Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құран ғибрат алуға шақырады

16.11.2015 7638 0 пікір

Қоршаған ортаға көз салатын болсақ, ғибратқа толы талай оқиғаларды жиі кездестіреміз. Тіпті, күнделікті өмірде қаншама оқиғаларға куә болып, сабақ берер көріністердің бел ортасында жүргенімізді өзіміз байқамай жатамыз. Дейтұрғанмен, мұндай құбылыстарға «мәссаған» деп таңқалып,таңдай қағып қана қоюға тағы болмайды.

Оған тереңдей бойлап, сырына үңілу тиіс. Жәй ғана бал арасына, жерден бүр жарып шыққан әртүрлі алуан гүлге, теңіздер мен мұхиттарға, тау-тастарға, тіпті көзден шыққан бір тамшы жасқа да ғибрат түйсігімен қарауға болады. Өйткені, мұның барлығында ой жүгіртерлік әрі ғибрат аларлық астарлы мағыналары мен берер дәрістері бар. «Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға шық» деген даналықтың арғы жағында осы жатса керек. Алла Тағала Құранда былай бұйырады:

فَاعْتَبِرُوا يَآاُولِى اْلاَبْصَارِ  

«Әй, ақыл иелері! Ғибрат алыңдар». («Хашр» сүресі, 2-аят)

Қасиетті Құран - күллі ғылым атаулының анасы. Құдіретті кәламды парақтап қараған кез келген ақыл иесі оның Алла сөзі екенін айқын сезеді. Өйткені, ғылымның қайнар бұлағы саналған қасиетті Құран діни үкімдерді орындауда және әдептіліктің шыңына көтерілуде пайғамбарлардан үлгі алуға шақырса, сонымен қатар Аллаға қарсы келген дұшпандар жайын да оқиға-қиссалар келтіреді.   Мәселен, өзін тәңір көтерген Перғауынның мысалын былай баяндайды: 

اِنَّ فِى ذَلِكَ لَعِبْرَةً لِمَنْ يَخْشَى

«Расында бұнда қорыққан кісі үшін әлбетте бір ғибрат бар».(«Назиғат» сүресі, 26-аят)

Құран пайғамбар дәуірінде болған Бәдір шайқасында мұсылмандардың саны аздығына қарамастан қатары көп дұшпандарына төтеп беруі жайында айтып өтеді. Тіпті, бірін-бірі қуалаған күн мен түннің алмакезек ауысынан және жай жүрген хайуандардан да ғибрат алуға болатыны жайында аяттар келеді. Ал өзіне Құран түсірілген соңғы пайғамбар Мұхаммед (ﷺ) ғибрат алу мақсатында қабірлерді жиі зиярат етуді сахабаларына өсиет еткен.Пайғамбарымыз (ﷺ) қабірлерді зиярат еткен әрі былай деп айтқан: «Қабірлерді зиярат етіңдер, өйткені олар сендерге ақыретті еске түсіреді».

Құранда басты деген мынадай екі түрлі ғибрат түрі сөз етіледі:

1.Жер бетін аралап, өткен қауымдардың орындарын көріп, тарихи мекендері мен оқиғаларына көз жүгірте білуге. Құранда былай делінеді:

لَقَدْ كَانَ فِى قَصَصِهِمْ عِبْرَةٌ لاُولِى اْلاَلْبَابِ

«Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар» («Юсуф» сүресі, 111-аят).   

2.Жанды-жансыз табиғат құбылыстарына ой жүгіртуге үндеген Құран аяттары заңдылығы мен Алла қойып берген жүйеге бағынуында ақыл иелері үшін ғибрат бар екенін еске салады. Құранда былай делінеді:      

وَاِنَّ لَكُمْ فِى اْلاَنْعَامِ لَعِبْرَةً نُسْقِيكُمْ مِمَّا فِى بُطُونِهَا وَلَكُمْ فِيهَا مَنَافِعُ كَثِيرَةٌ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ

«Рас сендер үшін малдарда әлбәтте өнеге бар. Сендерге олардың іштеріндегі (сүтін) ішкіземіз. Сондай-ақ малда сендер үшін көптеген пайда бар. Және олардан жейсіңдер». («Мүминун» сүресі, 21-аят) Ал келесі аятта:

يُقَلِّبُ اللهُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ اِنَّ فِى ذَلِكَ لَعِبْرَةً لاُولِى اْلاَبْصَارِ

«Алла; күндізбен, түнді ауыстырады. Рас бұнда, қырағылар үшін әрине ғибрат бар", - делінген. («Нұр» сүресі, 44-аят)

Құрандағы қиссалардың соңы ғибрат аларлық сөзбен аяқталады. Өйткені, Құранның асыл мақсаты – болған оқиғаны сөз жүзінде қалдыру емес, онан кейінгілерге дәріс беру. Яғни, бұрынғы қауымдардың басына келген пәлекеттер мен азаптарды түсіндіреді, оқиғадан сабақ алмай, олар секілді болғандарға да сондай азаптың келетіндігін оқиғамен жеткізе түседі. Қиссаларда жақсы-жаманды оқиғалардың баян етілуі – шындап келгенде адам баласын адами құндылықтарға тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан Алла әрбір оқиғаны ғибрат көзімен оқуға үндейді.

Дүниеде орын алып жатқан оқиғалар да біздің назарымызды өзіне аудартуда. Бір елдерді соғыс оты жалмаса, тағы бір мемлекеттерді жер сілкінісі мен табиғи апаттар әуре-сарсаңға салуда. Мәселен, 2004 жылдың 26 желтоқсан күні Индонезияның Ачех провинциясында орын алған табиғи апат ел жадында. Осы оқиғада 169 мың адам қайтыс болып, 600 мыңдай жергілікті халық баспанасынан айырылған. Цунами және жер сілкінісінен141 мыңдай құрылыс қираған екен.

Лампук жағажайы маңындағы апаттан кейінгі фотосуреттерден ол жердегі қирандылар, құлаған ағаштар арасында жалғыз ғана мешіттің аман қалғанын байқай аласыз. Алайда, теңіз толқындары жеті шақырымға дейінгі жердегі барлық ғимараттарды қиратса да, жалғыз мешіттің аман қалуы таңқалатын нәрсе. Жергілікті мұсылмандар бұл оқиғаны Алланың белгісі деп қабылдаған.

Қарап отырсаңыз, жер бетіндегі болып жатқан түрлі құбылыстар ақыл иелері үшін шынында ғибрат, үлкен сабақ. Хазреті Әли (р.ғ.) былай дейді: «Алла Тағала исламды бағыт етті және оған келуді қалағандарға жолдарын жеңіл етіп берді. Ал дінді құлатқысы келгендерге оның тірегін құламайтындай етті. Бұл дінді ұстағандар құтқарылып, көлеңкесіне саялағандар есендік тапты... Ғибрат іздегендерге оятушы болды...».

Иә, Алла Тағала жер мен көктегі әрбір мақлұқатты жаратып қана қоймай, оған ғибрат көзімен қарауға шақырады. Өйткені, ешнәрсе де босқа жаратылмаған. Жаратылыстың артық не кемі жоқ. Сондықтан әрбір жаратылыстың сырына терең ой жүгіртуіміз керек. Алла Елшісі (ﷺ): «Ойлану секілді қадірлі ғибадат жоқ», - десе бір хадис шәрифінде: «Ойлану – ғибадаттың жартысы», - деп айтқан.

 «Ей, Алланың пайғамбары! Бізге қандай өсиет айтасыз?» – деп сұраған кісілерге Иса (ғ.с.): «Сөйлеген сөзің зікір, үнсіздігің пікір, қарағаның ғибрат болсын!», - деп жауап қайырған екен. Ислам ғұламалары да ой жүгірту жайында тұщымды сөздер қалдырған. Бірнеше мысалдарына тоқталайық. Шафи мәзһабының негізін қалаушы ғұлама Имам Шафиғи айтады: «Ойлану – зейінді ашады». Тақуа құлдардың бірі Жүнейд Бағдади: «Кімде кім қараған нәрсесінен ғибрат алмаса, оның көрмегені көргенінен әлдеқайда жақсы», - дейді. Ал Фудайл бин Ияд: «Ойлану – жақсылық пен жамандықты көрсететін айна», - деп айтқан екен.

Ислам ғалымдары ой жүгіртіп, ғибрат алуды мынадай төрт бөлімге бөліп қарастырады.

1.Алла Тағаланың жаратқан мақлұқаттарындағы әдемілік пен оның пайдаларына көз жүгірту. Бұл – Аллаға сенуге және Оны шынайы сүюге себеп болады.

2.Алла Тағаланың уәде еткен сауаптарын ойлану. Бұл – Алла Тағалаға құлшылық етуге себеп болады.

3.Алла Тағаланың білдірген азаптарын ойлану. Бұл – Алла Тағаладан қорқуға, жаманшылық жасамауға, күнәдан алыс болуға себеп болады.

4.Алла Тағаланың нығметтеріне, көрсеткен жақсылықтарына қарсы нәпсісіне еріп, жасаған күнәсін еске алу. Бұл – Алла Тағаладан ұялуға себеп болады.

Алладан шын қорыққан құлдардың бірі Бахлул Дана бір күні халифа Харун Рашидпен кездесіп қалады. Халифа оған:

-Сені көргеніме қатты қуаныштымын. Көптен бері сенімен отырып әңгіме құрғанды қалап жүрген едім, - дейді. Бахлул Дана:

-Ал, менің мұндай қалауым жоқ еді, - дейді күлімсіреп. Сосын Харун Рашид бір насихат айтуын сұрайды.

-Менен қандай насихат қалайсың? Мына отырған хан сарайыңа қара, сосын андағы қабірге де қара! Бұларға қарап ғибрат, насихат алмаған адам оны қайдан алсын?! Халің не болады, ей, мүміндердің әміршісі! Ертең Алланың құзырына барасың. Жасаған үлкен-кіші істеріңнің әрбірінен сұраласың. Бұларға қалай жауап бересің, осыны жақсылап ойлан. Есеп күнінде аш-сусыз қаласың, ешнәрсең болмайды. Ол жерде тұрғандар саған қарап күлетін болады. Ақылдан алжасып, естен тану сонда болады. Бұдан басқа насихатты қайтесің?! – деген екен сонда Бахлул Дана.  

Қасиетті аятта былай делінеді: «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!»(«Әл-Имран» сүресі, 191-аят) Иә, әрбір нәрсеге ой жүгірту, ақылмен қарау, терең түсіну – иманның көрінісі. Мұсылман адам ешнәрсенің тіпті, өзінің де босқа жаратылмағанын ойлайды. Сол арқылы Алланы еске алып, күнәдан тыйылып, сауап іске ұмтыла түседі. Олай болса, ақыл иесі етіп жаратқан Аллаға шүкірімізді білдіріп, айналаға әрдайым ғибрат көзбен қараудан шаршамайық.  

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
дінтанушы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру