Өзінің жарылқауы мен шексіз рақымына бөлемесе, мен де құтыла алмаймын», – деп жауап берді», – деген.  

Мұсылман әрқашан орта жолды ұстануы қажет. Алла Елшісінің орта жолды ұстануға шақыруында үлкен мән бар. Расында адам баласы бес күндік өмірде жауласып емес, жақсылықта жарысып өткені абзал. Осындайда Алла Тағаланың сөзі ойға оралады: «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят).

«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дейді халқымыз. Жастарымыздың радикалды ағымдарға кетуі – кешенді мәселе. Оларға қоғам болып көмек қолын созуымыз қажет.

Біріншіден, ата-ананың жауапкершілігі. Кеңес кезінде «Құдай жоқ» деген идеология жүгізілді. Соның зардабын әлі күнге дейін сезініп келеміз. Кейбір ата-аналардың діни сауаты былай тұрсын, Алла, дін туралы түсініктері, имандары толық қалыптаспаған. Әлі сол баяғы дінге, Құдайға сенгенімен, ізденбейді, ізгі амалы аз. Былай айтқанда, балаға ұстаз болуға дәрмені жоқ. Әрине, біз ата-аналарды кінәлаудан аулақпыз. Ол кезде уақыт солай болды, заман басқа болды. Алайда қазір діни ілім алуға жағдай жасалған. Ата-анасынан діни тәрбие көрмеген бала көшедегі кез келген «ұстазды» тыңдайды. Ғаламтордан «шейхтарды» тауып алады. Сондықтан біз бұл мәселеде ең әуелі ата-ана жауапкершілігін басты орынға қоямыз. Өйткені, балаға ең жақын тұлғалардың бірі – оның ата-анасы.

Екіншіден, мектеп мұғалімдерінің, жоғары оқу орындары оқытушыларының жауапкершілігі. Мұғалімдер немесе оқытушылар баланың немесе студент психологиясын еркін меңгеруі тиіс. Адам көзқарасының, діни ұстанымының өзгеруі оның сөзінен, іс-амалынан көрініс табады. Мұны бірінші болып байқаған мұғалім оған өз деңгейіне сай кеңес, тәрбие беруі керек. Сондықтан біз жастарға білім берумен қатар олардың тәрбиесіне де көбірек көңіл бөлуіміз тиіс. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.

Үшіншіден, дін қызметкерінің жауапкершілігі. Дінге бет бұрған адам уағызшыдан әсер алатыны ақиқат. Діни білім уағыз арқылы да толысады. Осы бағытта 2015 жылдың басында Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы имамдарға төрт бағыт бойынша жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруды тапсырған. Соның бірі – көркем уағыз. Мешітке келген адам имамның уағызынан қанағаттанып кетсе, ол мешітке байланады, содан кейін сол имамның төңірегіне топтасады. Мұндай жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткеніміз абзал.

Төртіншіден, зиялы қауым өкілдерінің жауапкершілігі. Өкінішке қарай, біздің кейбір зиялы қауым өкілдері бұл мәселеде тек сөз жүзінде шектеліп қалуда. Әрине, сырттан баға беріп, сынау оңай. Бірақ жанашырлық таныту басқа мәселе. Бұл мәселеде жанашырлық сезім қажет.

Осылайша, қоғам болып радикалды ағымдарға тосқауыл қойсақ, кез келген мәселенің түйінін тарқатуға болады. Алла Тағала қасиетті Құранда «Мәида» сүресінде: «...Жақсылықта, тақуалықта бір-бірлеріңе көмектесіңдер», – деп бұйырған. Баршамыз бірігіп, ортақ мақсаттар үшін жұмыла жұмыс істесек, біз алмайтын асу, біз бағындырмайтын белес болмайды деп сенеміз.

Алла Тағала егемен еліміздің Тәуелсіздігін баянды етіп, халқымыздың иманы мен бірлігін арттырып, жұртымызды әртүрлі бүліктен сақтағай!

Өмірзақ БЕКҚОЖА,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұрағат