Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЙША АНАМЫЗ БЕРГЕН САДАҚАНЫҢ СЫРЫ

23.10.2015 5611 0 пікір

"Иманды садақа берумен сақтаңдар, мал-мүлікті зекет берумен қорғаңдар!"
(Әли ибн Әбу Талиб)

Садақаның не екенін білмейтін қазақ кем шығар. Біздер бала кезімізден ауылдағы ата-әжелерімізің қасында жүріп мұсылманшылықтан, қазақшылықтан тәлім-тәрбие алдық. Туған-туыстан біреу қиындыққа тап болса немесе ажал ауызынан аман қалса атам: «Құдай сақтаған екен. Енді Құдайға арнап садақа бер. Мал сойып, таратып жібер. Еш нәрсесін алып қалма. Терісін пайда қылып жүрме, түгел бер» деп, кеңес беретін. Мұның сырын сұраған уақытта атам бізге қарап, ақырын ғана: «Құлыным, садақа бәле-жәледен сақтайды» деп айтатын. Әуеліде садақаны тек қой сойып тарату деп білетінміз. Кейін есейе келе оның әртүрлі болатынын және өзіне тиесілі шарттарының бар екенін де білдік. Бірақ, бүгінде қала қабырғасында өскен жастардың бұдан хабары бола бермесі бек мүмкін. Өйткені, олардың ата-аналарының басым бөлігі дерлік мұсылманшылық тәрбиені баласына үйрету былай тұрсын, өздері дұрыс білмейді. Ал білгендерінің жұмыстан қолдары тимейді.

Әрине, исламдағы қандай құлшылықтың түрі болсын, оны ардақты сахабалардан артық ешкім білмейді және олар сияқты жасай да алмайды. Себебі, олар діни тәлімді тікелей пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен алған. Кем-кетігі болса толықтырып, жоғарғы дәрежеде атқаруға тырысқан. Сол үшін біз бұл мақалада осындай ұлы сахабалардың бірі Айша анамыздың өмірінен  садақаға байланысты кейбір үзінділерді келтірмекпіз. Сол арқылы «Біз садақаны қалай береміз?», «Садақаның үлкен-кішісі бар ма?», «Садақа беруде ықыласыты болу керек пе әлде беріп, міндетімізден құтылсақ болды ма?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейміз.

Айша анамыз (р.ғ) егер бір дирһам садақа беретін болса, онда оны әуелі иіс суға салатын. Бір күні мұны байқаған адамдар Айшадан:

– Уа, мүміндердің анасы! Не үшін дирһамды иіс суға саласыз? – деп сұрайды.

Сонда ол:

– Өйткені мен мұны міскінге бермес бұрын, Алланың қолына ұстатамын, – деп жауап берген екен.

Қарасаңыз, садақаны Алла үшін деп мұқтаж адамға беретін болғандықтан, Айша анамыз үлкен мән берген. Шын мұсылман «мұқтаж адам бергеніңді алады немесе садақаны беріп, міндетімнен құтылсам болды» деп немқұрайлық танытпайды. Керісінше, «Садақа әуелі Алланың құзырына өтіп, кейін мұқтаж адамға тиеді. Періштелер оны амал дәптеріме жазып, садақаның қаншалықты жақсы, дұрыс әрі көркем екенін жазып қояды» деген оймен береді. Бұған мына төмендегі Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисі де дәлел болмақ:

«Алла тек адалды қабыл алады. Кім халал кәсібі арқылы тапқан құрмасынан азғана садақа берсе. Алла оны оң қолымен алады. Сендер бұқаныбайлып ұстағандарың сияқты Алла да, садақаны өз иесі үшін таудай болғанша өсіреді». (Бұһари, Мүслим)

Расында да, егер адамның беретін садақасы заттай болса, онда оның сапасы да жақсы болуы керек: дәмі бұзылмаған, пайдалану мерзімі өтпеген, түсі айнымыған және т.б. сипаттары. Садақаны алған адам садақаға көңілі толып, оны жиіркенбей ұстайтындай таза болуы қажет. Айша анамыздың да беретін дирһамын иіс суға салып беруі бізге осы жәйттерді түсіндіреді.

Садақа берген уақытта ескерілетін келесі бір жайт, садақаны ықыласпен Алла үшін беру. Садақаны мұсылман адамның беруі міндетті деп жай бере салуға болмайды. Оны шын көңілден беріп, Алладан жарылқау мен мол сауап сұрау қажет. Айша анамыз да мұқтаж адамға садақа берген кезде, міскін оған дұға жасайды. Сонда Айша анамыз да оның дұғасын қайталап, өзіне айтып тұратын еді. Адамдар Айшадан:

– Уа, мүминдердің анасы! Не үшін міскінге дұға қыласыз? – деп мұның себебін сұрайды.

– Менің берген садақам шынайы Алла үшін болсын деп, оның айтқан дұғасына дұға қайтарамын.

Иә, сахабалар садақаны рия үшін бермеген, Алладан мейірімі мен сауап үміт етіп берген. Берген садақасын басқа біреу көріп қоймасын, ал көріп қойса рия болмасын деп сақтық қылған. Өйткені, рия, яғни, адамдар көрсін, солар менің берген садақамды айтып жүрсін деген оймен беру садақаның сауабын жойып жібереді:

«Ей, иман келтіргендер! Дүниесін адамдарға рия үшін жұмсап, Аллаға және Ақырет күніне сенбейтін біреу сияқты садақаларыңды міндетсіну және ренжіту арқылы зая кетірмеңдер. Бұлай қылған адамның мысалы – үстін топырақ басқан тас сияқты. Оған қатты жаңбыр жауса топырағын шайып тасты жылтыр күйінде қалдырады. Олардың еңбектері зая кетеді». (Бақара: 264)

Тастың үстін қанша жерден топырақ басса да ол оның бойына сіңбейді. Жаңбыр жауса топырақты ағызып алып кетеді. Ал тас сол баяғы жылтыр күйінде қалады. Дәл сол сияқты садақаны рия үшін беру немесе оны міндетсіну яки болмаса садақаны бетіне басып ренжіту секілді амалдар ізгі істің сауабын жойып жібереді.

Сонымен қатар, қадірлі достар, садақаның үлкен-кішісі болмайды. «Садақа берейін десем. Оның мөлшері аз, ұяламын» деп, өзіңізді қайырымдылық жасаудан қайтармаңыз. Ертедегі даналар: «Жомарттық малмен есептелмейді, көңілмен болмақ» деп айтқан екен. Кейде садақа етіп берілген бір малдың, мың бас малдан асып түсуі әбден мүмкін. Өйткені, кедейдің берген бір малы – оның дүниесінің жартысы, ал байдың берген мың бас малы – оның дүниесінің жүзден бір бөлігі ғана болуы мүмкін.

Бір күні Айша анамызға қайыршы келіп, садақа сұрайды. Айша анамыз қалталарын тексере бастады. Сөйтіп, қалтасының түбінен бір түйір мейіз табады. Оны алып, қайыршыға береді. Қайыршы бір түйір мейізді не істеймін деген кейіп танытып, артқа шегінгендей болады. Айналадағы адамдар да Айша анамыздың бұл қылығына таң қалып қарайды. Сонда Айша анамыз:

– Мұны ала ғой. Егер бұл садақам қабыл болса, онда мұның ішінде Алла қиямет күнінде амал таразысына қоятын қанша мейіз бар екенін білесің бе? – деп қолындағы мейізін қайыршыға ұстатады. (Суютый)

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Алла тағалаға жасалатын құлшылықтың негізі – ықылас. Сондықтан, Алла үшін берген садақаның көлемі емес, шынайылығы маңыздырақ. Мұсылман адам сәті түсіп, орайы келген барлық уақытта қайырымдылық жасап қалуы тиіс. Ақыретте зәредей жақсылықтың да ауыр салмағы болады. Адамның жасаған зәредей амалы есепсіз қалмайды. Бұған қатысты Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Сендерден бірің есік-терезесі жоқ, қап-қара үңгірдің ішінде бір амал жасаса, ол қандай амал болса да Алла тағала соны адамдардың алдына шығарып көрсетеді». (Ахмед)

Алла Тағала біздің әрбір амалымызды, жүректе жасырған ойымызды Білуші. Сондықтан, жасап жатқан ізгі амалдың басында басқа куәгердің болуы шарт емес. Куәгерлікке Алла жетіп асады. Бастысы берген садақаларымыз бен ізгі амалдарымыз Қиямет күнінде алдымыздан шығып, бізге абырой берсін. Алла тағала бізді ізгі пенделерінің қатарынан жазсын.  

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы,
философия ғылымының кандидаты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру