Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ардақты пайғамбарымыздың (ﷺ) қайраткерлік келбеті

20.10.2015 4510 0 пікір

Мәдиналық кезең

 Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Мәдинаға алғаш келгенде оны күтіп алған мұсылмандардың саны бес жүздей болған. Ал, Мұхаммед пайғамбармен (ﷺ) бірге хажжату әл-уадағта (Мұхаммед пайғамбардың жасаған қажылығы) қажылық жасағандардың саны жүз мың еді. Бұл – пайғамбардың (ﷺ) Мәдинада өткізген он жыл ішінде мұсылмандар санын қаншалықты арттырғандығының дәлелі. Әрине, ол пайғамбарымыздың (ﷺ) Меккеде өткізген он үш жылдық қажырлы еңбегінің жемісі болатын. 

Ислам қоғамының негізін қалау

Алла  елшісінің (ﷺ) Мәдинаға келуімен оның алдында жеке тұлға мен қоғамды тәрбиелеу міндеті тұрды. Бұл араб тайпаларында қалыптасқан жүйеден, сол ғасырда әлемге танымал Рим, Парсы, Мысыр және басқа да аймақтарда орын тепкен империяларда қалыптасқан жүйеден өзге, оларға ұқсамайтын жүйеге негізделген қоғам болатын. Ал, бұл қоғамның барлық мүшелеріне тең қарайтын, бостандық пен бейбітшілікті ту еткен исламият қоғамы болатын. Бұл қоғамның негізін Мұхаммед пайғамбар қалады. Осы жолда ол ұстаз, көшбасылық қызметін «Мен мұғалім ретінде (яғни үйретуші ретінде) жіберілдім», – деп түсіндірді.  

Мәдина қаласында негізі қаланған Ислам қоғамын құруда Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) екі нәрсені жүзеге асырды. Біріншісі – жеке тұлғаны қалыптастыру. Екіншісі –қоғамның негізін қалау. Кез келген қоғамның адамнан тұратыны белгілі. Әрбір мүшесі бақытты қоғам ғана нық сеніммен алға басады. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) осы мақсатқа жету жолында мына  мәселелерді шешті:

Біріншіден, татулық. Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдинаға келгенде, ең алдымен, сол жерде өмір сүретін аус пен хазраж тайпаларының арасындағы алауыздықты ауыздықтап, өзара ішкі дұшпандықты жойды. Асғад деген хазраждық адам Буғас күні (Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Мәдинаға қоныс аударғанға дейін мәдиналық аус және хазраж тайпаларының арасында Буғас жерінде орын алған шайқас кейін Буғас аталып кеткен) аустық бір адамды өлтіріп қояды. Содан ол аустардың тұратын аудандарына бара алмайтын. Ол кештетіп Алла  елшісіне (ﷺ) жасырынып келетін. Бірде Пайғамбар Сағд бастаған бір топ аустық адамдарға Асғадты өз кепілдіктеріңе алыңдар дейді. Олар жоқ, сіз алыңыз дейді. Бірақ Пайғамбар аустық бір адамның алу керектігін баса көрсетіп айтады. Сонда Сағд Асғадты өз кепілдігіне алады. Мұны көрген басқа аустық адамдар оған деген дұшпандықтарынан бас тартады.

Екіншіден, бауырмалдық. Кез келген қоғамда адамдардың арасындағы бауырластық қан, тек арқылы көрініс табады. Алайда Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) осы аталғанды ескере отырып, бауырластықты одан да кең мағынада қолданды. Ол Меккеден қоныс аударып келген муһажирлер мен мәдиналық ансарлар арасында бауырластық орнатты. Алла  тағала бұл туралы Құран кәрімде: «Ақиқатында, иман келтіргендер – бауырлар. Ендеше бауырларыңның араларын жарастырыңдар да, Алладан қорқыңдар, бәлкім, (сонда) рақымға бөленерсіңдер», – деген.

Алла  елшісі (ﷺ) осылайша ислами қоғамның мүшелері арасындағы шынайы бауырмалдықтың негізін қалады. Мысалы, ансарлық Сағд ибн әр-Рабиғ пен муһажирлік Абдур-Рахман ибн Ауфтың бір-біріне бауырмалдық сезімін арттыруда зор еңбек сіңірген. Сондай-ақ пайғамбарымыздың 45 муһажирлік пен 45 ансарлықты татуластырғаны туралы Сира кітаптарында да айтылады.

Үшіншіден, ортақ басқару жүйесін қалыптастырды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдинаға келгенге дейін Мәдинада түрлі діни наным-сенім өкілдері, сонымен қатар, тайпалар мен ұлттардан тұратын еді. Мысалы, арабтардың аус, хазраж, Меккеден көшіп келген құрайыш тайпалары және Мәдинаның сыртында өмір сүретін көшпенді араб тайпалары мен яһудилердің бәну қайнуқағ, бәну надир және бәну қурайза тайпалары өмір сүрді.

Бұлардың арасында егін, мал шаруашылығымен, қолөнер және сауда-саттықпен айналысатын түрлі кәсіп иелері өмір сүрді. Олардың қоғамдағы орындары, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері әр түрлі болды. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) ең алдымен, осындай түрлі әлеуметтік жіктерден тұратын қоғамда «Мәдина келісімшарты» деп аталған келісімшартқа қол жеткізді.  Аталған келісімшарттың толық нұсқасын имам әл-Бәйһақи риуаят еткен.

Төртіншіден, қоршаған орта тазалығы. Меккелік арабтарға Мәдина қаласының ауа-райы қолайсыз болды. Ол кезде Мәдина қаласы оба және басқа да аурулар кең тараған болатын. Имам әл-Бұхари Айша анамыздан риуаят еткен хадисте Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) көшіп келген уақытта Мәдина қаласында ағын судың түрі өзгерген, сасық болғандығы айтылған. Алла  елшісі (ﷺ) осы ағын суды тазартуды да қолға алады. Тұрып қалған жерлерін ашып, оған қоқыстың тасталмауын қадағалады. Осылайша Бутхан деп аталатын арық мөп-мөлдір таза қалыпқа енеді.

Пайғамбарымыз (ﷺ) тазалыққа, қоршаған ортаны ластамауға аса мән берген. Оған пайғамбарымыздың (ﷺ) тазалыққа қатысты айтқан көптеген хадистері дәлел. Айталық, мәуелі жеміс түбінде және суда дәрет сындыруға тыйым салған. Аталған әдеп бүгінгі таңда да өзектілігін жоя қойған жоқ.  Алла  елшісі (ﷺ) бұлақ көзін ашуды және сол арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді назарда ұстайды. Осылайша Мәдина қаласындағы жұқпалы аурулар кетіп, адамдардың денсаулығы жақсарады.

Бесіншіден, білім алу. Пайғамбар (ﷺ) заманында арабтардың басым көбі сауатсыз, надан болатын. Сол себепті Мұхаммед (ﷺ) ең алдымен, халықты  сауаттандыру ісін қолға алады. Айталық, Мусғаб ибн Умайр Мәдина қаласындағы ең алғашқы Құран үйретуші адам болды. Мәдина қаласы үлкейіп, онда тоғыз мешіт салынады. Осы мешіттердің барлығында тәлім беру, дәрістер жүргізу жолға қойылады. Сөйтіп, сан ғасырлар өтсе де, мінін жоймаған пайғамбар сүннеті, шариғат салты, ислам қоғамының іргесі қаланды. 

Рашид Мұхитдинов
дінтанушы 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Құран кәрім.
2. Сахих әл-Бұхари.
3. Сунән әл-Бәйһақи.
4. Сунан Ибн Мәжәһ.
5. Сунән әд-Дәрими.
6. Мұхаммед Сағид Рамадан әл-Бути. Фиқһ әс-сира. Бейрут: Дәр әс-Сәләм. 2012 ж.
7. Маруан Шейх әл-Ард. Әс-Сира ән-набауия, әл-усус әд-дағауия уа әл-хадария. Дамаск: Әл-Матбаға әт-тағауния. 2003.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру